"22 қазанда Атырау қаласында жасырын той жасаған екі дерек анықталды. Индер ауданында осындай екі дерек тіркеліпті. Соңғы үш күнде, яғни 20-22 қазанда жүргізілген рейд кезінде 2273 нысан тексерілді.
Ал, 11 шілдеден бүгінге дейін тұрғындар 70 отбасылық шара жасырын өткізген. Атырау облысында санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын мониторингтік топ таратқан ақпаратқа сәйкес, той, садақа өткізуден алғашқы үштікті Атырау қаласы, Жылыой мен Қызылқоға ауданы бастап тұр", деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.
Рейд кезінде 75 кафе, мейрамхана сынды қоғамдық тамақтану орындарының шектеу шараларын елемей, жұмыс істегені белгілі болды. Оның 67-сі Атырау қаласында, бесеуі Жылыой ауданында тіркеліп отыр. Ал 102 азық-түлік дүкенінде бекітілген уақыттан кейін де тұтынушыларға сауда жасалғаны анықталды.