Пікір • 26 Қазан, 2020

Ұлт тарихындағы ұлы тұлға

958 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлт тарихындағы ұлы тұлға Абай бабамыз туралы Елбасының «Абай аманаты» атты маңызы терең мақаласын үлкен тебі­реніспен оқыдым. Туынды Тұңғыш Президентіміздің Абайды алғаш таны­ған кезінен басталып, ұлы ойшылдың өсиет сөздерімен өрілген. Мақаланы оқу арқылы Елбасы өміріне, оның ішінде ел басқарудағы іс-әрекетіне ақынның ғибрат­тары қаншалықты әсер еткенін біле түстім.

Ұлт тарихындағы ұлы тұлға

Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көш­бас­шы­сына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды» – дей келе «Менің Абайды тануым әуелде неден басталды?» деген сауалға ден қойғанда, әлбетте ұлы ақынның сөздері бесік тербеген әлдимен бірге құлаққа сіңді десем, асыра айтқандық бола қоймас. Рас, өлең сөзге жүйрік, ел әдебиетіне қанық әжем Мырзабала мен анам Әлжан кішкентай күнімде тіні үзілмеген дәстүрлі тәрбие аясында халқымыздың ертегі, аңыз, қиссаларын жадыма барынша сіңірді. Бұл Абай әлеміне апаратын жолдың бастауы болатын.

Ал келешегіме бәйек боп жүрген қайран шешем мені тоғызыншы сынып бітірген соң Қаскелеңге өз қолымен жетектеп апарып, Абай атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығынан аттатқанда, алдымнан мүлде басқа әлемнің есігі ашылды. Ұлы ақынның есімін иеленген оқу ордасының шәкірті болудың өзі – бір жағынан мақтаныш, екінші жағынан жауапкершілік екенін ұқтым» деген мақала жолдарына мән беріңіздерші.

Ғасырлар бойы бодандық бұғауында бұлқынған Қазақ елі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің құндақта жатқанда құлағына әлди болып сіңген Абай тағылымы одан кейінгі қалыптасу, өсу, кемелдену, кезеңінің барлығында тағылымды темірқазық болғанын байқаймыз.

Сонау тоқсаныншы жылдар, экономикалық қиын кездер, ел басқарудың түрлі сын сағаттарында таңғажайып табандылығы мен көреген көш­бас­шылық болмысымен ерекшеленген біздің Елбасымыз зор қайраткер. Бұл көз көрген шындық.

Нұрсұлтан Әбішұлы туралы АҚШ конгресмені Крис Кэннон: «Мен жас Қазақстанның дамуын үлкен ықылас қоя қадағалап жүрмін, 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағынан тәуелсіздік алған сәтінен бастап, бұл ел таңғаларлық саяси және экономикалық жаңғыруларды басынан кешірді. Қазақстан қарыштап алға басып келеді әрі дұрыс бағытта келе жатыр. Қазақстан қалыптасты, бұған оның басшысы Н.Назарбаевтың сіңірген еңбегі үлкен. Мен Қазақстан табыстарының сәулетшісі Президент Н.Назарбаевтың саяси көрегендігін жоғары бағалаймын, ол айтылып жатқан сындарға қарамастан, елін қуатты экономикалық мемлекеттердің қатарына қосып, бұрынғыдан да ауқымды саяси реформалар жасауға кірісті» дейді. Керемет айтылған. Елбасымыздың ерен еңбегі осы бірнеше жолда тамаша көрініс тапқан.

Осындай бағыттағы көптеген даңқты қай­раткерлердің жүздеген пікірлерін келтіре беруге болады.

Дөңгелек дүниенің алғыр ойлыларын таңғал­дыр­ған тұлғаның күрмеуі қиын мәселелер мен күр­делі шешімдерді қабылдар тұсында ұлы Абай бабамыздың ұлағатына мойынсұнып, дала даныш­па­нының ақылына тоқтам жасайтыны маған кей сәттерде ұлылар арасында терең байланыс, үлкен үндестік бардай көрінеді.

Құнанбай қажының артық туған ұрпағы Абай қазақтың ар-ожданы, қайрат-жігері, биік парасаты.

Менмін деген әр қазақтың Абайды оқу басты міндеті деп ойлаймын. Ұлы кемеңгердің жазғанын көз жүгіртіп өткендер өте көп, ал түсініп оқу, түйсініп оқу, сезініп оқу деңгейіне көтерілгендер санаулы десем ешкім талас тудырмас. Себебі Абайды түсініп, ол нұсқаған тағылымды басшылыққа алып өмір сүру екінің біріне бұйыра бермейтіні тағы да шындық.

Мен ұлы хакім туралы Елбасы толғауын оқып отырып ғұлама рухымен үндескен тұлғаны таныдым.

Абай тағылымы терең мұхит, түпсіз шексіздік. Кемеңгер хакімнің еңбегін әлі де мыңдаған жыл бойы жүздеген ұрпақ игілігіне жарата бермек. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күнгі тірлігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет пен алдағы болашақ талабына лайық ұмтылыстарымыздан және игі істерімізден нақты көрініс табатынына кәміл сенемін» дейді.

Тарих қатпарынан сыр тартып, рух салтанатынан ой сабақтап, өткен мен бүгінді қамтып, сындарлы жолға нұсқа болған бұл толғамның өзектілігі мен өміршеңдігі айқын. Ел басқару ісіндегі ілкімді дүниелер турасында тебіреніс пен толғаныста отырып жазылған маңызды мақаланың дана Абайды танудағы тағы бір толымды еңбек екені анық.

 «Абай аманаты» Қазақстан азаматтарына, жаңа биіктіктерге ұмтылуға негіз беретін, кемел келешекке жетелейтін тарихи құжат. Елбасының бұл еңбегін ұлылықпен үндесе отырып кемеңгер хакіммен терең сырласып ел тағдыры, жарқын болашақ бағытындағы тебірене толғану деп түйіндеймін.

 

Абай ТАСБОЛАТОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты