Әлем • 26 Қазан, 2020

Қазақстан жаһандық UN75 науқанына қосылды

143 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұйымның 75 жылдық мерейтойына орай Біріккен Ұлттар Ұйымы күніне арналған "БҰҰ75: Ортақ мақсат – ортақ болашақ" атты мерекелік онлайн-шара өтті.

Қазақстан жаһандық UN75 науқанына қосылды

Іс-шараға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Ақмарал Арыстанбекова және басқа да көптеген дипломатиялық корпустың, азаматтық және іскер қоғамдастықтардың, БАҚ пен мәдениет өкілдері қатысты

БҰҰ өзінің 75 жылдық мерейтойын ауыр экономикалық және әлеуметтік зардаптары бар, бұрын-соңды болып көрмеген жаһандық күйзеліс кезінде атап өтуде. БҰҰ күні Ұйым қызметі мен жетістіктерін белгілі бір түрде қорытындылау және әлем назарын Ұйымның жоғары миссиясына аудару мақсатында дүниежүзінде кездесулер, дөңгелек үстелдер мен көрмелер өткізіледі.

Қазақстан UN75 жаһандық сауалнамасының ең белсенді қатысушыларының біріне айналды. Сауалнамаға 35 мыңнан астам қазақстандық қатысып, респонденттердің көпшілігі халықаралық ынтымақтастықты нығайту, денсаулық сақтау саласы, көші-қон және климаттың өзгеруіне назар аудару керектігін атап өтті.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісінің міндетін атқарушы Якуп Бериш ұйымның еліміздегі жұмысына тоқталды.

"БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі жұмыс істей бастағаннан бері Ұйымның Елдік тобы тұрақты даму мақсаттарына жету үшін Қазақстан халқы мен үкіметіне айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді. Осыған байланысты біз БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі ынтымақтастықтың жаңа Шеңберлік бағдарламасына ұлттық серіктестіктердің басым күштерін шоғырландыру және ресурстарды жұмылдыру арқылы, соның ішінде, Үкімет, азаматтық қоғам, ғылыми қауымдастықтар, жеке сектор, бұқаралық ақпарат құралдары, халықаралық қоғамдастық және Ұйымның өзі қатысатын 2030 жылғы күн тәртібін іске асыру міндетін әрі қарай жүзеге асырудың тетігі ретінде қарастырамыз", деп атап өтті Якуп Бериш.

Тікелей эфир кезінде іс-шара қатысушылары БҰҰ-ның 75 жылдығына арналған бейнеклиптің тұсаукесерін тамашалады. Белгілі музыкант, Нұр-Сұлтан қаласы филармониясының симфониялық оркестрінің дирижері Ернар Нұртазин "Назқоңыр" және "Балбырауын" шығармаларын орындады.

Сонымен қатар UN75 жаһандық науқанының аясында әлем бойынша 200-ден астам ғимарат, бағдарлар мен көпірлер көк түске боялады. Халықаралық науқанға Қазақстан да қосылды. 23-24 қазан аралығында Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары тұрғындары мен қонақтары "Бәйтерек" монументі, "Қазақстан темір жолы" ғимараты және "Қазақстан" қонақ үйі секілді көрікті жерлердің БҰҰ-ның көк түсіне боялғанын тамашалады.