19 Қараша, 2013

«Астана арландары» маусымды жеңіспен бастады

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүкіләлемдік бокс сериясының өткен маусымдағы чемпионы Astana Arlans командасы жаңа чемпионаттың бірінші кездесуін 15 қараша күні Алматыда Baku Fires командасымен өткізіп, 4:1 есебімен жеңіске жетті.

 

Бүкіләлемдік бокс сериясының өткен маусымдағы чемпионы Astana Arlans командасы жаңа чемпионаттың бірінші кездесуін 15 қараша күні Алматыда Baku Fires командасымен өткізіп, 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Кездесу астаналықтардың жеңі­лісінен басталды. Онда Әнуар Мұзарапов Әзербайжан құрама­сындағы ресейлік легионер Хамза Наметовке жол беріп алды. Содан кейін Бағдат Әлімбеков қарсыласы – тағы бір легионер Магомед Гурбановты ұтып, есепті теңестірді. Сосын Асхат Уәлиханов бакулік Осман Әлиевті тізе бүкті­ріп, команданы алға шығарды.Содан кейін қазақстандықтар сапын­дағы украиналық легионер Сер­гей Деревянченко қонақтар құра­мын­дағы беларусь Николай Веселовті нокаутқа түсірді. Ал матчтағы соңғы нүктені біздің Василий Левит қойды. Ол Абдулкадыр Абдуллаевты талассыз жеңді.

Astana Arlans келесі кездесуін 23 қарашада Мәскеуде Russian Boxing ұжымына қарсы өткізеді. Бұрнағы күні бұл матчқа шығатын боксшылардың да есімдері белгілі болды. «Арландардың» бас жаттықтырушысы Сергей Кор­чинс­кийдің айтуынша, Ресей аста­на­сында команда намысын қорғай­тын бес боксшының арасында Олжас Сәттібаев (52 кг), Са­мат Бәшенов (60 кг), Мейірім Нұр­сұлтанов (69 кг), Данабек Сужанов (81 кг) және хорват легионері Филип Хргович (+91 кг) бар.

Ресейліктер біздің бес боксшыға әлемнің 2011 және 2013 жылдарғы чемпионы Миша Алоян (52 кг), Адлан Абдурашидов (60 кг), Александр Иванов (69 кг), Дмитрий Бивол (81 кг) және Сергей Кузьмин (+91 кг) құрамындағы командасын қарсы қойғалы отыр.

Астана командасы осы жолы үш бірдей дебютантты – Ол­жас Сәттібаевты, Мейірім Нұрсұл­тановты және Данабек Сужановты рингке шығарады.

Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.

Соңғы жаңалықтар