
Осыдан бір жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан бақылаушы-мемлекет статусын алған Палестина, енді, міне, аталған ұйымның Бас Ассамблеясы құрамында дауыс беру құқығына ие болды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Халықаралық трибуналда бұрынғы Югославияның үстінен қаралып жатқан бір іске байланысты дауыс беруге Палестина да қатыстырылды. Бұл – Палестина үшін өте маңызды тарихи оқиға болды. Өйткені, Палестина өзінің тарихында алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы сапында дауыс беруге мүмкіндік алды.
Бас Ассамблеяның үлкен залында отырған 193 елдің өкілдері палестиналықтардың бұл жетістігіне қолдау білдіріп, ұзақ қол шапалақтады.
Палестинаның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты бақылаушы-өкілі Рияд Мансұр Бас Ассамблея төрінде тұрып: «Бұл біздің бостандыққа, тәуелсіздікке, сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымына толыққанды мүше болуға ұмтылған маңызды қадамымыз», – деді.
Алайда, Рияд Мансұрдың сөзі, Палестинаның дауыс беру құқына ие болуы израильдіктерді қуанта қоймады. Өйткені, Израильдің Палестинаны мемлекет ретінде мойындамай келе жатқаны белгілі.
Бас Ассамблея жиынынан соң журналистер қоршауында қалған Рияд Мансұр дауыс беру рәсімі сәтті өткенін, палестина халқына ыстық ықылас білдірілгенін айтты.
Палестина бақылаушы-мемлекет статусын 2012 жылдың 29 қарашасында алған болатын. Дегенмен, бұл статус Палестинаға көп мүмкіндіктер бере қоймаған... Ал Халықаралық трибуналда қаралған мәселелерге байланысты дауыс беру құқына ие болу үшін алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымына, оның Қауіпсіздік кеңесіне толыққанды мүше болу керек.
Жолдыбай Базар.