19 Қараша, 2013

Қытай билігі «жалғыз бала» саясатынан қауіптене бастады

556 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

19-11-13-Kitai-1

Қытай Коммунистік партиясының үшінші жабық пленумында соңғы 30 жыл бойы қолданыста болып келген «Бір отбасына – бір бала» саясаты қайта қаралды. Бұл туралы NTD телеарнасы хабарлады.

Енді алдағы уақытта қытайлық ерлі-зайыптылардың біреуі өзі шыққан отбасының жалғыз перзенті болса, онда оларға екі бала дүниеге әкелуге рұқсат берілетін көрінеді.

Қытайда «жалғыз бала» саясаты 1980 жылдан бері жүргізіліп келеді. Содан бері  бұл елде миллиондаған әйел бала көтермеудің, оны дүниеге әкелмеудің түрлі жолдарына жүгінген.

«Жалғыз бала» саясаты үшін  Қытай билігі өз халқы тарапынан талай-талай сын-ескертпелер естіді. Көптеген құқық қорғаушылар «жалғыз бала» саясаты арқылы Қытайда адам, оның ішінде ана мен бала құқығы бұзылып отырғанын айтумен келеді. Тіпті, бұл саясатты қылмысқа балағандар да табылды. Жалпы, көптеген қытайлықтар «жалғыз бала» саясатын мүлде тоқтату керек деп есептейді.

«Қытай әйелдерінің құқығы» ұйымын құрушы Чжан Цзин деген қытай әйелі: «Нәрестенің туылуға қақы бар, оған дүниеге келу құқығын компартия емес, Құдай береді. Сәбилердің өмірге келу-келмеуіне партияның араласпауы керек. Компартия көп жылдан бері осылайша адам құқығын аяқ асты етіп келеді», – депті.

Мамандардың айтуына қарағанда, Қытайда тұрғындардың тығыз орналасуы ешқандай мәселе тудырып отырмаған көрінеді. Мұнда тек халықты дұрыс орналастыра білмегендіктен туындаған түйткілдер бар. Сондықтан, Қытай үшін тұрғындарды дұрыс жайғастыра алатын саясат керек.

Бүгінде Қытай билігінің «жалғыз бала» саясатына қатысты «жұмсарған көңіліне» қарап көптеген құқық қорғаушылар ел билігі адам құқығына құрметпен қарай бастады деген ой түюде. Дегенмен, Қытай билігі өзі түзген  «жалғыз бала» саясатын адам құқығын қорғау үшін емес, экономикалық себептерге байланысты өзгерте бастағанын түсінгеніміз жөн. Өйткені, бүгінде Қытай халқы «қартайып барады». Соның салдарынан алдағы уақытта Қытайда жұмыс күшінің тапшылығы байқалуы мүмкін. Егер еңбекке жарамды топ азайып кетсе, экономикалық тұрғыда даму болмайтынын қытайлық атқа мінерлер жақсы түсініп отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі бойынша 2030 жылға дейін Қытайда 67 миллионға жуық жұмыс қолы азаяды екен.

Қазірден бастап Қытай ішкі демографиялық жағдайына мұқият болмаса, бұл салада тепе-теңдік ұстамаса, күрделі мәселелермен бетпе-бет келуі әбден мүмкін.

Жолдыбай Базар.

 

 

Соңғы жаңалықтар