Руханият • 27 Қазан, 2020

Рамазан Стамғазиев: «ХІХ ғасырдағы ән қорымызды әлі игеріп болған жоқпыз»

779 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Ата-бабамыз «Жер жәннаты – Жетісу» деп асқақтатқан киелі мекен, қасиетті топырақта дүниеге келіп, бала жастан халық әндерімен сусындап өскен, бүгінде халқымыздың ән өнерінің насихатшысы болып жүрген, Әлихан Бөкейханов атындағы алтын медальдің иегері, Ә.Қашаубаев атындағы әншілер байқауының жеңімпазы Рамазан Стамғазиевтың шығармашылығы жайында сөз еткенде «Бабалар», «Қапездің қоштасуы», «Дариға – дәурен», «Қаракөз», «Қоңыр қаз» сияқты көптеген әндер еске оралады. Қасиетті қара домбырамен бабалар үнін жаңғырта білген әйгілі әншінің кәсіби шеберлігі тыңдарманын сүйсіндірмей қоймайды. Қазақ өнерінің дүлдүлдерінен алған білімін шәкірттеріне үйретіп, болашақ сахна саңлақтарын тәрбиелеп жүрген өнер иесімен әншілік дәстүрдің бүгінгі беталысы турасында әңгімелескен едік.

Рамазан Стамғазиев: «ХІХ ғасырдағы ән қорымызды әлі игеріп болған жоқпыз»

– Рамазан аға, қазақ халқы үшін киелі өнер – дәстүрлі ән­­шілік орындаушылық мек­теп­тің қа­зіргі бет алысы қандай?

– Бүгінде дәстүрлі орындау­шылық ән мектептерінің дамуында жақсы үрдістер байқалады. Жыл сайын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Қазақ ұлттық өнер университетімен қа­тар республикалық, облыстық дарынды балаларға арналған музыкалық оқу орындарын тә­мамдап жатқан түлектердің санына, сонымен қа­тар республика көлемінде бай­қауларға қатысуға ықылас біл­дірушілердің көптігіне қарап жақ­сы нәти­же­лерді көруге болады. Осы орай­да «Қамшы» порталының ұйым­дастыруымен өтіп жатқан «Қазақ дауысы» байқауын атап кетуді жөн көріп отырмын. Бай­қауға қатысып жатқан сексенге жуық өнерпаздың ішінде сонау Жапония, Монғолиядан қаты­сып жатқан, сондай-ақ қытайлық өнерпаздардың арфа аспабымен орындауындағы қазақ ән­де­рін тыңдай отырып, осы дең­гей­ге қарағанда, қазақ өнері өл­мей­ді дегім келеді. Десек те, тү­лек­­­­тердің оқу бітіргеннен ке­йін­гі болашағы бұлыңғыр. Осы ба­ғытта мемлекеттік жастар сая­сатын жетілдіру, оқу жүйесін бір қалыпқа келтіру сияқты кө­кей­­кесті мәселелерді шешудің бір­­ден-бір жолы облыс, аудан кө­лемінде мәдениет, өнер ошақ­тарын қайта жандандыру мен концерттік бірлестіктерді дамыту мәселесіне көңіл бөлу қажет-ақ. Ал тыңдарманын тәнті етпей қоймайтын Жетісу, Арқа, Маң­ғыстау, Батыс, Алтай-Тарбағатай өңірлеріндегі әншілік-жыршылық мектептердің жетістігі өз алдына бір бөлек. Олардың репертуар­лары ХІХ, ХХ ғасыр, кейінгі заман композиторларының шы­ғар­маларына өте бай.

– Қазақтың музыкалық мұ­расы, оның ішінде дәстүрлі ән орындаушылық өнеріміздің зерт­­телуі кенже қалып келеді. Әлі де шығармашылық мұра­сы толық ашылмаған халық ақын­­­дары мен композиторлары бар. Ғылыми жұмысыңызға арқау еткен Жетісу өлкесіндегі әншілік мектеп өкілдерінің өмі­­ріне қа­тысты деректердің көп­шілігін ел арасынан жазып алған екенсіз. Алайда ұлт мұ­расын жадына түйген шежі­ре­ші­лер қатары сиреп барады-ау...

– Қазақтың көне әндерінің, әсіресе халықтық әуендердің мол қоры осы Жетісу өлкесінде сақ­талған. Ғылыми жұмысыма арқау болған Жетісу өлкесіндегі әншілік өнер өкілдерінің қатарында жас­тайынан ән салып, суырыпсал­ма ақындығымен, танылған Са­ды­­қожа Мошанұлымен қатар ке­шегі кеңестік ұжымдастыру жыл­дарында «халық жауы» деп жа­ла жабылып, бала жастан көзі көрмей соқыр ақын атанған Ырыс­келді Сауданұлы сияқты ха­лық ақыны және де арғы атасынан ақын болған, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Көдек Байшығанұлының есімі ата­лады. Бұл қатарда 1937 жылы қу­ғынға ұшырап, 1939 жыл­да­ры Коми АКСР-інің Ухта қала­сын­да атылып кеткен Қапез Бай­ға­быловтай композитордың шығармашылығы туралы да деректер бар. Кезінде Ыстанбұл медресесінен білім алған Қапез әншілікпен қатар ағартушылық бағытта Жетісу өңірінде бірнеше мектеп ашып, сауаттандыру ісімен айналысқаны белгілі. Жалпы, Қа­пез жайындағы ең алғашқы материалдар Жетісу өлкесінің ән­шілік-жыршылық мектебін зерттеп жүрген өнертанушы-ғалым С.Медеубекұлының еңбектерінде көп айтылады. Патшалық Ресей­дің отаршылдық саясатына қар­сы шы­ғып, елі мен жері үшін кү­ресіп, он екі жылға ит жеккен­ге айдалып кеткен Шалтабай ақын­ның шығармашылығы жа­йын­дағы деректер де осы ғы­лы­ми із­деніс­теріме негіз болды. Ал жа­сынан әнші атанған әрі суы­рып­салма ақындығымен де, жыршылығымен де халық жа­дында қалған, аз ғұ­мыр сүр­се де, соңында өшпес мұра қал­дырған талант иесі Са­ды­қожаның шығармашылығы жа­йындағы мә­ліметтерді тікелей ұрпағы, фи­лология ғылымының докто­ры, профессор Құныпия Ал­пыс­баевтың айтуымен жазып ал­дым. Ол кісі шекара ашылып, қан­­дастар елге оралған кезде ақын­ның туыстарынан ән мә­тін­ін жазып алып, әуендік құ­ры­лымдарын үйренген екен. Сол жыл­дарда елге оралған Ха­лық әртісі Дәнеш Рақышев те Сады­қо­жаның әндерін ала келгені белгілі. Садықожа әндерін алғаш бір кісі­дей үйренгендердің бірегейі – еліміздің білім беру ісінің үздігі, ардагер Молдасан Шәпиұлы. Ол кісінің халық әндері мен жырлары хақындағы шежірелері өз алдына бір төбе. Сонымен қатар Жетісудың әншілік мектебінің өкілі, Мәдениет қайраткері, күміс көмей әнші Жақсылық Мырқаев Садықожа әндерін орындап, рес­публикалық байқауда орын алған ең алғашқы орындаушы. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демей ме. Әлі де шығармашылығы толығымен зерттеле қоймаған ха­лық ақындары бар. Мысалы, Шар­ғын Алғазыұлы, Күләй ақынның шығармашылығына қатысты де­рек­тер енді-енді жарыққа шыға бастады. Халық ақындары жа­йын­дағы мәліметтер, әндер ха­лық­тық дәстүрмен тамырлас болған­дықтан, ел жадына терең ұялап, жатталып қалған.

– Өнертанушылар дәстүрлі әншілік өнер үлгілерінің ше­тел қазақтарында көп сақтал­ған­дығын айтады. Шетелден ән жи­нау бағыты қаншалықты жол­ға қойылған?

– Кейінгі жылдарда Қытай, ­Моң­ғолия қазақтарының архи­ві­нен көп әндер алынды. Десек те, қазіргі жағ­дайға байланысты шетел­ге барып ән жазып ала ал­май­мыз. Керісінше, елге келген ағайын­дардан естіп қалған әндерді жазып алуға тырысамыз. Осы орайда ән архивіміз шетінен таңдап жүріп шырқауға болатын жауһарларға толы екенін естен шығармауымыз керек. Қазіргі кезде екі-үш мың ән қорымыз бар десек те, әлі күнге ХІХ ғасырда шыққан әндердің өзін орындап үлгермей жүрміз. Бүгінде қа­зақ композиторларының салған сара жолы сайрап жатыр. Ал олар­дың шығармашылығын игеру үшін жылдар қажет әрі осынау құнды мұраларымызды игеруге кейде өреміз, кейде дауыс ауқымы, тіптен техникалық мүм­кін­дігіміз жетпей жатады. Ал Затаевичтің 1000 әнінің өзі неге тұрады. Осы әндер домбыраның бұрауына қарай ыңғайластырып ізденуді қажет етеді. Ал жақында өнер зерттеуші-ғалымдар Мұрат және Талғат Әбуғазының құрас­тыруымен жарыққа шыққан «Алтай–Тарбағатай» жинағы­ның ән қорымызды толықтырудағы ерекше басылым екенін айта кет­кім келеді. Бұл жинаққа ғы­лыми тұрғыда сарапталып, сүзгі­ден өт­­кен Еркін Шүкіманов, Нұр­жан Жанпейісов, Бағлан Бәбі­жан, Ардақ Балажанова, Тілеу­лес Құрманғалиев, Шолпан Дар­жа­нова сияқты көптеген әншілері­міз­дің, сонымен бірге Қытай қазақ­тарының архивінен алынған әрі орындаған алпысқа жуық әндері енді.

– Қазақтың дәстүрлі әнші­лік мектебінің тарихы тереңге ке­теді. Ж.Елебеков атындағы эстра­­да-цирк колледжінің өзі­нен қан­шама мамандар білім алып, салада жемісті еңбек етіп жүр. Сіз білім алған жылдар несімен ерекшеленетін еді?

– Алғаш білім алған Ж.Еле­беков атындағы эстрада-цирк кол­леджінен елімізге танымал мық­ты деген сахна саңлақтары шық­қаны белгілі. Мен өткен мектеп қазақ дәстүрлі әншілік өнерінің дүлдүлдері Жәнібек Кәрменов, Қай­рат Байбосынов, Қанат Омар­баевтың есімімен тығыз байланысты. Ұстаздарым екі жылдың ішінде түлектерін дайын әртіс етіп шығарды. Бұл кәсіби сахнаның баспалдағы іспетті. Дауыс қою­дың ерекшеліктерін Қанат Омар­баев ұстазымыз қадағалап отыратын. Актерлік шеберлікті Қа­­­зақ­станның еңбек сіңірген әр­­тісі Меруерт Өтекешовадан мең­­гер­дім. Этюдтар жасатып, көр­ген-білгеніңді көрсету арқылы шыңдау әдісі ауылдан келген ұяң балалардың ашылып, актерлік шеберлік пен сахна тілін жоғары деңгейде меңгеруіне ықпал етті. Педагогикалық қырларымен ерек­шеленетін ұстаздарымыздың Қали Байжанов, Байғабыл Жылқыбаев, Қосымжан Бабақов, Кенен Әзір­баев, Жүсіпбек Елебековтің домбыра ойнау, ән шақыру мәнерін түсіндірудегі оқыту шеберлігіне әлі күнге тәнтіміз. Шертпе күйдің шебері, Халық әртісі, ұстазым Мағауия Хамзиннің күй тарту ше­берлігінің өзі қандай еді. Осы­лайша кәсіби мамандар біз сияқты талай өнерпазды дыбыстың өмір сүру мәнеріне баулыды.

– Ал сахна мәдениетін үйре­туде Нұрғали Нүсіпжановтан асқан ұстазым жоқ дейсіз...

– Ол рас. Нұрғали ағадан сахна мәдениетін үйрендім. 1989 жылы «Қазақконцерт» бірлестігінде «Жа­­зира» ансамблінің жеке әншісі болып орналастым. Сол жылдары ең алғаш Алматыда Наурыз тойлана бастаған кезде кішігірім сахнаға шықтық. Алматының кон­церттері тәжірибе алаңымызға айналды. Сахна киесін танып, көрерменмен табыстық. Осы­лай­ша екі жыл ішінде қазақтың екі жүзге тарта халық әнін қан­жығамызға байлап алдық. Бұл біздің ұстаздарымыздың талап­шылдығы мен біліктілігінің ар­қа­сы. Іссапарларға шығатын кез­­де баратын өңір, сондағы та­­­­ны­­­мал тұлғалар жайында ақ­па­рат жинап, сол өлкеден шық­қан композиторлардың әндерін үйренуге тырысатынбыз. Ал Нұр­ғали аға көрермен сұранысына қарай жұмыс істеуге баулыды. Сах­на мәдениетін, киім кию үл­­гі­­лерін үйретті. Көрермен қол соғып, қайталай ән сұраған сәт­терде қуанышын жасырмай, «Ба­уырың жазылып келеді, аш­ты те­рің шықты» деп дем бе­ріп оты­ратын. Кейбір аудандар мен ауыл­дарда жарық сөніп қал­ған сәттерде сағаттап сахнада ән шыр­қағандығымыз кәсіби тұрғыдан шыңдай түсті.

– Дегенмен домбыраның әліп­­­песін ауылдан меңгеріп кел­­діңіз емес пе. Қара домбыра­ны әке­ңізден үйренгеніңізді өне­рі­ңізге тәнті жандар жақсы біледі.

– Балалық пайыммен қараған­да, ол кезде әкем Өмірәлі сұң­ғыла күйші болатын. Кейін қа­рап отырсам, әуесқой, жан дү­ние­сімен осы өнерді жақсы көргендіктен де домбырасын дың­ғырлатып, қолынан тастамай­ды екен ғой. Тізесіне отырып, домбыра қағысына қызығып, бір елі қасынан алыстамауға тырысатын едік. Күйшілердің ке-­­
р­е­­меттігі осы шығар деп те там­сандық. Барлығымыз дерлік ас­папқа машықтана бастағанда сау­сақтарын мертіктіріп алған әкем домбыра ұстауды қойды. Әкем өмір бақи шопыр болған. Ол кезде директордың көлігін жүргізудің өзі бір мәртебе еді ғой. Кейіннен совхозда істеді. Өмірінің соңына дейін жайлаудан ауылға қымыз, сүт тасыды. Сонда қызығып, көлігін сұрағанымда «Қолың қатып кетеді» деп бермей қоятын. Кейіннен әскерге барғанда танктің рөліне отырдым. Әкеме «Көлігіңді бермеуші едің, енді қара темірге түстім» деп хат жаздым. Баласының болашағы өнерде деп таныған болуы керек, әкем іле-шала әскерге домбыра салып жіберіпті. Сол қоңыр домбыраның үнін тыңдаған талай қазақ баласының сағыныштан жанарына жас үйірген күндер әлі күнге естен кетпейді.

– Сұхбаттарыңызда ауы­лы­ңыз­ды асыра мақтап жатасыз. Бұл өлке несімен ерекшеленетін еді?

– Орталығы – Шырғанақ, отыз түтінді Көкпияз ауылы қазыналы қариялардың мекені. Арғы аталарымыз – атақты Бейсенбай ақса­қал мен Қапез Байғабылов болған. Бейсенбай атамыз жайындағы және көптеген шежірелерді ке­зінде екі мәрте Еңбек Ері болған Жол­сейіт Молдасанов әкемізден жиі еститін едім. Бейсенбай ата­мыз ел ішін көп аралаған әңгі­мешіл адам болған екен. Атын өзгеге ерттетпейтін, киімі, жүріс-тұрысына ұқыпты, өте кірпияз кісі болған деседі. Әулетімізде осы атамыздан дарыған көп дү­ние бар-ау деп те топшылаймын. Әжем Әйімханның қасынан бір елі қалмай жүріп, талай шежірені құлағымыз шалды. Ал өз туған шешем Ұлдахан да өнерден құры алақан емес-ті. Хан Тәңірі баурайында туып-өскен, ақиық ақын Мұқағалиға жақындығы бар анам да отырған жерінде суырып салып, өлеңдетіп отыратын. Біздің ауыл балалары ойын қуғаннан гөрі, көп уақытын ауылымыздың данагөй қарттарының ортасында өткізді. Ауылымыз бен орталық арасын үш шақырым жалғап жатады. Көлік күтіп, жиналатын жеріміз қара радио ілінген бағананың маңы. Осы қара радиодан ауыл еңбеккерлеріне арналған түскі демалыс концертте Жүсіпбек, Манарбек, Қайрат, Дәнеш, Мәдениет, Жәнібек аға­ларымыз саз сиқырына толы әуезді әндерін шырқағанда, армандап кетуші едік. Алматы облыстық филармониясының әншісі бол­ған жерлесіміз Темірболат (Бө­кеш) Қалиев Қазақ радиосынан «Жезкиік», «Бекзатым-айды» шыр­­қағанда тамсана кетеміз. Об­­лыстық филармонияның ән­шісі, Мәдениет қайраткері Орал­бай Мұхамедиев те мен өскен өлкенің тумасы. Ал Қалибектің дауысы қандай еді десеңізші? Ол аудандық сахналарда алпыс адамның алдында хорда ән са­латын. Өкінішке қарай, ол өнер іздеп, ауылдан алысқа шы­ға алмады. Ауылымызда көркем­өнер­паздарды ұйымдастырып жү­ретін Нұрәлім аға жасына қарай ересектері, жас­тары бар барлығын оркестрге қо­сатын. Бұл ауыл балалары үшін үлкен тәрбие мектебі болды.

– Сонау тоқсаныншы жыл­дар­дың басында қырықтан ас­там елден өнерпаздар қатыс­қан Самарқандағы «Шығыс әуендері» фестивалінде Қазақ­стан­нан барған он бір қатысу­шы ішінен лауреат атанған екенсіз. Одан кейін дәстүрлі әншілік бағытында бұл жүлдені ешкім еншілей қоймапты.

– Біздің кезімізде Әміре Қа­шау­баев атындағы дәстүрлі орын­­даушылардың байқауынан жоғары байқау жоқ еді әрі же­ңімпаз болу өнерпаз үшін үлкен мәртебе са­на­латын. Бұл жүлдені алған өнер­пазға өзгеше көзқарас болды. Осы байқауға үш мәрте қа­ты­сып, жеңімпаз атануым, шы­ғар­­машылығымдағы үлкен же­тістігім болды. Сонымен бірге жүзден жүйрік шығатын әділ сайыс қыз­ған орта «Жігер» фестивалі еді. Ал Самарқанда халықаралық деңгейде өткен байқауға елімізден он бір өнерпаз қатыстық. Үш күнге созылған байқауда алты-жеті өлең айтып, жүлдені қанжығама байлап қайттым. Ал бұл жүлдені ме­нен кейін ешкімнің алмағаны рас. Биыл жыршылық өнер жағы­нан Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, ұстаз Ұлжан Байбо­сынова бірінші орын алып келді.

– Мынау аласапыран кезінде көрерменімен қауышып, тың­дарманын тамсандырмай қой­май­тын дәстүрлі әншілік өнер­дің иесі әрі өнерлі отбасы шы­ғар­машылық жоспарларын қа­лай іске асыруда?

– Мұндай жағдайда қол қу­сырып отыруға болмайтыны бел­гілі. Өнер адамы ретінде жұрт­шылықтың көңіл күйін бір сәтке болса да көтеріп, сабырға шақы­ру мақсатында онлайн режімде ав­торлық концерттерге шықтық. Әлеуметтік желілер арқылы ән­­шілік-өнердің жауһарларын тың­дарманға тарту етіп келеміз. Ал өнер­лі отбасымызға келсем, Ж.Еле­беков атындағы Эстрада-цирк колледжінің эстрада бөлі­мін­де сабақ беретін жұбайым Ұлту Қа­баева өз студенттерінің толық­қанды кәсіби білім алуына атсалысуда. Р.Есімжанова, Ж.Омарова, Б.Іңкәрбекова, З.Есбергенова, та­ғы басқа ғажап дауыстағы әнші­лердің орындауындағы әндерін шәкірттеріне онлайн үйретіп, дә­ріс беріп жүр.

– Өз авторлығыңызбен шық­­­қан «Назқоңыр» хрестома­тия­сы мен «Домбырамен əн айту мек­тебі» оқу құралы өнер мек­­теп­­терінде оқытылып жүр. Бұл оқу­лықтардың мазмұны несі­мен ерекшеленеді?

– Дəулескер күйші Мұрат Əбу­­ғазымен бірлесе құрастырған «Назқоңыр» хрестоматиясына халық əндерін, халық композиторлары əрі кейінгі кезеңдегі композиторлардың əндерін қос­­қанда нотаға түскен 310 əн енді. Хрестоматияда бұрын таныл­маған, Жетісу өлкесінің Хантəңірі айма­ғындағы авторлардың əндері бар. Ал «Домбырамен əн айту мек­тебі» оқу құралында домбыра аспабын меңгеру бес сыныпқа дейін жіктелген. Бұл оқулық домбыра пернелеріндегі ноталық дыбыстар, әнді айту, дәстүрлі әнді бастаудың әліппесі іспетті. Оған Қ.Байжанов, Ж.Елебеков, Б.Жыл­қыбаев, К.Әзірбаев, Қ.Бабақов, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосыновтың ән шырқау және домбыра тарту үлгілері енген. Оны зерттеп шық­қан талапкер болашақта жақсы әнші болып кететіні сөзсіз.

– Сіз өскен шаңырақтан же­ті өнерпаз шыққаны белгілі. Ар­ғы аталарыңыздан дарыған кие ұрпақтарын мамандық таң­­дауда үлкен өнер сүрлеуіне қате­лестірмей салған сияқты.

– «Атасы бардың – батасы бар» демей ме халық даналығы. Өскен ортамыз өнерге жақын бол­ғандықтан болар, домбыра тартуға інім Ерлан да ынталы болды. Чайковский атындағы му­зыка колледжіне түсті. Құр­манғазы атындағы консерваториядан екі мамандық алып, Қай­рат Байбосыновтан әншілікті, Сәдуақас Балмағамбетовтен күй­­шілікті меңгерді. Талды­қор­ған­дағы филармонияда еңбек етіп жүргенде Қазақстанның мә­дениет қайраткері атағын алып, жеке кон­церттерін берді. Кейінгі жылдары Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясын­да «Дәс­түрлі музы­калық өнер кафедрасын­да» са­бақ бе­ріп, көптеген шәкірт да­йында­ды. Алдағы уақытта елу жас­­қа толуына орай Алматыда шы­ғармашылық кон­цертін беруге үлкен дайындықта жүрген еді. Амал қанша, арамыз­дан асығыс аттанып кетті... Ал қарындасым Тамара бауырла­ры оқуға ден қой­­ғанда қара ша­ңырақтың тір­шілігіне бас-көз болып қалды. Одан кейінгі Тол­қын да белгілі күйші Айгүл Үлкен­баеваның класын бітірді. Сан­дуғаш та әншілікті таңдады. Кіші інім де өнерге жа­қын, бүгінде оқытушылықпен айналысып жүр. Қарындасым Индира – дәрігер. Ұлым Олжас – экономист, қызым – Перизат тіл маманы. Өнерлі ортада өскен­діктен болар, жүректерінде ән бар. Немерелерімнің еліктеуі, ән тыңдауына қарап, өнерге жақын болады-ау деп топшылаймын. Ал өнерге деген ықыласын болашақ өзі көрсете жатар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»