Экономика • 27 Қазан, 2020

Бақылауда тұр

213 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында азық-түлік бағасының ретсіз қымбаттап кетпеуі жергілікті биліктің назарында тұр. Облыстық ауылшаруашылық басқармасы мен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қорына мониторинг жасалып, бағаны тұрақтандыру шаралары жүйелі түрде іске асырылып отыр.

Бақылауда тұр

Қала және аудан әкімдіктерінің берген мәліметіне сәйкес, осы күні өңірде 10 мың тонна өнім қоры бар. Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыс бойынша 94,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өсім едәуір артты. Жалпы сомасы 35,4 млрд теңгеге жеткен тамақ өнімдерін өңдеу саласында да көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда біраз ілгерілеген.

Аймақ тұрғындарын азық-түлікпен жеткілікті қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар өнімдер қорына мониторинг жасалып отырады.

Жасалған мониторинг мәліме­тінше, өңірде осы күні 1303,3 тонна бірінші сортты ұн, 385,3 тонна күріш, 114,7 тонна макарон мен 692,1 тонна картоп, 499 тонна пияз, 200 тонна сәбіз, 12,5 тонна өсімдік майы бар. Сиыр және тауық еті, қарақұмық жар­масы, қант, сүт, жұмыртқадан да тап­шылық байқалмайды.

Бұл өнімдер облыс орталығында орналасқан 29 әлеуметтік дүкен, 2 әлеуметтік маркет пен «Оптомаркет Қызылорда», «Аль-Асад», «Ажар», «Мирас», «Анвар» сауда үйлеріндегі әлеуметтік сөрелер арқылы сатылуда. Онда картоп пен сәбіз – 100, нан – 55, қырыққабат – 60, пияз – 70, бірінші сортты ұн – 127, сиыр еті – 1600, тауық еті – 790, ал жұмыртқа – 24 теңгеден сатылуы тиіс. Басқа өнімдердің де ба­ғасы белгіленген.

Бір-екі әлеуметтік дүкенді аралап шықтық. Белгіленген бағадан асырып сатқандарды кездестірмедік, базар нарқынан төмен болғасын мұнда алушы да көп екен. Облыстық бюджеттен тағы осындай 5 әлеуметтік дүкеннің құрылысына қаражат бөлі­ніпті. Облыстық тұрақтандыру қор­ын толтыруға жыл басынан бері жер­гілікті бюджеттен 834,9 млн теңге бө­лініп, оған 4,1 мың тонна өнім сатып алынған.

Сонымен қатар 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мақсатында бекітілген кестеге 26 қыркүйектен бас­тап апта сайын облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәр­меңкесі өткізілуде. Айға жуық уақыт ішінде осы жәрмеңкелерде жалпы құны 399,1 млн теңге болатын 2465 тонна өнім саудаланды.

Бұдан бөлек Қала күні мерекесі аясында облыс орталығындағы әлеу­меттік жағынан аз қамтылған 700 отбасына қажетті азық-түлік жеткізілді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА