Десек те орыс дереккөздері Көшімді қазақ даласынан келді деп бір ауыздан мойындайды. Оған дәлел, атақты тарихшы Н.Карамзиннің «Ресей мемлекетінің тарихы» атты еңбегінің 9-томында Көшімді қазақтың (қайсақтың) ханы Мұртазаның баласы деп жазғанын айта аламыз.
Сондай-ақ Сібірдің Есипов жазбаларында (Есиповская летопись) «Көшім қазақ ортасынан келді» деп анық көрсетілген. Әйгілі Сібір тарихының білгірі Г.Миллер де «Көшім қазақ ортасынан келіп, Сібір хандығын құрды» деп жазады («Сібір тарихы» 1-том, 196 бет»).
Жоғарыдағы тарихи деректердің сыртында, зерттеуші П.Набельсин Көшім қол бастап Есіл бойынан келіп, Сібірді бағындырды дейді. Бұл аз десеңіз, Ш.Уәлиханов Қазан университетінің профессоры И.Березинге жазған хатында «Көшім қазақтың сұлтаны болған еді» дейді.
Бұдан шығатын қорытынды, Көшім хан – Қараөткел, Есіл бойының ұланы. Қол бастап барып Сібірді бағындырып, өз билігін жүргізген. Ол Сібір хандығын құрып қана қойған жоқ, патшалық Ресей империясының шығыс-оңтүстікті отарлау саясатына үлкен тосқауыл жасады.
Көшім хандығы жайлы Протауз Эфрон құрастырған Энциклопедиялық сөздікте: «Көшім Сібірде 1563 жылы хандық құрды. Ол Ертіс, Тобылдың бүкіл аумағын биледі» делінсе, орыс тарихшысы А. Оксенов: «Искер қаласының бас мешітінде Көшімді ақ киізге көтеріп хан сайлады. Хандығының белгісі ретінде алтын, күміс монеталар құйды. Ол Түмен мен Сібір ханы болып жарияланды», дейді (А.Оксенов «Ермакқа дейінгі Сібір патшалғы» 26-бет).
Ал Орыс география қоғамының негізін қалаған белгілі ғалым А.Левшин 1832 жылы жарық көрген еңбегінде Сібір хандығының негізін қалаған Көшімнің әскері Орта жүз қыпшақ-арғын руларынан құралғанын жазады. Бұл дерек көзі сол тұста қазақ рулары қоныстанған географиялық көрсеткіш бойынша Есілдің біз сөз етіп отырған аумағын меңзеп тұрғанын аңғаруға болатын сияқты.
Сонымен, патшалық Ресей империясы үшін дәл іргесінде пайда болған Көшім хандығы алып державаның тыныштығын бұзды. Жағдайдың шиеленісуіне басты себеп, ресейлік отарлау саясатына Көшімнің келтірген залалы болса керек. Ақыры Ермактың жорығы басталды.
Бұл туралы «Үлкен Совет энциклопедиясының» алғашқы басылымында «1581-1584 жылдары Ермак отряды жүрген жерін қанға бояп, Сібірге жол тартты. Көшім ханды құлатты» деп, Ермакты Сібірді бағындырушы ретінде мақтап, ерлігін атап өтіпті.
Осылай жеңілген Көшім хан өзі туған Есілге шегінгені туралы Гранттың «Энциклопедиялық сөздігінде» айтылады. Яғни жоғарыдағы деректе Көшім хан 1598 жылы Қорғалжын даласында қайтыс болып, аудан орталығынан батысқа қарай 3 шақырым жердегі Бытығай кесенесіне жерленгені жайлы айтылған.
Тағы бір нақты құжат Н.Карамзиннің «Ресей мемлекеттік тарихы» атты еңбегінің 11-томы 332-ші бетінде Көшім Қорғалжын өзенінің бойында талқандалғаны, оның үрім-бұтағы 1598 жылы 20 тамызда патша әскерлерінің тұтқынына түскені көрсетілген.