Аймақтар • 27 Қазан, 2020

Аймақта діни ахуал тұрақты

265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облысының өңірлік коммуникация қызметі орталығында өткен баспасөз жиынында облыстық дін істері басқармасының басшысы Жанболат Үмбетов аймақта дін саласындағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылу барысын баяндады.

Аймақта діни ахуал тұрақты

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде өңірде 10 түрлі конфессияға қатысты 110 діни бірлестік қызмет атқарады. Олар­дың 31-і ислам, 33-і православ, 4-еуі католик, 41-і протестант, біреуі кришнаит дініне жатады. Діни бірлестіктердің бәрі әділет органдарында тіркелген және қолданыстағы заңнама нормалары шеңберінде әрекет етеді.

– Облыс аумағында 99 діни нысан жұмыс істейді. 35 мешіт, 30 православие шіркеуі, 4 католик костелі, 30 намаз үйі бар. Ал қалған діни бірлестіктер жал­ға алынған пәтерлерде өз іс-шараларын өткізеді. Сонымен қатар миссионерлікпен айналысатын 11 адам бар. Бәрі Түркия, Польша, Ресей, Қырғызстаннан келген шетелдік азамат. Олар Қазақстан Республикасының заң талаптары шеңберінде жұмыс істеп жүр. Өңірде деструктивті діни бірлестіктер, сондай-ақ шетелде діни негізде әскери қақ­ты­ғыстарға қатысқан тұрғындар тіркелмеген, – деді Ж.Үмбетов.

Биыл дін істері басқармасы мен полицейлер дін саласын­дағы заңнама нормаларын бұзудың 9 фак­тісін анықтап отыр. Заң­ға қай­шы әрекет еткендерге сот қау­лысымен жалпы сомасы 1 млн 374 мың 355 теңгенің үстінде айып­­пұл салынған.

Облыстағы дін саясатына жауапты мекеме жыл басынан бері үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен конфессияаралық және этносаралық келісімді қам­тамасыз етуге, діни сауат­тылық пен толерантты сананы арттыруға, мемлекет дамуының зайырлы қағидаттарын нығайтуға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған 849 іс-шара өткізген. Биыл облыс­та мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуды және деструктивтік діни ағымдардың қызметінен зардап шеккендерге көмек көрсетуді көздейтін 2 жоба қолға алынған. Алғашқы жобаны «Социум&Я» қоғамдық бірлестігі, ал екіншісін «Қостанай облысының психологтер қауымдастығы» қоғам­­дық қоры жүзеге асырып жатыр. Бұл жобалар діни экстре­мизм мен терроризм идея­лары­ның алдын алуға, халық­тың ді­ни сауаттылығын артты­ру­ға, деструктивті діни ұйым­дар­дың қызметінен зардап шек­кен адамдарға уақтылы және сапалы консультациялық, психо­ло­гиялық, заңгерлік көмек көр­сетуге бағытталған.

Аймақта былтырғы сәуір айы­нан бері ақпараттық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ететін «Кибер бақылау» жүйесі жұмыс істейді. Дін­тану сараптамасының қоры­тындысы бойынша аталған жүйе арқылы тексерілген 7 мың­нан астам материалдың  6466-сы экстремистік материал деп танылып отыр.

Басқарма басшысының айтуынша, жалпы, Қостанай об­лысын­да конфессияаралық са­ла­дағы жағдай тұрақты, мем­ле­­кеттік-конфессиялық және кон­­фессияаралық қаты­нас­­тар қа­лыпты дамуда. Діни фак­торл­ар­ға байланысты ашық қақ­ты­ғыстар мен терең қайшылықтар жоқ.

 

Қостанай облысы