20 Қараша, 2013

Мемлекеттік қызметші: ел сенімін ақтау парыз

320 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

20120702205034Кеше «Қазмедиа орталығында» Қазақстанның Орталық коммуникациялық қызметінің ұйымдастыруымен елімізде жүргізіліп жатқан әкімшілік реформаларға байланысты брифинг өтті.

Кеше «Қазмедиа орталығында» Қазақстанның Орталық коммуникациялық қызметінің ұйымдастыруымен елімізде жүргізіліп жатқан әкімшілік реформаларға байланысты брифинг өтті.

Оған Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ға­би­долла Әбдірахимов пен Мем­лекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Әлихан Байменов қатысып, «Әкімшілік реформалар және жергілікті өзін өзі басқару реформасы – 2013. Алдын ала қорытындылар» атты тақырыпта баяндама жасады.

Брифингте осы мәселе бойынша алдымен Ғ.Әбдірахимов сөз алып, биылғы әкімшілік реформалардың жұмысына өз бағасын берді. Онда ол биыл Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен әкімшілік реформаларды сапалы және тиісті деңгейде жүргізу мақсатында көптеген іс-шаралардың атқарылғанын, соның ішіндегі ең маңыздысы «А» корпусына мемлекеттік қызметкерлерді іріктеу мен ауыл әкімдерін сайлаудың болғанын атап өтті. Сонымен бірге, ол жергілікті басқару органдарын жетілдіру мақсатында істелген жұмыстардың маңыздылығын да атады.

«Биыл «А» корпусына өту үшін конкурсқа 2024 үміткер құжат тапсырса, қазір соның 940-ы кадр резервіне қабылданды. Ал жалпы қазір «А» корпусы 539 лауазымды қамтиды. Биылғы конкурста кадр резервіне алынған кандидаттар тестілеу және әңгімелесу сияқты екі кезеңнен тұратын іріктеуден өтті. Олар Қазақстан Республикасының заңнамасы, мемлекеттік тілді білу, логикалық кәсіби құзыреттілік бойынша тест тапсырды», – деді ол. Сондай-ақ, Ғ.Әбдірахимов биылғы іріктеуден өткен адамдардың арасында бизнеспен айналысқан азаматтардың да бар екенін, ал жалпы конкурстың нәтижесінде «А» корпусы 30 пайызға жаңарғанын айтты.

Кездесуде ауыл әкімдерін сайлауға байланысты да Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары біраз мәліметтер келтірді. Онда ол ауыл әкімдерін сайлаудың өзі демократиялық сынақ болғанын атап өтті. Осы жерде Ғ.Әбдірахимов сайлаудың нәтижесінде ауыл әкімдерінің білімі, біліктілігі өскенін, бұрын 100-ден астам ауыл әкімдерінің сая­си білімі болмаса, қазір сайланған әкімдердің барлығына сая­си сауатты, білімді, тәжірибелі, іскер деген бағасын берді. Сонымен бірге, ол жаңа сайланған әкімдерге мемлекет тарапынан талаптың да күшейтілетінін жеткізді. Осыған байланыс­ты Ғ.Әбдірахимов облыс әкімдері халық алдында жылына бір рет есеп берсе, аудан әкімдері екі рет, ал ауыл әкімдері төрт рет есеп беретінін айтты. Мұнда ол әкімдердің тоқсан сайын есеп беруі ауылдық жерде жолдардың салынуына, мектептер мен ауруханалардың құрылысына, басқа да әлеуметтік нысандардың жұмысына әкімнің дер кезінде халық алдында жауап беруі үшін жасалғанымен түсіндірді.

Осыдан кейін кездесуде Мемлекеттiк қызмет iстерi жөніндегі агенттiктiң төрағасы Әлихан Байменов елімізде мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру бойынша Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен жұмыстар істеліп жатқанын, осының нәтижесінде биыл мемлекеттiк қызметте «командалық көшiп-қону» 40-50 есе азайғанын мәлімдеді.

– Конкурстардың рөлiн арттыру үшiн Президенттiң тапсырмасы бойынша, ауысым тәртiбiмен тағайындау, командалық деп аталатын көшiп-қонуды азайту жаңа заңнамамен жүзеге аса бастады. Нәтижесiнде, егер былтыр тоқсан сайын 3,5 мың адам бiр мемлекеттiк органнан екiншi мемлекеттiк органға ауысыммен тағайындалып жүрсе, жаңа заң күшiне енгеннен кейiн орта есеппен әр тоқсанда 70-80 адам тағайындалатын болды, – деді ол.

Сонымен бірге, ол брифингте жақында Мәскеуге барып, Ресейдiң Мемлекеттiк қызмет академиясында магис­транттар мен докторанттарға еліміздің мемлекеттiк қызмет үлгiсi жөнiнде дәрiс оқып, арнайы семинар өткiзгенін атап өтті. Осы лекцияларда Ә.Байменов Ресейдiң жетекшi сарапшыларының «А» корпусы және басқа да жаңалықтарымыз туралы әлі білмейтінін айтып, біздің реформаларымызға үлкен қызығушылық танытқанын жеткізді.

– Ресейдiң жетекшi сарапшылары бiздiң реформаларға үлкен қызығушылық танытты. Олар осының бәрі Елбасының саяси бастамасымен жүзеге асқанын мойындап отыр. Кездесуде ресейліктер мен қазақстандық мемлекеттiк қызмет үлгiсi несiмен ерекшеленедi дегенде, ең алдымен, «А» корпусы туралы айтып бердім. Одан да басқа жаңалықтарды айттым, – дедi ол.

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар