Аймақтар • 27 Қазан, 2020

Ақтөбеде Абай ескерткіші ашылды

1682 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласының орталығы –Абай даңғылы мен Есет батыр көшесінің қиылысқан тұсында  Абай  ескерткіші ашылды. Аталған шараға  Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Ақұштап Бақтыгереева, ШҚО Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров арнайы келген.

Ақтөбеде Абай ескерткіші ашылды

Салтанатты шараның ашылу рәсімінде  облыс басшысы О.Оразалин ұлы ақынның халқымыздың өмірінен алар айшықты орнын атап өтіп, құрметті қонақтарға алғысын білдірді.

«Биыл елімізде ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына байланысты көптеген іс-шаралар жоспарланған болатын. Алайда, əлемде орын алып жатқан эпидемиологиялық ахуалдың салдарынан жоспарланған шаралар кейінге шегерілгенімен, әр өңірде  ұлы ақынға арналған түрлі шараларды жаңа форматта өтіп жатыр. Міне, бүгін сүйікті мекен –Ақтөбеміздің дәл ортасынан  ұлы ақынның құрметіне ескерткіш ашылғалы отыр.

Бәрімізге белгілі, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, рухы үнемі көрініс тауып келеді. Биылғы мерейтой елге ой салатын, тағылымы мол нақты шаралармен жалғасып жатқанын да айта кеткен жөн.  Әлемге танымал бас ақынымыздың еңбегін халық болып ұлықтау мемлекетіміздің мерейін арттырды. Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу – баршамыздың міндетіміз. Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет. Бұл үрдіс Абай жылынан кейін де жалғасын табатын болады», - деді облыс әкімі.

Ескерткіштің ашылу салтанатында Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы Ұ.Есдәулет, ақын А.Бақтыгереева құттықтау сөз сөйлеп, ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Е.Жұрынбаев министрдің арнайы құттықтау сөзін жеткізді. ШҚО Абай ауданының әкімі Ж.Байсабыров ұлы ақынға құрмет көрсетіп жатқан ақтөбелік ағайынға  алғысын білдірді.

Ескерткіш авторлары – белгілі мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Тоқтар Ермеков және қаламыздағы Әйтеке би, Жалаңтөс Баһадүр, Бөкенбай батыр, Әлия сынды тарихи ескерткіштердің  авторы –Жеңіс Жұбанқосов. Айта кету керек,  ескерткіштің  биіктігі –6,20 метр, тұғыры –2,40 метр, Абай мүсіні –3,80 метр.