Бокс • 29 Қазан, 2020

Әлемге әйгілі Әли

461 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

1960 жылдың 29 қазанында АҚШ-тың Кентукки штатына қарасты Луисвилл қаласындағы «Фридом-холл Стейт Фэйрграунд» аренасында Кассиус Клей кәсіпқой рингтегі өзінің тұсаукесер кездесуін өткізген еді. Міне, сол кездесуге бүгін тура 60 жыл толып отыр. Ал алты раундтық бәсекеде ол отандасы Танни Хансейкерді ұпай санымен ұтқан болатын. Осы жекпе-жекке қазылық еткен төрешілердің барлығы да 18 жасар жас дарынның мерейі үстем болғанын бірауыздан мойындады. Кейіннен Ислам дінін қабылдап, аты-жөнін Мұхаммед Әли деп өзгерткен боксшының кәсіпқой рингтегі даңқты жолы осылай басталған еді...

Әлемге әйгілі Әли

 

Кәсіпқой боксқа Кассиус кездейсоқ келген жоқ. Оның алдында ол әуесқойлар арасындағы түрлі жарыста алдына жан салмай, АҚШ-тың сақа спортшыларының талайын тегістей сабады. Соның арқасында 1960 жылы Римде алауы тұтанған Олимпия ойындарында ел намысын қорғау құрметіне ие болды. 81 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 18 жасар Клей Апеннин түбегінде айды аспанға бір-ақ шығарды. Ол өзінен әлдеқайда ересек, тәжірибелі, атақты әрі қарулы қарсыластарының барлығын жолынан ығыстырып, бас жүлдені қанжығасына байлады.  Мәселен, ширек финалда Кассиус өзінен 10 жас үлкен КСРО өкілі, Мельбурн Олимпиадасының жеңімпазы, Еуропаның екі дүркін чемпионы Геннадий Шатковты шаң қаптырды. Жартылай финалда Аустралияның алыбы Тони Мэдиганы соққыға шықса, ақтық сында Польшаның мақтанышы, Мельбурн Олимпиадасының қола жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы, 26 жастағы Збигнев Петшиковскидің тас-талқанын шығарды.

Италия сапарынан олжалы оралған Клей кәсiпқой рингте өнер көрсетуге бел буды. Десек те кәсiпқой бокстың өз заңы бар. Олимпиада чемпионы болсаң да, бәрiн басынан бастауға тиiссiң. Өз-өзiңдi мойындату үшiн бірер жыл тер төгуге тура келедi. Бірақ Кассиусты бұл жағдай қанағаттандырмады. Оның табиғаты өзгеше. Жас өрен үнемі көш басында жүрудi, ең биiк тұғырда марқайып тұрғанды ғана қалайтын. Кассиус «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деп, босағадан аттаған бетте бірден төрге ұмытылатындардың қатарынан едi. Сондықтан Кассиус өзге жолды таңдады. Теледидар мен баспасөз беттерiнде ол өз-өзiн мақтаудан еш жалықпады. Атақтары дардай боксшыларға килікті. Өзгелерді айтпағанда, әлем чемпионы Сонни Листонның өзін жерден алып, жерге салды.

Дүйім жұрт әуелде оған күле қарады. Өйткенi кәсiпқой бокстың тарихында ондай кеудемсоқ мақтаншақтардың талайы болған. Ақырында сөздері мен істері бір-біріне қабыспай, олардың көбі қалың топтың арасында қалып қойған. Бірақ бұл әңгіменің бүгінгі кейіпкерімізге еш қатысы жоқ. Кассиус өз дегенiне жеттi. 1962 жылдың қараша айында атышулы боксшылардың бiрi Арчи Мурчиді төртінші раундта талдырғаннан кейін беделі тіптен шарықтады. Сол сәтте үлкен рингке керемет бiр «құбылыстың» келгені жайында әңгімелер айтыла бастады. Расында да, шаршы алаңда «көбелектей қалықтап, арадай шағатын» Кассиус Клейдің өнері керемет әсер қалдырды.

Кассиустың өнерiне тәнтi болған мамандар оның мықтылығын мойындады. АҚШ-тың бірқатар ірі қаласында өткен бәсекелердiң барлығында жас өреннiң мерейi үстем болды. Сол жеңістерден кейін Кассиус «Енді тек Сонни Листонмен айқасамын» деп қасарысып отырып алды. Теледидар мен газеттер арқылы әлем чемпионын балағаттап, ар-намысына тиетiн сөздер айтты.

Талай мықтыны көкала қойдай ғып сабаған Сонни әуелде мақтаншақ жiгiттi аса менсiнбедi. Пәле іздеп, арзан жол арқылы абыройлы болуды аңсап жүрген бiреу болар деп ой түйдi. Ал Кассиус оның қыр-соңынан қалмай, көпшiлiктiң алдында кекетіп, мұқатуды әдетке айналдырды. Шыдамның да шегi бар ғой, ақыры Листон жас боксшымен кездесуге келiсiмiн бердi. Матч Майами-Бичте өтедi деп белгiлендi. Кездесуге көпшiлiктiң қызығушылығын арттыру үшiн арнайы сауалдама жүргiзiлдi. Сонда бокс тақырыбына қалам тартатын 46 журналистiң 43-i Листон жеңедi деген пiкiр айтты. Ал букмекерлер кеңсесіне келіп, бәске ақша тіккен адамдар әлем чемпионының жеңетiнiне еш күмән келтiрмедi.

Кассиус қарсыласына психологиялық тұрғыдан шабуыл жасағысы келдi ме, әйтеуiр рингке шыққан бетте Листонды кекетiп, кемсiтiп, тiптен оны бесінші раундта нокаутқа түсiремiн деп сәуегейсiді. Сабыр сақтаған Сонни «Мына баланың аузы бір жабылмайды екен. Дәрiгерлер даяр болыңдар. Жекпе-жек барысында жұдырығым абайсызда оның аузына тиіп кетсе, алып шығу оңай болмас», деп әзілмен жауап қайтарды.

Жекпе-жек басталған тұста Листон бiрден шабуылға көштi. Кассиус Соннидiң солақайынан сақтанып, әуелде қашқалақтаумен болды. Төртiншi раундта 32 жастағы чемпион шаршай бастады. Талайларды тоқпақтаған тарлан боксшы өзiнен 10 жас кiшi қарсыласына соққысын дарыта алмай әлекке түстi. Сол сәттi ұтымды пайдаланған Кассиус Соннидi бiраз сабап алды. Ал жетiншi раунд бас­талатыны жайында белгі берілгенде, Листон ортаға шығудан бас тартты. Секунданттары оның жарақат алғанын алға тартты. Бәсеке осылай аяқталды. Сөйтiп, 22 жастағы Кассиус Клей 1964 жылы WBA нұсқасы бойынша аса ауыр салмақта әлем чемпионы атанды. 

 Жеңген бетте ол «Ендi маған ешкiм  қарсы тұра алмайды», деп ескi әуенiне қайта басты. Сонни Листонды ұтқаннан кейін ендi ешкім Кассиустың сөзiне күмәнданбайтын болды. Керісiнше, танымал боксшылардың барлығы одан қаймыға бастады. Сол жекпе-жектен кейiн Кассиус Клей көпшілік алдында аты-жөнiн Мұхаммед Әли деп өзгертіп, Ислам дiнiн қабылдағаны жайында ресми түрде жария етті. 

Чемпион өзiнiң мықтылығын түпкi­лiктi мойындату үшiн басқа үмiткер­лермен айқасудан бас тартып, тек Сонни Листонмен жұдырықтасатынын мәлімдеді.  Екі боксшыны қайта жұдырықтастыру арқылы мол олжаға батуды көздеген WBС басшылығы қарымта матч ұйымдастырды. 1965 жылдың 25 мамырында Льюистонда өткен сол жекпе-жек аса ұзаққа созылмады. Бірінші раундта Әлидің соққысынан кейін Листон есінен танғандай кейіп танытып, құлаған жерінде тұрмай жатып алды.

Даңқы көкке өрлеген Мұхаммед Әли басты қарсыластарының барлығын оп-оңай ұтты. 1960-1967 жылдар аралығында ол 29 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Өзгелерді айтпағанда, тіптен Флойд Паттерсон, Зор Фолли, Джордж Чувало, Генри Купер, Брайан Лондон сынды майталман боксшылардың өздерi «көбелектей қалықтап, арадай шағатын» жiгiтке жарытып қарсылық көрсете алмады. Ал 1968 жылдың 6 ақпанында Хьюстонда Эрни Террелді ұтқан Әли WBA нұсқасы бо­йынша әлем чемпионы атанды.  

Барлық атақ-даңқты иеленген тұста да Әли ерке мiнезiнен арылған жоқ. Қайда жүрсе де, ол өзін еркін ұстайтын. Биік мінберлерден ойын еш бүкпей айтып, әр кез батыл азаматтық позиция ұстанды. Нәсілдік кемсітушілікке қасқайып қарсы тұрып, кедейшілікпен күресте ерекше белсенділік танытты. Билік басындағылардың өктем саясатын қатаң сынға алды. Тiптен, 1967 жылы АҚШ-тың қарулы күштерi қатарына шақырылып, азаматтық борышын Вьетнамда өтейтіні жайындағы бұйрыққа Мұхаммедтің пысқырып та қарамағаны баршаға мәлім. Көпшілік алдында сөз алған ол «Мен ешуақытта өлімнен қорыққан емеспін. Әр кез «арым – жанымның садағасы» деген қағиданы ұстанудамын. Бірақ Вьетнам халқымен мен не үшін соғысуым керек? Өмірде олардан еш қиянат көрген емеспін. Вьетнамдықтар мені ешуақытта «нигер» деп қорлаған жоқ. Олай болса, сол елдің тұрғындарын не үшін өлтіруім керек? Егер соғысқа барудан бас тартқаным үшін соттаймыз десеңіздер, мен оған да да­йынмын. Еш кінәсі жоқ халықтың қанын төккенше, түрмеде өлгенім жақсы», деп ақтарыла сөйледі.

Өзінің жоғарыдағы батыл қадамының арқасында Әлидің әлемдік қоғамдастық алдындағы беделі күрт артқанымен, АҚШ билігі оның бұл әрекетін кешірмеді. Өзінің халық арасындағы зор беделінің арқасында ғана Мұхаммед түрмеге түс­кен жоқ. Десек те барлық атақ-даңқы­нан айырылып, бірнеше жылға бокс­тан шеттетілді. Үстінен қылмыстық іс қоз­ғалып, бірнеше мың доллар көлемінде айыппұл төледі. Бірақ бұл жайсыз жағдай Әлидің сағын сындыра алған жоқ. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ол «Жан-жағы жылтыраған қайдағы бiр қайыс бел­дiкке бола көңiл күйімді түсiрiп қайте­мiн. Әлемде менен мықты боксшы жоқ екенiне сан миллион жанкүйер куә. Маған халықтың қошеметінен артық ешнәрсенің керегі жоқ», деп тіл қатты.  

Арада үш жыл өткен соң АҚШ-тың Жоғарғы соты атақты боксшыға рақым­шы­лық жасады. 1970 жылдың аяғында рингке қайта оралған Әли өзiнiң бабында екенiн байқатты. Айналдырған бір жарым ай ішінде екі қарсыласын ұрып жықты. Бірақ көп ұзамай Әли өзінің спорттық ғұмырында алғаш рет жеңіліс тапты. 1971 жылдың 8 наурызында Нью-Йоркте өткен кездесуде ол Джо Фрэзерден ұпай саны­мен ұтылды. Алайда Фрэзердің де қуа­нышы ұзаққа созылмады. 1973 жылдың қаңтар айында ол Джордж Формэнге есе жіберіп, алтын белбеуінен айырылды.   

Спортсүйер қауым ендi Формэн мен Әлидiң жекпе-жегiн ынтыға күттi. Қос мықты 1974 жылдың қазан айында Кон­гоның астанасы – Киншасада кез­десті. Африканың аптап ыстығына Әли бейiм болып шықты. Сегiзiншi раундта Мұхаммед қарсыласының иегiн нысанаға алды. Жұдырықтың бағытын байқай алмай қалған Формэн екi адым артқа шегiндi де, кесiлген теректей еденге сұлап түсті. 

1975 жылы Манилада Әли мен Фрэ­зер­дiң қарымта матчы ұйымдастырылды. Бұл жекпе-жек 14 раундқа созылды. Бәсекенiң бел ортасына дейiн тiзгiн Фрэзердiң қолында болды. 33 жас деген оңай ма, тез шаршап қалған Әли тек қорғанудың қамын ойлады. Джо бас-көзсiз алға ұмтылумен болды. Небiр керемет соққылар ауа қармап қалды. Өз мүмкiндiгiн шамалай бiлген Мұхаммед барлық тегеурінін соңғы раундтарға сақтаса, Фрэзердің күшi ақырындап сарқыла бердi. Сегiзiншi раундтан соң таразы басы теңесті. Бiрте-бiрте Әлидің екінші тынысы ашылды. 13 раундта әлем чемпионы қарсыласын зiлдей соққылардың астына алды. Джо жанкештiлiктiң үлгiсiн көрсеттi. Әли оны бас көтертпей сабаса да, ол тiзе бүккен жоқ. Үзiлiстен кейiн де сол көрiнiс жалғасты. Бұл ретте секунданттар мен дәрiгерлер араға түсiп, Фрэзердің бәсекенi жалғастыра алмайтынын мәлiмдедi.

Жалпы, Мұхаммед Әли өзінің спорттық карьерасында бес рет қана ұтылды. Джо Фрэзер мен Леон Спинкстен жеңілгенімен, кейіннен кеткен есесін қайтарды. 1980 жылдың 2 қазанында Ларри Холмстен, ал 1981 жылдың 11 желтоқсанында Тревор Дербиктен жеңілді. Шыны керек, ол кездері Әли шау тартып қалған еді. Жасы 40-қа таяған ардагер боксшыға жиырманың бел ортасындағы жалынды жастармен иық тіресу оңайға соқпады. Содан кейін АҚШ-тың алыбы үлкен спортпен қош айтысты. Жалпы, кәсіпқой рингте 61 жекпе-жек өткізген Мұхаммед 56 рет жеңіске жетті. 37 қарсыласын нокаутқа жіберді.      

Рингте алған ауыр соққылардың зарда­бынан 1984 жылдың күзінде Мұхам­мед Әлидің Паркинсон дертiне шалдық­қаны анықталды. Жылдан-жылға сырқат меңдеп, оның жүрiп-тұруының өзi қиын­дай түсті. Соған қарамастан Әли қоғамдық жұмыстар мен қайырымдылық шараларына жиi қатысып жүрді. Кембағал жандар мен жетiм балаларға, қайыршылық күй кешіп, ашаршылық жайлаған елдерге үнемi қолұшын берді. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының бағдарламасы бойынша мем­лекеттердi, халықтарды достық пен та­тулыққа шақыру жолында қыруар жұмыс атқарды. Өзiнiң бұл еңбегi үшiн талай рет орден және медальдармен марапат­талды. Сарапшылар мен мамандар, жанкүйерлер мен журналис­тер Мұхаммед Әлидi ХХ ғасырдың ең ғала­мат боксшысы деп бiрауыздан мойындады. «Sports Illustrated» басылымы оны «Ғасыр атлеті» деп таныды. Ал 1996 жылы Мұхаммед Әли АҚШ-тың Атланта қаласында өткен Олимпия ойындарының алауын тұтандыру құрметiне ие болды.

Ақыры дендеген ауру дегеніне жетті. Мұхаммед Әли 2016 жылдың 3 маусымында 75 жасқа қараған шағында бақилық болды. Ол өзінің туған қаласы – Луисвилде мұсылмандардың салт-дәстүрі бойынша жерленді. Осы орайда мына бір жайт еске түседі. Осыдан бірер жыл бұрын Лос-Анджелестегі «Долби» театрының жол жиегінде жұлдыздардың есімдері жазылған тақталар орнатылды. Алайда даңқты боксшы Пайғамбар есімін аяққа таптауға болмайды деп, осы іс-шараны ұйымдастырушыларға қатаң ескертті. Ол талап орындалды. Содан бері Мұхаммед Әлидің есімі қашалып жазылған тақта театрдың керегесінде менмұндалап тұр. Ал қалғандары тротуарда қалып қойды...