Экономика • 29 Қазан, 2020

Макроэкономикалық көрсеткіштер мәз емес

1017 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Экономистер пандемиямен қатар өрілген 2020 жылдың алдын ала қорытындыларын шығарып, күрделі болады деп күтіліп отырған келер жылға болжам жасауда. Осы орайда біз экономист, GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры Мақсат Халықты сөзге тартып, қазіргі экономикалық ахуал туралы ой-пікірін білгенді жөн көрдік.

Макроэкономикалық көрсеткіштер мәз емес

 

ТОП-50-ден тыс қаламыз ба?

– Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайын бәсекеге қабілетті елдердің рейтингін жариялайтыны белгілі. Орташа есеппен 140 мемлекет қатысатын бұл рейтингті экономистер мен саясаткерлер, президенттер мен ғалымдар асыға күтеді. Рейтинг жүргізетін агенттіктер көп болса да, Дүниежүзілік экономикалық форумның есебі мен болжамы үлкен маңызға ие. Көп жағдайда осы форумның мәліметтері назарға алынады.

Қазақстан бұл рейтингке 2006 жыл­дан бері қатысып келеді. Ә дегенде-ақ 56-орында тұрыппыз. Одан кейінгі үш жылда еліміз өз позициясын жоғалтып, 61-67-орындарға сырғыды. Бұған бірнеше жылға созылған қаржы дағдарысы әсер етті. 2010-2011 жылдары ең нашар көрсеткішіміз тіркелді – 72-орын. Бұл дағдарыстан кейін макроэкономикалық көрсеткіштердің құлдырап кетуімен байланысты.

2013-2014 жылдары үздік елулікті түйін­деп, 2015 жылы 42-орынға кө­те­ріл­дік. ТОП-50-ге қосылған соң, бәсе­кеге қа­бі­летті 30 елдің қатарына ену мін­деті жүктелді. Алайда оны бағындыру әзір­ше мүм­кін болмай тұр. Экономикадағы жүйе­­­лік дағдарыстардың салдарынан Қазақ­­­стан соңғы төрт жылда ТОП-50-лік­тің қа­­тарынан шығып қалды. Былтыр 55-орынды қанағат тұттық. Жуықта 2020 жыл­­дың рейтингі жарияланады. Осы жолы қандай орыннан көрінетініміз белгісіз.

Дүниежүзілік экономикалық форум жүргізетін рейтингте 12 көрсеткіш есепке алынады. Яғни макроэкономикалық көрсеткіштерден бөлек, адамдардың өмір сүру ұзақтығы, денсаулық жағдайы, білім деңгейі, инновациялық дамуы және басқа да бағыттар назарға алынады. Өкінішке қарай, Қазақстанды бұл рейтингте мұнайға тәуелді макроэкономикалық көрсеткіштер ғана алға сүйреп тұр. Адами капитал тұр­ғы­сынан артта келеміз. Соңғысын дамытпай, мемлекеттің үздік елулікте ұзақ уақыт тұрақтап тұруы мүмкін емес.

 

ІЖӨ теріс мән көрсетуі мүмкін

– Ішкі жалпы өнім дегеніміз – бір жылда өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтердің құны. Өткен ғасырдың 90-жылдары, яғни Азия дағдарысы кезінде Қазақстанның ішкі жалпы өнімі теріс мәнді көрсеткен. Бұл жағдай 1998 жылға (-1,9 пайыз) дейін жалғасқан. 1999-2000 жылдардан бастап экономикада өсім тіркеле бастады. Бір қалыпты өсім (9 пайыздан жоғары) 7 жылға жуық сақталған. Дәл осы деңгей тағы үш-төрт жыл тұрғанда, Қазақстан «экономикалық ғажайып» жасаған болар еді.

Әлемде Германияның, Жапонияның «экономикалық ғажайыптар» жасағаны белгілі. Шамамен 10 пайыздық өсім кем дегенде 10 жыл сақталса, онда бұл елде экономикалық дамудың бірегей моделі қалыптасты, яғни «экономикалық ғажайып» жасалды деп айтуға толық негіз бар. Алайда біздің экономика шикізатқа бағдарланған. Мұндай жағдайда ғажайып жасау мүмкін емес.

2006 жылы мұнайдың баррелі 156 долларға дейін көтерілді. Кейін 2008-2009 жылдары көрсеткіш барреліне 48 долларға дейін құлдырады. Ел экономикасындағы төмендеудің төркіні де мұнай нарығындағы жағдаймен тікелей байланысты. Қара алтынның құны түскен соң, 2009 жылы экономикамыз 1,2 пайыздық қана өсім көрсетті.

Сол кезде Елбасы дағдарысқа қарсы батыл қадам жасап, Ұлттық қордан 10 млрд доллар бөлмегенде, жағдай тіпті қиын болар еді. Бөлінген ақшаның 4 млрд доллары банктерді құтқаруға жұмсалды. Бұдан бөлек, үлескерлердің мәселесін реттеуге 2 млрд доллар, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға 2 млрд доллар, ауыл шаруашылығы саласын демеуге 1 млрд доллар, индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жалғастыруға 1 млрд доллар бөлінді. Қолдау жемісін бермей қойған жоқ.

Одан кейінгі жылдарда экономикада белгілі бір дәрежеде өсім орын алды. Бірақ 2015-2016 жылдары қайтадан құл­дырау басталды. Бұған екі жағдай әсер етті. Біріншісі – мұнай бағасының төмен­деуі, екіншісі – жүйелік дағдарыс. Бір-екі бағытты ғана дамыту экономикаға оң әсер бермейді. Ал біздегі ішкі жалпы өнімнің көп бөлігін мұнай құрап отыр. Жүйелік дағ­дарыс дегеніміз – атқарушы би­ліктегі олқылықтар. Президент нақты тапсырма береді. Бірақ ол жер-жерге жет­кен­ше, мүлдем басқаша сипат алады. Соның сал­дарынан көптеген мемлекеттік бағ­дар­ламалар өз дәрежесінде орындалған жоқ.

Биыл әлем экономикасы мүлдем қиын жағдайға тап болды. Корона-кризис қос өкпеден қысып барады. Ұлттық экономика министрлігінің болжамында биылғы ішкі жалпы өнім – 0,9 пайызға дейін құлайды деп көрсетілген. Халықаралық валюталық қор сәуір айындағы есебінде Қазақстанның экономикасы – 2,5 пайызға төмендейді десе, қыркүйек айының соңында жасаған болжамында – 2,7 пайыз деп түзету енгізіпті. Дүниежүзілік банк пен Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстанның экономикасын – 3 пайызға құлдырайды деп болжам жасауда.

Болжамдарды ескерсек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша экономикамыз соңғы 22 жылда болмаған теріс мәнге жетеді. Өсім тежеледі. Демек, Қазақстанда 90-жылдардағы жағдай қайталануы мүмкін. Пандемияның ел экономикасына қандай соққы болып тигенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

 

Brent бағасы не болмақ?

– Біздің өндіріп отырғанымыз таза Brent маркалы мұнай емес. Десе де, осыған жақындау. Сол себепті аталған өнім түрінің бағасына ерекше назар ауда­рамыз. Болжам жасағанда да Brent-ке бір соқпай өтпейміз. Расында да, Brent маркалы мұнай бағасының жоғары болуы Қазақстан экономикасына оң әсер етеді.

Пандемия басталғанда Ұлттық экономика министрлігі осы жылға болжам жасады. Ведомство жылдың соңына дейін Brent-тің бір баррелі 20 доллар болуы мүмкін деді. Ал Ресейдің Эконо­ми­калық даму министрлігі – 31 доллар, Халық­аралық валюталық қор – 35 доллар, АҚШ-тың Энергетика министрлігі – 34 доллар, Goldman Sachs банкі 30 доллар деген болжамды алға тартты. Барлық болжамның орташа көрсеткіші 29 доллар болып тұр.

Егер қара алтынның бағасы төмен­десе, Қазақстан экономикасы шатқаяқ­тайды. Өйткені экспортымыз осы өнімге тәуелді. Мұнай бағасы құлдыраса, импорт пен экспорттың арасында алшақтық пай­да болады. Көп мәселе сол айырмаға бай­ла­нысты. Егер біздің экспорттап отыр­ған дүние­міз аз, ал керісінше импорты­мыз көп болса, онда теріс сальдо экономикаға бір­ден кері әсер береді. Ол төлем балан­сы­на әсер етеді. Осылайша, ұлттық валю­та бірден қысымға ұшырайды. Эконо­­ми­­калық болжам жасаған кезде тө­лем балансына көңіл бөлінетіні де сон­дықтан. Егер экспорттың көлемі бірден түсіп кетсе, онда міндетті түрде теңге әл­сірейді. Қа­зіргі таңда мұнайдың баррелі 40 дол­лардың шамасында. Әзірше бұдан теңгемізге келер қысым жоқ. Егер 30 долларға дейін жетсе, онда теңгені ұзақ мерзімге дейін әлсіретіп жіберуі мүмкін.

Қазір АҚШ-та болып жатқан саяси жағдай теңгенің нығаюына белгілі бір дәрежеде септігін тигізіп отыр. Сай­лау алдында Дональд Трамптың ықпа­лы­мен доллардың құны әлсіреуде. Бұл еуро­палық, қытайлық тауарларға қара­ғанда америка тауарларының құнын төмен­дету үшін керек. Доллар құнсыз болса, америка тауарларының бәсекеге қабілет­тілігі артады. Трамптың дәл осындай қа­дамының нәтижесінде теңге қатты құн­сыз­данған жоқ. Қайта жаздағы жағдаймен салыс­тырғанда, аз да болса нығайып келеді.

 

Жұмыссыздық деңгейі дұрыс есептелмейді

– Макроэкономикалық көрсеткіштерге келгенде бірінші кезекте жұмыссыздық жайын айтамыз. Қазіргі қалыптасқан эко­но­микалық жағдай шынында да жұмыс­сыздардың қатарын арттырып жіберді. Деректерге сүйенсек, соңғы он жылда Қазақстандағы жұмыссыздық төмендеп келді.  Пандемия басталғанға дейін, яғни наурыз айында оның деңгейі 4,8 пайыз болды. Кейін көрсеткіш 5,8 пайызға дейін өсті деген ресми ақпарат шықты. Мұның бәрі статистикалық деректер.

Бірақ экономистер ресми статистикамен келіспейді. Елдегі жұмыссыздықтың нақты көрсеткіші бұдан да жоғары. Бізде өзін өзі жұмыспен қамтығандар деген санат бар. Оған 2,2 млн адам жатады. Алдымен «Өзін өзі жұмыспен қамты­ған­дар кімдер?» деген сұраққа жауап іздейік. Олардың ішінде фрилансерлер, репетиторлар секілді өздігінен ақша тауып жүрген адамдар бар. Әрине, 2,2 млн адамның бәрі бірдей фрилансер немесе репетитор емес. Міне, жұмыссыздық деңгейін есептегенде өзін өзі жұмысқа қамтығандар да есепке алынады. Бұл – дұрыс емес. Сондықтан пандемия басталмай тұрғанда біздегі жұмыссыздық деңгейі ресми статистика көрсеткендей, 4,8 пайыз емес, 15 пайызға жуық болды. Өйткені өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 1 млн-ы ғана жұмыс істейді. Қалғаны – жұмыссыз. Осы санатты нақты бөлу керек. Яғни өзін өзі нәтижелі жұмыспен қамтығандарды бір бөлек, нәтижесіз жұмыспен қамтығандарды бір бөлек қарастырған дұрыс. Алғашқысын жұмыс істейтіндер санатына, соңғысын жұмыссыздар санатына қосу керек. Алайда Ұлттық экономика министрлігі бұған мән бермей келеді. 

Төтенше жағдай кезінде 4,5 млн халыққа 42 500 теңге көлеміндегі жәр­демақы берілді. Демек, белгілі бір мерзімде осыншама адам уақытша жұмыссыз болды, нақты табыссыз қалды. Қазақстандағы еңбекке жарамды халықтың үлесі – 10 млн адам. 4,5 млн дегеніміз – еңбекке жарамды халықтың 45 пайызы. Ендеше, төтенше жағдай кезінде Қазақстандағы жұмыссыздық 45 пайызды құрады. Одан кейін бекеттер алынды, жұмыс орындары ашылды. Аз ғана уақыттың ішінде оның 45 пайыздан 5,8 пайызға дейін азаюы ақылға сыймайды. Осы көрсеткіштер елдегі жұмыссыздықтың біз айтқандай 15 пайыз екенін дәлелдей түседі.

Жұмыссыздықтың кері салдары көп. Ол ішкі жалпы өнімді төмендетеді. 4,5 млн адам екі жарым ай жұмыссыз отырды. Демек, олар экономикалық тұрғыдан белсенді болған жоқ. Осы аралықта біздің ішкі жалпы өнім түсіп кетті. Одан кейінгі локдаун да экономикаға кері әсерін тигізді. Жұмыссыздық табыстың жоғалуына, өмір деңгейінің төмендеуіне, қылмыстық әрекеттердің көбеюіне, өлімнің артуына алып келеді. Жұмыссыздық созылмалы сипат алса, адамдардың біліктілігі төмендейді.

 

Инфляция шекті дәлізден асып түсті

– Макроэкономикалық көрсеткіштің бірі – инфляция деңгейі. Ресми деректерге назар аударсақ, соңғы он жылдағы инфляция деңгейі бір қалыпты. Бірақ 2015 жылы инфляция 13,6 пайызды құраған. Оған дәл осы жылдың тамызында теңгенің еркін айналымға жіберілуі себеп болды. Еркін айналымға көшкен соң, доллар қымбаттады. Оның салдарынан көптеген тауардың бағасы екі есеге дейін өсті. Соңғы жылдары инфляция деңгейі біртіндеп түсіп келе жатыр.

Еркін айналымға көшкеннен кейін Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу деген саясатты қолға алды. Бұл дегеніміз – инфляцияны белгілі бір нысаналы жағдайда төмендету. Белгіленген дәлізден шықпай, әр жыл сайын төмендетуі керек. Бұл саясат өз жемісін бере бастады.

Осы жылдың қорытындысы бойынша инфляция 4-6 пайыз деңгейінде болады деп бекітілген еді. Алайда қазір ол Ұлттық банк белгілеген дәлізден асып кетті – 7 пайыздың үстінде. Демек, коронавирус банктің инфляциялық таргеттеу саясатына пысқырған жоқ. Азық-түлік бағасының қымбаттап жатқанына куә болып отырмыз. Ендеше, жыл соңына дейін инфляция 8 пайыздан асып кетуі ықтимал.

Оның өсуі халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер етеді. Бірінші кезекте халықтың қолындағы қаражат құнсыз­да­нады. Жалпы, инфляция мынадай себеп­терден туындайды. Бірінші – мемле­кеттік бюджеттің тапшылығы кезінде. Қазір Қазақстанда мемлекеттік бюджет­тің тапшылығы артып кетті. Ұлттық қордан 2 трлн теңге бөлінді. Ол 2020 жыл­дың шығындарын өтеуге жеткен жоқ. Сол себепті Ұлттық банкке 1 трлн теңге кө­ле­міндегі қағаз ақшаны басып шығару туралы тапсырма берілді. Ал бұл жағдай ақ­шаның құнсыздануына әсерін тигізеді. Мемлекеттік емес шығындар артады, тауар тапшылығы негізінде бағаның өсуі орын алады, нарықтағы монополис­тер бағаны өсіреді. Мұның бәрі халық үшін тиімсіз. Қоғамның тұрақтылығы төмен­деп, әлеуметтік шиеленіс артады. Халық тұрақтылығы әлдеқайда жоғары шетел валютасына қарай ойыса бас­тайды. Мемлекеттік бюджет құры­лымы өзгереді және оның нақты табыс­тары төмендейді. Инфляцияның жоғары­лығы жұмыссыздыққа әсерін тигізеді. Эко­но­микалық заңдылыққа сәйкес, тауар мен ақша арасында белгілі бір дәрежеде тепе-теңдік орнауы керек. Теңдік бұзылса, экономикада келеңсіздіктер пайда болады.