Әдебиет • 29 Қазан, 2020

Буниннің шабаданы

330 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Алдымен мәселенің басын ашып алайық. «Қап, бәлем!» мультфильмінің кейіпкерлерін жазушы Бунинмен тек шабадан ғана байланыстырады. Иә, кәдімгі жүк салатын шабадан. Алайда бұл шабаданның ішінде жазушының қилы тағдыры бар екенін ешкім білмейді.

Буниннің шабаданы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

 

Ал, шабадан, тұра тұр!

Иван Бунин 1931 жылы «Шабадан хи­каясы» («История с чемоданом») атты әң­гімесін жазды. Һәм шығарма жарық көр­ген дәл осы жылы Нобель сыйлығын ала алмай қалды. Бұл – Буниннің төртінші рет әйгілі марапаттан үмітін үзуі еді. Ке­зекті сәтсіздіктен соң ол: «Сыйлық бе­ріл­­меді, демек, бәрі бітті», деп жазба қалдырды.

Әрине, шығарманы автордың бұл «же­ңілісімен» тікелей байланыстыра ал­маймыз, әңгімеде сол тұстағы ахуал, жазу­шының өткерген сезімдері ғана баян­далған. Бірақ бұның өзі де аз олжа емес.

«Менің артымдағы еден қайта күйреді, ал алдыңғы жағымдағысы жоғарыға шапшыды – шабадан денемнің астынан жылдам сусып шығып, тастөбемнен сарт еткізді де, шыркөбелек айналған күйі, айналаны шуға бөлеп, кереуеттің астына зымырай жөнелді. Мен лезде аунап түстім де, оны бір-ақ соққымен сонда сүңгітіп жібермекші едім, алайда ол допша секірген күйі есікке қарай жөнеп берді. Ал мен болсам, көздеген жерімнен кереуеттің темір торының астынан ұрып, иығымды қатты жаралап алдым».

Әңгіме қаhарманы каютадан қашып шығып, жын соққан шабаданды қарғап-сілеумен болады, бұл «Қап, бәлем!» бо­ла­шақ мультипликаторлары үшін да­йын тіркес еді. Иван Буниннің өмірі мен шығармашылығында шабаданның рөлі ерекше. Әңгіме тек соның кілті ғана.

Бір қарағанда, жазушының Түркияға шыққан алғашқы саяхаты туралы естелік­терінен тұратын «Шабадан хикаясы», негізінен, жүктерді тасуға арналған һәм адам өмірінде елеусіз бір орын алатын осы мүлік жөнінде. Ал шабаданның сырты әрқашан иесінің мәртебесін көрсетеді екен. Буниннің айтуынша, ол «адамның ең жақын жансерігі». Әңгімеші шаба­данды дүкеннен тапқандықтан, бұл олар­дың ғашықтық кездесуіне айналды. Ол оның құлыптарына, қапсырмалары мен ба­ғалы былғарысына сүйсіне қарайды, өзінің ғашығына әйелге тән нәзіктікпен бағынады. Тіпті, шабаданның бүлігіне де нақ­сүйерінің еркелігіне қарағандай, түсі­ністік танытады: «Еркіндік алғаннан ке­йін, ол каюта ішінде аласұра жүгіре бер­ді. Бұрынғы бағыныштылығы үшін әл­де­кімнен кек алып жүргендей әсер қал­дырды».

Егер болашаққа көз жүгіртер болсақ, екі жылдан соң Нобель сыйлығын ал­ған­да, Бунин еркіндік туралы (бірақ шабадан­ның емес, жазушының) нобельдік акаде­миктерге былай дейді: «Жазушы үшін мұндай еркіндік айрықша қажет – бұл ол үшін догмат, аксиома...»

 

Алмалар мен махаббатқа толды

Біз алғашқы қомақты шабаданды 1897 жылы жазылған «Тексіз» әңгімесінен табамыз. Бунин жиырма алты жаста еді. Оның кейіпкері махаббат шырғалаңына түсіп, көңілдесінің табандылығынан құтыла алмай әлекке түседі: «Маған сіздің қарабайыр сезіміңіздің қажеті жоқ». Әлгі де айтқанынан қайта қоймайды: «Ал маған декаденттік достық керек емес!»

Күллі көңілдестерінен құтылған оның «кереуеттің астынан хаттарға, қағаз­дар мен ноталарға толы шабаданын алып шығысымен», көңіл күйі нілдей бұ­зы­лады. Өйткені ескі жылдардағы жып-жылы естеліктерінің бәрі осында еді. Бұл шабадан жалғыз әрі сенімді досына айналғалы қашан?! Оны ашқан бойда, естеліктер мезет ойға орала берді: уездік қалашық, тас-талқаны шыққан шонжар үйі, жастық шағы мен ұмыт қалған ота­ны. «Осы тозығы жеткен шабаданға зат­тарымды салған сайын өзіме былай деймін: міне, тағы да бәленбай жыл өте шықты, өмірімнің тағы бір бөлігі келмеске кетті... Тіпті, бұл туралы айтуға сұмдық қиналамын».

Буниннің ата-бабасынан мұраға қал­ған, кейін бауырларымен бірге сатып жіберген Озерки үйін өмір бойы са­ғы­нып өткенін білеміз. Жазумен айна­лыса бастаған он сегіз жасынан бері ол бір дамыл таппады. Орелдан Полта­ва­да­ғы ағасымен екі ортада жүрді де қой­ды. Өлең жазды: қашан мойындалатынын та­ғатсыздана күтті. Жарияланған дүние­лерінен жақсы қаламақы күтті. Бірақ түс­­­кен ақша судай аға берді. Варвара есім­­ді корректоры бар еді – ұшты-күй­лі жоғалды. Өзі ерекше құрметтейтін Антон Чеховтың қарындасы Марияға құ­да түскенімен, ол да тоғышарлықты жек кө­ретін болып шықты. Сөйтіп, одессалық баспагердің қызы, қалыңмалы мол Анна Цакниге үйленіп еді, соңы дау-дамаймен аяқтал­ды. Кейін мәскеулік шенеуніктің қызы Вера Муромцевамен бас қосты. Осының бәрі шабадандардың сарт-сұрт дыбысымен өткен еді.

Ашса – ішінен аса қызықты «Антонов алмалары» шашылды. Әңгіменің оқыр­ман­дары мен сыншыларын Буниннің са­ғынышы таңғалдыратын: «Мен крепост­нойлық құқықтың не екенін білмедім һәм көрген де емеспін. Бірақ апайым Анна Герасимовнаның үйінде оны сезетінмін». Әңгімеде бұрынғы заманның қаншалықты берік болғандығы егжей-тегжейлі, көркем тілмен суреттеледі: «Аулаға кіргеніңде, қызметшілер дереу жиналып, тағзым ете­тін. Ал бау-бақшада шетен үстіне жай­ғасқан сайрақтар шықылықтайтын, ше­лектерге түсіп жатқан алмалардың дыбысы естілетін. Әлемнің соншама үй­лесімділігі мені қайран қалдыратын. Әр­кім өз орнын білетін еді».

«Шөп беруші кенеп көйлегін киіп жатып: «Қанеки, қыздар!» деп айқайлай­тын. Қыздар қырмандағы жұмысын жылдам аяқтап, зембілдері мен сыпыртқыларын ұстап зыр жүгіретін. Қожайын қақпа алдында тұрып, қараңғыда қызылды-жа­сылды орамалдардың, қолдардың, тыр­малардың, сабанның әрі-бері қозғалғаны­на қарап тұратын. Осының барлығы бара­банның бірқалыпты соққысымен және ат айдаушының ысқырығымен бірге істеліп жататын».

Шабаданда не бар еді? Бунин Чехов­тың шығармаларына сүйсініп: «Сізде ха­лық­тың қаны бар», деді. Ол болса: «Ал сіз­де ақсүйектің қаны бар» деп жауап қа­татын да, Буниннің есінде қалғанындай, де­реу «мұның әлдеқайда жақсырақ» еке­­нін қосып қоятын, себебі «мұжықтар мен көпестер өте жылдам азғындалып барады».

Осы азғындау хақында Буниннің «Де­ревня» атты әңгімесі бар. Мұнда анто­нов­каның иісі де шықпайды, азғындау туралы баяндалып, әңгіменің ортасында жас бала Дениска пайда болады. Ол тозығы жеткен шабадан мен «Зорлық шынжырына маталған күнәсіз қыз» бен «Ресейдегі пролетариаттың рөлі» жөнінде кітапшалар сатып алады. Кітапшалар қалтада (кішкентай әрі түкке тұрмайтын), ал шабадан иесінің жаны тәрізді бос.

Сыншылар Бунинді байларға тән қы­лықтары үшін сөгіп, мін тағатын. Ал жазушы бұл сөздерден соң Максим Горькийге: «Менің бәтіңкелерім (жұрт лакталған деп жатады), зәулім үйлерім, басымның сақинасы мен мұжық көтерілістеріне деген қорқынышым бар деп жатады. Ал менің шабаданнан басқа ештеңем болған емес», деп мұң шағады.

Іле-шала «Сан-Францисколық мырза» жарық көрді. Мұнда байлыққа қол жеткізе алған бейбақ, жаңа буржуа, «кезінде үлгі етіп алған» ақсүйектерге өзін тең санай бастайды. Оның шабадандары да тамаша – оларды «алып каприйлік қатындар» көтеріп жүреді. Бірақ барлығы бекер екен. Табиғатты алдай алмайсың. Әлгіні талма алып ұрады. Сансыз көп «отты көздері бар» пароход қайтарда оны жоғарғы палубада емес, трюмде алып қайтады: шабаданның орнында – табыт. Өзгенің орнын алмауы керек еді.

Буниннің туысқаны Пушешников жазушының Каприге барар жолда шабаданын ерекше қастерлегенін көріпті. Иван Алексеевич шабаданын арқалаған күйі жоғарыға шығып, оның сыймай жатқанына кейіс білдірген. Шабаданы қойылған соң заттарын қалауынша орналастырып, диванға титықтай отырып, папиросын шегіпті. Содан соң астары қызыл былғарыдан тігілген қара былғары күртесін жамылып, басына қара жібек телпегін киеді де, шабаданынан жиналмалы күміс шамдалын алып шығып, терезе алдындағы балауыз майшамды жағып, өлең жазылған сақтиян дәптерлерін қарай бастайды...

 

Шабадандар тәлкегі

Революциядан соң қасіретке толы за­ман туды – буниндік шабадандар үшін нағыз сынақ енді басталды. Алдымен «Орақ пен балға астында» («Под серпом и молотом») кейін «Қарғыс атқан күн­дер» («Окаянные дни»). Буниндер Одес­саға эмиграция алдында келеді. Алып­­­­қашпа әңгімелер олардың үрейін ұшы­­­рады: «Сандықтарды, шабадандар мен себеттерді тартып алатын кө­рі­неді».

Бірде Буниндер галантереялық дүкенге шұлықтар мен бәтіңкелер алуға барады. Бағалар шарықтап тұрғандықтан, ештеңе алмапты. Ал кейбір алба-жұлба адамдар еш талғамастан бәрін бірдей сатып алып жатады. Түсінікті, «бұлар қашып бара жатқандардың есебінен пайда көрушілер», деді Вера Бунина, – пароходқа алып кіру үшін әр шабадан үшін 1000 рубльден алатын, ал ұрлап алғандары қаншама».

Өзіміз құрмет тұтатын де Рибастарға қонаққа барып келдік: олардың барлық шабадандарын тастай сала, Киевтен қа­шуына тура келіпті.

«1920 жылғы ақпанның басында жол­ға шықтық», деп жазды Вера Бунина күн­делігінде. Шабадандарды шағын ар­баға тиедік, оны өте кәрі, мас адам сүй­реп жүр­ді. Сандықтар, шабадандар мен себеттер тиелген арбалардың арасымен ай­лақ­қа әзер кірдік. Ақыры «Спарта» пароходы­на «ша­бадандарымызды сүйреп кіргіздік». Француздар француз пароходындағы ­каюталар тек орыстарға бұйырғанына қатты ашуланды». Бұл Буниндердің ел­ден мәңгілікке кетулері еді.

Софияда жазушы қонақ үй бөлмесінен он минутқа шыққаны сол-ақ екен, келі­сімен, есінен танып қала жаздады: «Біз­дің күллі мүлкіміз салынған шабадан тып-типыл етіп тоналған екен, еденде ешқандай құны жоқ ұсақ-түйектер ғана шашылып жатты, сөйтіп, біз дымсыз, аса ауыр жағдайда қалдық. Шабаданның құлпы сирек кездесетін болғандықтан, оған кілт табу қиын еді. Бірақ мен ұйқыдан ояна салысымен, шабаданды өзім ашып, уақытты қарау үшін алтын хронометрді алдым да... қараған соң, шабаданды ашық тастап кеттім».

Кейін Буниннің шабаданынан ерте­гідегідей жұқа «Митяның махаббаты» («Ми­тина любовь») шығады, онда ал­ғаш­қы махаббат кенеттен қазамен аяқ­та­лады. Кейіпкердің өмірі екіге бөлінеді – сүйікті Катясымен бірге және жалғыз өзі «еден сұрапылында». Шекараны шабадан белгілеп берді, жолға шығар алдында ол «шабаданды тұншықтырмақшы бол­ды», қалтыраған қолдарымен «шабаданды байлады».

 

Шабадандағы Нобель

Орыстың классикалық прозасының дәстүрлерін дамытқан жи­нақы шеберлігі үшін 1933 жылы ол Нобель сыйлығының лауреаты атанды.

Жолға ақшаны қарызға алып, Вера­мен және отбасылық достары Галина Куз­не­цовамен бірге шығады. Стокгольмге барар жолда бельгиялық кеденшілер олар­дың шабадандарынан секем алыпты. Буниннің хатшысы Андрей Седых «сый­лық туралы бірдеңе айтқанымен, бұл бельгиялықтарға әсер етпеді». Ша­баданды ашқанда, ішінен дәптерлер, альбомдар мен қолжазбалар шыққанда, бельгиялықтар «дәрменсіздіктен қол­да­рын бір-ақ сілтеді».

Сондағы сыйақы 733 514 француз франкі еді. Чек салтанатты рәсім кезінде жоғалып кете жаздаған. Бунин оның жар­тысына жуығын әдебиетшілерге, жәрдем­шілер мен қайыршыларға таратып беріпті. Екінші дүниежүзілік соғыстың басына қарай ақша тым аз қалды, әйтеуір бір себептермен құртыла берді.

1933 жылы Буниннің сәтті шығар­ма­ларының бірі «Арсеньевтің өмірі» («Жизнь Арсеньева») жарық көрді. Әдет­те, Нобель сыйлығын осы лирикалық-автобиографиялық романмен байла­ныстырып жатады. Егер мұқият оқыса, мұнда да көптеген жасырын серіппелер мен құпия тетіктер жетерлік: «бар бай­лығы шабадан мен бірнеше кітапшадан тұратын», «дәліз қызметшісі шабаданды бөлменің ортасындағы кілемге ақымақ кейіппен қойып жатады» немесе кейіпкер «шабаданын алып, есіктің қасындағы бұрышқа жайғасады да, естеліктерге бой алдырады». Содан соң «шабаданын алады» және «қош, гимназия!» – алғашқы махаббат көрген түстей өте шықты».

1936 жылдың қазанында Бунин Пра­гаға оқырмандармен кездесуге барыпты. Ол қалай қайтқаны туралы күнделігіне былай деп жазады: Линдау қаласында неміс кеденшілері «менің шабадандарым мен портфелімдегі әр затты үш сағат бойы мұқият қарағаны соншалық, мені бір кісі өлтіруші деп ойлап қалуға болар еді. Мен немісше сөйлемейтінімді, өйткені бұл тілді түсінбейтінім туралы жүз қайтара айтсам да, олар маған сұрақтар жаудыр­уын қоймады». Сөйтіп, кедендік бақы­лау қорлауға ұласты: Бунинді тыржала­ңаш шешіндірді, қалпағының астарын жұлып алды, бәтіңкесінің табанына бір­деңе тығылмады ма деген оймен, оны да жұ­лып алмақшы болды. Мұндай «қар­ғыс атқан күндерді» басынан кешіріп көр­меген еді.

Соғыс жылдарын өткерген Грас қала­сына кетер алдында олар бар жылы киім­дерін жинады. Сонда бір ғана шабаданға сыйыпты.

 

Соғыс жылдарында

Қырқыншы жылы жазылған «Ген­рих» әңгімесінде (ол «Қараңғы саяжол­дар» («Темные аллеи») жинағына енді) Буниннің шабадандары тағы «сахнаға» шығады – бұл кездейсоқтық емес. Алды­мен кіріспесі бар: «барлығы жиналған, шабадандар дайын» кейіпкері секілді олар да текті, әсем. Атқосшы Касаткин оны шабадандарымен қоса, пойызға апара жатып, басын күйзеле шайқап қояды: «Демек, шекара асып барамын деңіз...» Бұл дегенің, азаттықтан айырылу емей не­мене!» «Шынымен, осы мен неге кетіп барамын?» Ақын Надяны, кербез Лиді, сыған Машаны тастап, аудармашы Елена Генриховнамен (Генрих – лақап аты) Ниццаға бақыт іздеп барады. Венаға по­йызбен бара жатқандағы түн – махаббат түні. Ол аустриялық жазушы, болашақ күйеуімен жүздесу үшін сонда қалды. Еленаны Ниццада қанша күтсе де келме­ді. Оқиға кейіпкердің шабадандарға зат­тарын мұңая һәм ызалана салуымен, ­«мән-мағынасыз, баянсыз сапарын ұмытуға тырысуымен» аяқталады. Бірде кез­дейсоқ көзіне түскен газет оған қатты әсер етеді: сүйікті Генрихын қызғаншақ жігіті Венада атып тастапты.

Әрі қарай соғыс басталды.

Бунин тұратын Грасе Шығыстан ке­летін хабарларға мұқият зер салатын. Жазушының күнделігі шайқалған па­ро­ходтағы шабадандай тербелетін. Әри­не, қырық бірінші жылдың қазанында жасалған мына бір жазба жүрекке оқтай қадалады: «Немістер жеңіске жететін сияқты. Бәлки, бұл жаман емес те шы­ғар?..» Дегенмен күнделік өзі үшін жазылатын дүние ғой, оған жазушының ғана емес, айналасындағы адамдардың да ойлары әсер етпей ме?!

Күллі Еуропа Гитлермен бірге оның Ресейге жабайы жорығын «коммунизмге қарсы киелі соғысымен» ақтағысы келгендей. Мүмкін, бұл рас та шығар? Оның өзі де қызыл «челкаштарды», большевиктерді, төңкерісшілерді жек көрмеуші ме еді. Десек те, Тула маңындағы Ефремов түбін­дегі шайқастардан хабар келісімен оның жан-дүниесі төңкеріліп кететін. Бұл жерде «антикоммунизмнің» қатысы қанша?  Оның барлық жақындарының молалары өртеніп жатыр. Қырық бірдің желтоқсаны: «Апокалипсис! Орыстар Ефремовті, Лив­наны және тағы басқа жерлерді қайтарып алды. Немістер Ефремовта болған! Бұл ақылға сыяр емес! Қазір Ефремов қандай күйде екен, мұнда ағасы Евгенийдің үйі, оның, Настяның, біздің анамыздың молалары жатыр ғой».

Күнделіктер жазылған қойын дәп­тер­­­­­лер кезекті шабадандарға салыну­да. Қырық екінің қысында хабар кел­ді: «Не­містер орыстардың айрық­­ша қа­са­­рыса қарсыласуын Фран­ция­­дағы­дай, Бельгиядағыдай және т.б. ел­дерде­гі­дей «l intelligence» бар адамдар­мен со­ғыспауымен, Ресейдегі соғыс өз өмі­рін бағалай білмейтін, өлімге нем­құ­рай­ды қарайтын тағылармен жүріп жат­қан­дығымен түсіндіреді». Осы жолдардан соң іле-шала былай деп жазылған «Ресейде 35 гр. аяз (Ц. бойынша). Орыстар шабуылдауда және аямай соққылауда».

Ол Шолоховтың «Тынық Донын», Бабель мен Зощенконы оқып жүрді. Бұл бірде керемет, бірде қайтадан «озбырлық», «ұсақ та азғын өмір» туралы «қарабайыр тілмен жазылған». Дегенмен ол қайтадан оқиды. «Елге қайту жайында жиі ойлаймын. Ол күнге жете аламын ба? Мені онда не күтіп тұр?» Қайтадан: «Өлерімнен бұрын Ресейге жету туралы жиі ойлаймын! Неліктен? Аман қалғандардың қарттығын (кезінде бірге болған әйелдердің де), ке­зінде бірге тыныстаған жандардың молаларын көру үшін бе?»

Соғыста бетбұрыс болады деген үміт сыйлаған 1942 жылы, Бунин күнделігінде өзінің ең үздік әңгімелер жинағы – «Қа­раң­­ғы саяжолдарды» аяқтағанын атап өткен.

Бірақ бұл оған жеңілдік әкелмеді. Бу­ниннің күнделігі майдан хабарлары­на, қуанышты сезімдерге толы: «Орыстар келеді, келеді. Одесса алынды. Қуа­ныш­тымын. Жағдай қалай өзгеріп шыға келді! Псков алынды. Бүкіл Ресей азат етілді. Бұл нағыз алапат шаруа атқарылды деген сөз!»

Соғыстан соң олар Парижге келді, ша­­бадандар тағы да өз жұмыстарына кірісті. Осы тұста Вера Бунина: «Кү­йеуім өз мұрағатымен жұмыс істей бастады, оның кабинеті шабадандарға толы еді. Бұл жақсы белгі, демек, ол жұмысқа бел шеше кіріскені», деп еске алады.

Ол Симоновпен және Кеңес елшісімен кездесті, Твардовскийді, Паустовский мен Катаевты мақтады. Горькийдегі ортасына жататын ескі досы Телешовпен хат алмаса бастады. Енді оған коммунистка Эльза Триоле хат жазып жүр. Бунин мұрағатының күндердің бір күнінде Ре­сейге қайтатынына әлсіз үміт білдіретін.

1950 жылы Көкшіл жағалаудағы Ан­тибке барып қайтады. «Біздің шабадан­дарымызға бола, пойыз бірер минутқа ке­шікті. Олардың саны жетеу еді, үше­уін мен өзім алдым. Мұнда мүлгіген ты­ныштық, адамдар жоқтың қасы. Та­мақтары жақсы», деп жазады Бунина. Осы­лайша, сексен төрт жастағы Бунин 1953 жылы Парижде, шабадандарының қасында көз жұмды.

 

Сонымен...

Бұл тағдырлы шабаданды қайдан кө­руге болады?

Иван Буниннің Елецтегі Әдеби-мемо­риалдық музейінде жазушының 1933 жылы Стокгольмге Нобель сыйлығын алу­­ға барғанда ұстаған шабаданы сақ­та­лып тұр. Шабадан француздікі, берік, айтарлықтай жеңіл, кенеп мақтамен қап­талған, бұрыштарында былғары жапсырмалары бар.

Қаскөйлер 2009 жылы музейге терезе арқылы кіріп, басқа экспонаттармен қоса, шабаданды да ұрлап кеткен. Жоғалған заттар жарты миллион рубльге бағаланған. Кейін ұрылар қолға түсіп, Иван Буниннің шабаданы қайта оралды.

Айтпақшы, биыл Буниннің туғанына 150 жыл толып отыр.