Өнер • 29 Қазан, 2020

«Құштарлық» билеген «Түйсік» және Дэвидтің дебюті

187 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұзақ үзілістен кейін «Астана Балеттегі» әдемі әлем көрер­меніне есігін қайтадан айқара ашпақ. Сегізінші театр маусымын мерекелеуге қызу дайын­дықты бастап кеткен өнер ұжы­мы алдағы аптада үш бірдей қойы­лымның тұсауын кеседі. Каран­тин тәртібіне бағына отырып, жай-жайлап жанданып келе жат­қан театр жұмысы бекзат өнер жанкүйерлерін шын қуант­ты. Онлайн тәртіпте билет алуға асыққан көрерменнің қарасы да сұлу өнерді сағынған қауымның сағынышын әйгілеп тұрғандай.

«Құштарлық» билеген «Түйсік» және Дэвидтің дебюті

Осыдан біраз уақыт бұрын дәрігерлердің құрметіне үш қайырымдылық концертпен жұмысын бастаған театр ұжы­мы енді шын мәніндегі шығар­машылық ізденістеріне ерік бермек. Бірнеше ай үздіксіз да­йындалып, сырға толы сү­йікті сахнасына толқи қадам бас­қалы тұрған үздік балет әр­тістері Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің қолдауымен 30 қазан және 6 қараша күндері талғампаз көрермен назарына жаңа жұмыстарын ұсынады. Атап айтсақ, 30 қазанда көрер­мен қауым қос бірдей көркем қойылымның куәсі болады. Яғни бір кеште театр сахна­сында шетелден арнайы ша­қы­рылған хореограф мамандар – Рикардо Амарантенің «Lon­ging» («Құштарлық») және Дэ­вид Джонатанның «Instinct» («Түй­сік») бір актілі балеттерінің премьерасын тамашалайды.

Рикардо Амаранте есімі қа­зақ­стандық көрерменге біршама таныс. Оның қойылымдары театрдың концерттік және гас­трольдік бағдарламаларында тұрақты түрде көрсетіледі. Хо­реографтың аргентиналық композиторлар Астор Пьяццолла мен Пабло Циглердің музыкасына қойылған тың туындысы – «Longing» («Құштарлық») ба­летінде көрермен қауым қимыл­мен өрілген эмоцияның толқыны мен көркем безендірудегі минимализмге куә болады. Аталған жұмысында балетмейстер «бұл өмірден, махаббаттан, жалпы өзара қарым-қатынастан шын мәнінде не күтеміз, нені қа­лаймыз?» деген сұрақтың жауабын іздегендей. Әйтсе де, айтулы тақырыпты қозғай отырып, ол біржақты жауап бермей, көрерменнің өз бетінше ой қорытуына мүмкіндік береді.

– Бұл балет түс секілді. Көр­ген түсіміз не жайлы екенін тү­сіне бермейміз ғой. Оны бі­реуге айтып отырғанда да «мұ­ның не сыры бар?» деген се­кілді іштей ойға қаласың. Рас қой. Сол секілді, осы балетті көрген соң да, әркім өзінше ой түйеді. Мұндағы пластикалық шешімдер өзім ұнататын нео­классика мәнерінде жасалған. Барлық классикалық қадамдар модерн және неоклассикаға транс­формацияланған. Танго­ның да аз-кем әсері бар. Қысқа­сы, «Құштарлықты» көрі­ңіз! Бә­рін музыка жеткізеді», деді атақты балетмейстер премье­ра­алды дайындықтан қолы қалт еткен кезде сауалымызға орай назарын бізге бұрып.

Ал «Instinct» («Түйсік») қойы­лымы – театрдың жетекші солисі Дэвид Джонатанның «Астана Балет» театрына арнап қойған алғашқы балеті, яғни Дэвидтің дебюті. Бұған дейін ол балетмейстер ретінде Аустралияның Батыс балеті мен Фландрия Ко­рольдік балетінің труппаларымен шығармашылық әріптестік орнатқан. Хореографтың ай­туынша, балетті жасау идеясы бір жыл бұрын пайда болғаны­мен, қазіргі таңда өзектілігі тіпті арта түскен.

– Пандемия балеттің идея­сы­на ерекше әсер етті. Каран­тин кезінде қандай күй кешкеніміз­ді айтамын. Либреттода да осы жайлы жаздым: көптеген адам өзінің жақын туыстарымен, сүйікті жандарымен кездесе алмады. Осы сезім, бір болуға деген ұмтылыс ерекше маңызға ие. Балеттің аты – «Түйсік». Себебі әлемді жайлаған ауыр індет пен локдаун күтпеген жерден орын алып, біздің инстинктивті әдеттеріміз өзгеріске ұшырады. Осы жайлы ойлар мені мазалады. Біз бұрынғыдай өмір сүре алмадық, бірақ бәрібір өмір сү­руіміз керек еді», дейді Дэвид Джонатан.

«Астана Балеттің» кө­рер­ме­ніне арнаған тамаша тартуы мұнымен әсте толастамақ емес. 6 қарашада балетсүйер қа­уым тағы бір ғаламат премьера­ның куәсі болады. Елордалық ­балет театры сахнасында «100 жаңа есім» жо­ба­сының жеңімпазы, отан­дық белгілі талантты хореограф Анвара Садықованың «Жел­то­раңғы туралы аңыз» бір ак­­тілі балеті көрсетіледі. Қуат Шіл­­де­баевтың музыкасына қойыл­ған балет желтораңғы ағашы жай­лы баян етеді. Ағаштың желтораң­ғы аталатын себебі – желсіз күн­де де оның бұтақтары тербеліп тұ­рады екен.

– Бұл балетте біз ағаш бейне­сі арқылы халқымыздың өр ру­хы мен қайраты жайлы ой өрбі­те­міз. Адамдардың табиғатқа зиян келтіруі, адам мен табиғат ара­сындағы қайшылық негізгі мәселе ретінде көтеріледі, яғни қойылымның өзегі осы негізде тарқатылады. Біздің мақсатымыз – адам мен қоршаған орта ара­сындағы үйлесімділікті табу, –  деген ойымен бөлісті хореограф Анвара Садықова.

Рас, балет әлемі – көркем. Та­машалап отырып іштей таза­расың, таңғажайып көңіл күйге бөленесің, ойланасың. Өйткені балеттің болмысы тұп-тұтас сұ­лулық һәм тазалық. Ендеше, тазаруға асығайық!