Аймақтар • 29 Қазан, 2020

Балық шаруашылығын дамыту жөніндегі өңірлік бағдарлама таныстырылды

313 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға аймақта балық шаруашылығын дамытудың 2021 - 2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы таныстырылды. Аталмыш бағдарлама Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балық шаруашылығын дамыту жөніндегі өңірлік бағдарлама таныстырылды

Бағдарламаның іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары 5 бағыттан тұрады.

Атап айтқанда, сумен тұрақты қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау, инфрақұрылымды құру, балық ресурстарын қорғау, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, саланы ғылыми сүйемелдеу және кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының жүзеге асырылуы нәтижесінде облыста балық шаруашылығын дамуына үлкен мүмкіндіктер жасалды.

Облыс аумағында Сырдария өзені, Кіші Арал теңізі және 207 көл бар. Балық өнімдерін өңдеумен және экспортпен айналысатын жылдық қуаттылығы 12,5 мың тонна құрайтын 9 балық өңдеу зауыттары жұмыс істеуде.

Ғылыми-ұйымдардың зерттеулеріне сәйкес облыстағы 207 көлдің 95-сі тауарлы балық өсіруге қолайлы. Сондықтан, 2030 жылға қарай өңірде балық өсіруді 5 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда.

Шаруашылықтарға қазір балық өсіру кезінде пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30% өтеу және ауданы 50 гектардан кем емес көл-тауарлы балық өсіру шаруашылығы үшін жабдықтар мен техниканы сатып алуға жұмсалған шығындардың 25% субсидиялау сияқты мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді.

Алдағы уақытта, 50%-ға дейін акваөсіру субъектілері үшін балық өсіру-биологиялық негіздемені әзірлеу, балық өсіру материалын, дәрілік препараттарды сатып алу, шаруашылықтар құруға инвестициялық салымдар кезіндегі шығындарды өтеуге бағытталған субсидиялау түрлері кеңейтіледі.

Сонымен қатар, Үкімет деңгейінде балық өсіру шаруашылықтарының орналасуын, оларға қызмет көрсету жөніндегі құрылыстардың құрылғыларын ескере отырып, инфрақұрылымды жүргізу үшін жағалау аймағында және су қорғау белдеуінде жер учаскелерін бөлу мәселесі пысықталады.

Бағдарламаны іске асыру үшін 30,6 млрд теңге қаржы қарастыру жоспарланып отыр. Соның ішінде, балық шаруашылығын қолдау мақсатында, "Байқоңыр" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына 2021 жылыоблыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлінеді.

Атап өту керек, 2030 жылға дейін, тауарлық балық өндірісінің көлемін 5 мың тоннаға дейін ұлғайту индикаторына қол жеткізу үшін 4 шарбақтық балық өсіру шаруашылықтары құрылып, тауарлы балық өсіретін 10 тоған шаруашылығы жасақталады, сонымен қатар, 3 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз  ету құрылғысы іске қосылады. Жоспарға сәйкес, - көл-тауарлы су айдындары саны 55-ке жетіп, құрама жем зауытында тәулігінде қуаттылығы 80 тонна жем өндірісі қамтамасыз етіледі, пластикалық қайықтар шығаратын цех салынады және Қамысты бас балық питомнигі қайта жаңғыртылады.

Сондай-ақ, бағдарлама аясында 45 көлге электр жүйесін жеткізу және 49 дана гидротехникалық қондырғылар орнатылады.

Осылайша 2030 жылға дейін облыстың балық экспорты 2 есеге, тауарлы балық өндіру көлемі 34 есеге өседі деп жоспарланып отыр. Бес жүзден аса жаңа жұмыс орны құрылады, балық өңдеу зауыттары толығымен шикізатпен қамтамасыз етіледі.

Жиынға қатысқан балық шаруашылығы саласыныңғалымдары, кәсіпкерлері мен табиғат пайдаланушылары бағдарлама жобасы бойынша өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Жиын соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова "Балық шаруашылығын дамытудың 2021 - 2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасын бекіту туралы" облыс әкімдігінің қаулысын әзірлеп, ұсынуды тапсырды.