Әлем • 02 Қараша, 2020

Түркияда жер сілкінді

613 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркияның Измир қаласында жер сілкініп, 30-ға жуық адам қаза тапты. Жараланғандар саны мыңнан асты. Сондай-ақ 20 шақты ғимарат қираған. Бүлінген ғимараттардың маңында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.

Түркияда жер сілкінді

Измир – Түркиядағы ең ірі үшінші қала. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, жер сілкінісінен кейін Измир қаласының тұрғындары түнді далада өткізген.

Түркия үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою басқармасының хабарлауынша, 30 қазан күні зілзала жергілікті уақытпен 14.51-де тіркелген. Дүмпу ошағы Эгей теңізінің жағалауында, 16,5 шақырым тереңдікте орналасқан көрінеді. 15 секундқа созылған жер сілкінісі Измир қаласынан бөлек Түркияның батысындағы көптеген ауданда сезілген.

Түркия ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, жер сілкінісі салдарынан Измир қаласының Борнова және Байраклы аудандарындағы бірнеше үй қираған. Түркия Экология және қала құрылысы министрі Мурат Куруманың келтірген деректеріне сүйенсек, қаза тапқандар саны 30-ға жуықтады. Бұдан бөлек, мыңнан астам адам жарақат алған. Құлаған үйінді астында қалғандарды құтқару мақсатында Түркия үкіметі 3 миллион лира бөлді. Құтқару жұмыстары әлі жүріп жатқандықтан, апаттан қанша адамның зардап шеккенін нақты айтуға әлі ерте. Қираған 17 тұрғын үйдің се­гі­зінде іздестіру-құтқару жұмыстары аяқ­талды.

Дүмпу Грекия қалаларында да сезіл­ген. Дүмпулер Афинада да сезілді. Кар­­ловасидегі Теотокос шіркеуінің бір бөлігі қирады. Сонымен қатар Гре­кия­ның Самос аралында қатты жер сілкін­ген. Аралда екі жасөспірім көз жұм­ды. Батыс Самос қаласының мэрі Алексан­дрос Лимперистің айтуынша, қа­бырға құлаған кезде бір адам жарақат алған.

Апаттың дүмпуі басылған соң Ана­­долы халқы жан-жақтан Измирге ағылып, көмек көрсетуге асыққан-ды. Зілза­ла салдарынан бүкіл әуе рейсі тоқ­тап, телефон байланысы істен шықты. Сон­­дай-ақ құтқарушыларға кедергі келтір­­мес үшін қалаға басқа шаһардың көлік­­терін уақытша кіргізуге тыйым салынды.

Жалпы, Түркияда зілзала жиі болып тұрады. Биыл қаңтарда Түркияның Элязыг провинциясында болған жер сілкінісінен 30 адам қаза болып, 1600 адам жараланған-ды. 2019 жылы Грекия астанасы Афинада да жер сілкініп, қаланың біраз бөлігі жарықсыз қалған. 1999 жылы Түркияның Измит қаласында күшті жер сілкініп, 17 мың адам қаза болған.

Ғалымдардың есептеуінше, алдағы 30 жыл көлемінде Эгей теңізінде өте күшті жер сілкінісі болуы мүмкін. Оның салдарынан теңізді жағалай қоныс тепкен қалалар қатты қирауы ықтимал. Мұндай апаттың бетін аулақ қылсын дейміз.

Жер сілкінісіне байланысты Грекия­ның премьер-министрі Кириа­кос Мицотакис телеүндеуін кейінге қал­дырды. Ресми Анкараның хабарла­уынша, Грекия мен Түркия сыртқы істер министрлері телефон арқылы сөйлесіп, апаттың салдарымен бірлесіп күресуге келіскен.

Бұған дейін Грекия мен Түркия ара­сында Жерорта теңізіне байланысты дау туған болатын. Элладалар ел­інің премьер-министрі Кириакос Ми­цо­такис туиттердегі парақшасында «Айыр­ма­шылықтарымызға қарамастан, бүгін халқымыз апатпен бірге күресетін сәті келді», деп жазды.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған да туиттердегі парақшасында барша грек халқының қайғысымен ортақ­тасып, кез келген қиын сәтте көмек­тесуге әзір екенін жеткізді. «Көрші елдердің қиын кезеңде көмек қолын со­зуы өмірдегі басқа нәрселерге қарағанда әлдеқайда құнды», деп жазды Ердоған.

Алдын ала ақпарат бойынша, зардап шеккендер арасында Қазақстан аза­маттары жоқ. Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлының хабарлауынша, Қазақ­стан елшілігі мен Бас консулдығы сол ай­мақта оқып жатқан 147 студент­пен байланыс орнатқан. Оларға Қазақ­станның Құрметті консулы мен достары қажетті моральдық-материалдық көмек көрсетіп жатыр. Төтенше жағдайға байланысты жедел көмек байланыстары орнатылды.

Измирдегі қайғылы жағдайға байла­нысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жедел­хатын жолдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Измир провин­циясындағы жер сілкінісі салдарынан қайтыс болған және зардап шеккен азаматтар туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алғанын жеткізіп, бауырлас түрік халқына шынайы тілекші ел ретінде, қажеттілік туындаған жағдайда, қазақ халқы мен Үкіметі тиісті көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жедел­хатын жолдады. Елбасы Түркияның Измир провинциясында жер сілкінісі салдарынан тұрғындардың зардап шегіп, қаза болғаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдады.