Аймақтар • 02 Қараша, 2020

Теңізді аудандағы тыңғылықты тірлік

489 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Аймақтағы теңізді ауданның тіршілігінде басқа өңірлерден көп өзгешелік бар. Мысалы, облыстың қалған алты ауданы­ның негізгі бағыты – күріш өндірісі. Ал Аралда 1-2 елді мекен ғана бақша өнімдерін егеді. Қалған ауыл­дардың күн­көрісі төрт түлік пен балық шаруа­шылығына байланысты өрбіп отыр. Аудандағы іргелі кәсіп­орын­ның бірі – мыңдаған адам еңбек ететін атақты «Аралтұз» акционерлік қоғамы. Теңізді аймақтың дамуы­на дем беріп отырған да осы тұзшылар.

Теңізді аудандағы тыңғылықты тірлік

 

Осыған дейін «Аралтұз» АҚ ком­паниясы индустрияландыру бағдар­­ламасы аясында ас тұзы мен техникалық тұз өндіретін екі испан цехын іске қосқан. Тарихы тереңде жатқан кәсіпорынды қайта құру еңбек өнімділігін екі есе арттыруға және 1200-ден астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Жаңа технологиядан кейін өнім өндіру үш еседен астам өсіп, экспорттық үлес көлемі 75%-ға жетіпті. Кәсіпорын былтыр құны 8,4 млрд теңге болатын 467,1 мың тонна тұз өндіріпті. Соның 7,7 млрд теңгені құрайтын 369,8 мың тоннасы экспортталды.

Компания қазір өндірістік қызметті әртараптандыру мақсатында жылына 300 мың тонна кальцийленген сода өндіретін зауыттың құрылысын салу жобасына кірісіп кетті. Жаңа өндіріс орны іске қосылғанда тағы 700 жұмыс орны құрылады. Бұл үшін мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 100 гектар жер телімі бөлініпті.

Осыдан 6 жыл бұрын іске қосылған бірінші испан цехына компания 2,1 млрд теңге жұмсаса, араға 2 жыл салып жұмысын бастаған екінші цех құны 1,4 млрд теңге болды. Келер жылы іске қосылуы тиіс үшінші цех «Арал тұз» АҚ үшін 3 млрд теңгеге түседі. Осылайша жаңа технология арқылы компания жылына 600 мың тонна тұз өндіру межесін иегерді. Тұздан тау тұрғызған компания аудан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға да қомақты үлес қосып келеді.

 

– Пандемияның екінші толқынына дайындық барысында біз компания басшылығына 10 млн теңге көлемінде көмек көрсетуін сұрап, қолқа салдық, – дейді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев. – Акционерлік қоғам өтінішімізді еселеп орындап, жалпы сомасы 50 млн теңгенің көмегін көрсететінін хабарлады. Қазір компания есебінен алынған дәрілер мен қажетті жабдықтар арнайы қоймада жиналып тұр. Енді екі «Жедел жәрдем» көлігін күтіп отырмыз.

Арал туралы әңгіме болғанда балық шаруашылығын айтпай кету мүмкін емес. Аудан аумағында балық шаруашылығы маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені мен ұзын саны жиырмаға жуық көл бар. Осылардан балық аулау лими­ті биыл 7 050 тонна болып бекі­тіл­ген. Кезінде теңіз жағалауынан алыс­­тап, атакәсіптен ажырап қала жаз­­даған аралдықтардың даниялық балық­шылар бастаған «Каттегаттан Аралға дейін» атты жоба аясында теңізге жіберілген камбала балығын аулап, лаждаған кезі де болған. Кейін «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңі нәтижесінде Кіші Арал теңізі толып, алып айдындағы балық түрі 22-ге жетті. Көкарал бөгеті са­лын­ғалы бері Кіші Аралдағы су дең­гейі 42 метрге көтеріліп, жалпы аумағы 328 мың гектарға ұлғайды. Теңіз­ден балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге өсіп, қазір 8 мың тоннаға жетті. Ба­лық аулау көлемінің артуынан осы саладағы шаруашылықтар мен өңдеу кәсіпорындарында мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Қазір өңірде 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Осы кәсіпорындар тек биылдың өзінде 1 575 тонна балық өнімін Ре­сей, Польша, Германия, Қытай мен Гру­зияға экспортқа жіберді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев халыққа арнаған биыл­ғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ба­лық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан еді. Бұл аралдық ағайындардың атакәсіпті жандандыра түсуге деген ықыласын оятып отыр. Теңіз жағалауындағы жұртшылық балықты аулау ғана емес, оны өсіруге де ай­рықша мән береді. Ауданда Қа­мыс­тыбас балық өсіру тұқымбағы бар. Оның Тастақ учаскесіндегі балық өсіру инкубациялық цехтары да тұрақты жұмыс істеп тұр. Табиғи су айдындарында балық қорын көбейту мақсатында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға жыл сайын Кіші Арал теңізіне, Ақшатау, Приморский, Қамыстыбас көлдер жүйесіне осы тұқымбақта өсірілген бір жылғы 14 млн 800 000, екі жылғы 420 мың шабақ жіберіледі.

Былтыр «Арал теңізі» балықшылар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен балық қорын көбейту мақсатында қолға алынған жоба жемісін беріп, «Ғаламдық экологиялық қордың» 11 млн теңге қаржылай қолдауымен Ақ­ша­тау ауылында инкубациялық цех салынды. Оған Ресейден УЗВ қон­дыр­­ғылары алынып, жұмыс басталып кетті. Биыл жоба жетекшілері осы цех­­­тан 4 миллион шабақты айдынға жі­бер­ді.

Осыған дейін аралдықтардың бас­ты мәселесі көшелер мен жолдардың жағдайы болып келгені жасырын емес. Биыл осы мақсатқа 662,6 млн теңге бөлініп, Арал қаласындағы 33 көшені жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір жалпы ұзындығы 17 шақырымнан асатын 28 көшенің жолына асфальт жабындысы, ал 5 көшеге қиыршық тас төселді. Аудандағы Ескіұра елді меке­нінің кіреберіс жолы да ретке келтіріліп жатыр. Ол жыл соңына дейін толық аяқталады.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тұзшылар мекені Жақсықы­лыш кентіндегі 18 көшені орташа жөндеу үшін 337,7 млн теңге қара­лыпты. Осы мақ­сатта мемлекеттік сатып алу жұмыс­тары жүргізіліп, бүгінде жеңімпаз бо­лып танылған мердігер «Арал құры­лысы» ЖШС жұмысқа кірісті. «Нұрлы жол» бағ­дарламасы бойынша респуб­лика­лық бюджеттен бөлінген 42,7 млн теңгеге Тоқабай елді мекеніне кіре беріс жолы жөндеуден өткізілуде. Об­лыс­тық бюджеттен бөлінген қар­жыға «Ақлақ – Қаратерең», «Самара – Шымкент – Бекбауыл», «Жаңа­құрылыс – Бекарыстан би» автожолдары жөнделіп жатыр.

Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасы шең­берінде ауданда 16 жобаны іске асыруға 2,9 млрд теңге қаржы қарал­ған. Жұмыссыздықтың алдын алуға арнал­ған бағдарламаға орай аудан орталығындағы екі колледж күрделі жөндеуден өткізіліп, «РБ-Строй» ЖШС қаладағы мұрағат ғимаратын жаңар­­тып жатыр.

Аралдағы өндірістік алаңнан ірге көтерген тағы бір нысан – Qazaq Camel ЖШС-нің құрғақ түйе сүтін өндіретін кәсіпорны. Құны 1,5 млрд теңге болатын жоба толық іске қосыл­ғанда мұнда 130 адам еңбек етеді. Қазір қажетті жабдықтар толық жеткі­зілді. Серіктестіктегілер енді шетелден оны орнататын мамандардың келуін күтіп отыр. Кәсіпорын өнімі не­гі­зінен шетелге экспортталады.

Бұрын сауда орындары санаулы ғана Арал қаласында кейінгі кездері ірі орталықтар салына бастаған. Былтыр «Сулпак» дүкені іске қосылса, жуырда тұрмыстық техникалар сататын «Эврика» сауда орталығы жұмысын бастады. Жаңа сауда үйі 32 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Өткен жылы «Egemen Qazaqstan» газетінде осы аудандағы Сексеуіл кен­тінің шеткі аймағындағы балалар­дың орталықтағы мектепке қатынау үшін ондаған рельстен өтіп жүргені туралы мақала жарияланған еді. Сол күні Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Твиттер парақшасында «Egemen Qazaqstan» газетіндегі «Темір жолды жағалап топ бала жүр» атты мақаладан Сексеуіл кентінде 360 бала күнделікті мектепке бару үшін 13 рельсті кесіп өтетінін оқыдым. Бұл – өте өзекті мәселе. Оны шешу үшін Үкімет нақты шаралар қабылдауы қа­жет» деген пікірін жариялады. Осы­дан кейін сең қозғалып, ұзақ жыл сағызша созылып келген мәселе қыс­қа уақытта шешімін тапты. Кентте «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы – 2020-2021» бағдарламасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысын көрдік. Пандемия кесірінен мамыр айында басталуы тиіс нысанның алғашқы кірпіші тамызда қалана бас­тапты. Құны 733 мың теңге болатын 300 орындық білім ошағын салып жатқан «Энергомера» ЖШС өкілдері нысанды жыл соңына дейін аяқтауға тырысатындықтарын айтады.

– Мына вирус кедергі болмаған­да осы уақытта бітетін құрылыс еді. Уақыт қанша тығыз болғанымен де сапа­сына баса мән береміз, – дейді учаск­е бастығы Айдай Боранбаев. – Қазір мұнда 70-ке жуық адам еңбек етуде. Олардың дені жергілікті жігіттер. Жақын арада Алматы қаласынан тағы 30-дан астам жұмысшы келеді.

Құрылысшылар материалдарды Қызылорда, Арал, Ақтөбе мен Шым­­кент қалаларынан алдыруда. Ны­сан­ның төбесін жауып, жылу қазан­дығын салып бітірген мамандар енді бар күшті ішкі жұмыстарына жұм­самақ.

Аудандағы әлеуметтік нысандар қатары жақында Шижаға ауылында салынған емханамен толықты. Оны мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында қазір Шымкент қаласында тұратын осы ауылдың тумасы салып беріпті. Бұл саладағы тағы бір жаңалық жақында Арал қаласында IQ білім беру орталығы ашылғаны болып тұр. 10-11 сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау, мотивациялық тренингтер ұйымдастырып, болашақ білікті маман болуына бағыт-бағдар жасауды көздейтін орталықта қазір 33 оқушы білім алып жатыр. Алдағы уақытта бастауыш сынып оқушыларын да қамтып, оларды Назарбаев зияткерлік мектебі, Білім және инновация лицей­леріне түсуге дайындау да жоспарда бар. Орталықтағылар бірінші тоқ­сан каникулында ауыл мектептері оқушылары үшін онкүндік оқыту семИнарын өткізуді ойластырып отыр.

Бүгінде елімізде тұрғын үй мәселе­сінің ең өткір әлеуметтік проблемалар қатарында тұрғаны рас. Аралда да өз баспанасына қол жеткізгісі келетіндер қатары аз емес. Сондықтан да биыл көк­­темде қаладағы №2 шағын аудан аумағынан 1 қабатты 4 пәтерлі он тұр­ғын үйдің құрылысы басталды. Жоба қаржысы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» келісімшарт негі­зінде облыстық бюджет есебінен бө­лі­­ніп отыр. Соған сәйкес жаңа бас­па­­наға аталған банк арқылы кезекте тұр­­ған салымшылар қол жеткізе алады. Осылайша жыл соңына қарай бір мезет­­те аралдық 40 отбасы баспаналы болмақ.

Теңізді ауданда елді мекендерді газдандыру, ауыл шаруашылығын да­мыту бағытында да баянды бастамалар бар. Бұл сонау бір жылдары тартылған теңізді тастай көшкен елдің байыр­ғы жұртқа оралып, бүгінде бере­келі тіршілікке бет бұрғанын көр­сетеді.

 

Қызылорда облысы