Медицина • 02 Қараша, 2020

Жастар тіс протезін тегін жасап жатыр

2061 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тісі ауырып дауа іздеп келген әрбір кісінің тісі мен ауыз қуы­сының үлгісін алып, одан арнайы протез жасайтындар – тіс техниктері. Бүгінде бұл мамандық жоғары сұранысқа ие. Осыдан екі жыл бұрын елімізде алғаш рет Талдықорған жоғарғы медицина колледжінде есту қабілетінен айрылған жандарды тіс технигі мамандығы бойынша оқытатын арнайы топ ашылған еді.

Жастар тіс протезін тегін жасап жатыр

«Жастар корпусын дамыту» жобасының қаты­сушысы Асланбек Төлепбеков – тіс технигі мамандығы бойынша аталған оқу орнында тәлім алушылардың бірі. 2020 жы­лы Zhasproject жобасы жа­йында естіген кейіпкеріміз «Әлеу­меттік тіс кабинетін» ашу­­ды көз­дейді. Осылай әлеу­мет­­тік жоба бай­қауына қаты­сып, 1 млн теңге кө­лемінде қар­жы ұтып алады.

Әлеуметтік жобаға Аслан­бек­пен қатар Ілияс Әлімбаев, Мәншүк Найманова және Әлі­шер Төлепбеков сияқты жастар да қатысты. Қазіргі уақытта олар алған білімін тіс кабинетінде тәжірибемен ұштастырып жүр.

Әлеуметтік жобаның новаторы Асланбек бала кезінен өте зерек, алғыр болып, мектеп табалдырығында түрлі олимпиадалардың жүлдегері атанған. Ол 18 жасында жайсыз оқиғаға тап болып, бұл келеңсіз жағдай кейін оны тіс технигі болуға итермелеген. Жағына ота жасату кезінде күретамырына скалпель тиіп кетіп, Асланбек есту қабілетінен айрылып қа­лады. Бірақ дәрігердің бұл қате­лігі оның армандарына ке­дергі болмады. Қайта Аслан­бек бар жігерін жинап, мамандығы ар­­қылы қарапайым халыққа көмек­тескісі келеді.

Қаладағы жекеменшік кли­­­никаларда тіс техниктерін жұ­­мыс­қа қабылдай бермейді екен. Алайда Асланбек пен оның достары бұған қамыға қой­майды. «Жастар корпусын дамыту» жобасынан алған сомаға олар жеке клиникасын ашты. Талдықорған жоғары медицина колледжі мен «Қазақ саңыраулар» қоғамының аудармашысы Марат Жұмабековтің қолдауымен жастарға тегін кабинет берілді. Zhasproject жобасы арқылы Асланбек бастаған жастар тіс кабинетіне қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сатып ал­ды. Қазір мұнда айына 10-нан аса адамға протез жасалып жа­­тыр. Алдағы уақытта келу­ші­лер­дің саны әлі де өседі деген үміт бар.

Жалпы Талдықорған қала­сында бір протездің бағасы – 30 мың теңге көлемінде. Мысалы, стома­тологиялық кли­никаға келген клиенттен ар­найы ауыз қуысының үлгісі алынады, ол арнайы альгинатты тіс технигіне жолданады. Ал тіс технигі түс­кен тапсырысты үлгі арқылы орындап, кайта жөнел­теді. Осындай тіс протезін Асланбек пен оның жолдастары ақысыз жасап беріп отыр. Осылайша, халықтың әлеуметтік жағдайына қарасып, қолдан келген көмегін көрсетіп жатқан жастардың бұл ісі көпке үлгі.

Жас тіс техниктерінің алға қойған жоспары көп. Олар мұны­мен тоқтап қалмай, 12 стомато­логиялық қызмет түрін көрсетуді мақсат тұтып отыр. Жобадан бұйырған қаржы жастарға үлкен мүмкіндік беріп қана қоймай, айналасындағы ағайынға кө­мектесуіне жағдай жасады. Асланбек Zhasproject жобасы болашаққа батыл қадам жасауына жол ашқанын айтып, жастарға осындай қолдау болғанына ризашылығын білдірді.