Өткен маусымда Мәдениет және спорт минстрлігінің мақсатты бағдарламалық-қаржыландыру гранты негізінде «Қазақстанның заманауи мәдениетіндегі қасиетті кеңістік: дәстүр мен жаңашылдық» атты ғылыми бағдарлама аясында этнографиялық экспедиция жасақталып, олар Павлодар өңірін аралап, Екібастұз ауданы Ақкөл ауылынан 18 шақырымда Қылдыкөл шатқалында жатқан Исабек хазірет кесенесі, Баянауыл ауданы аумағындағы қасиетті нысандар: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы кесене-кешені мен ғұламаның тұрған үйі, сол сияқты өңірге иман шырағын жаққан Камараддин хазіреттің зираты, Жалаңтөс батыр асуы, Дулаттың қарабұлағы, Олжабай батырдың қорған тасы, Торайғыр көлі маңындағы С.Торайғыровтың зираты, халық композиторы Жаяу Мұса Байжанұлы мен тарихшы Ермұхан Бекмахановтың туған жеріне қойылған құлпытастар, Қоңыр әулие үңгірі, Абылай ханға қоныс болған «Қара ағаш» пен «Сары адыр» қатарлы тарихи қоныстарды аралап, ландшафтық қастерлі мекен Жасыбай көлі т.б. нысандарға ғылыми-сараптамалық жұмыс жүргізген еді.
Мәшһүр Жүсіптің от орны
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Батырхан Жұмабаев бастаған экспедиция хатшысы Бозоқ музей-қорығының ғылыми қызметкері Қажымұрат Төлегенұлының редакцияға жолдаған мәліметіне сүйенсек, экспедиция ең алдымен Мәшһүр Жүсіп атамыздың от орнына ат басын тірепті. Яғни бұл жер ғұламаның балалық шағы өткен, осы үйде жатып медреседе оқыған тарихи нысан екен. Дәл қазір атамыздың от орнына даланың қызыл тасынан белгі қойылып, оған «Осы орында әкесі мына мешіт-медресеге қызмет еткен Мәшһүр Жүсіп Көпей (Көпжасар) ұлының үйі тұрған, өзінің осында балалық шағы өткен» деп қызыл тасқа қара сиямен оймыштап жазып қойыпты (суретте).
Мәшекең өзінің естелігінде: «Әкем торы аттың артына мінгізіп алып келіп түсірді, хазіретке айтты «еті менікі, сүйегі сенікі» деп. Әкеден қалмай аттың соңынан жүгірдім, біраз ұзағаннан кейін бұрылып алып аттың бауырына алып «Құдайдан безген баланың маған керегі жоқ деп» қамшымен соқты. Сөйтіп әкеммен екі бастан амандастым» деп жазатыны бар. Демек оқиға дәл осы жерде болғаны анық.
Қысқасы ғұлама атамыз осы үйде жатып оқыды. Үйдің сұлбасы әлі бар. Кейін Көпекең Гришин дегеннің үйін сатып алып, «орыстың шаңырағы маған қажеті жоқ деп» төбесін қайта бұзып, жаңалап жауып шатырсыз тоқал тамда бір-екі жыл тұрған екен. Жергілікті өлкетанушылардың берген мәліметіне жүгінсек, Көпжасар (Көпей) ақсақал 73 жасында 1889 жылы осы үйде қайтыс болып, осы маңға жерленген. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының от орнына 1996 жылы жоғарыдағы құлыптас қойылыпты.
Камариддин хазірет жерленген қорым
Қазақ топырағында өмір сүрген оқымысты, діндар, тақуа жандардың бірі – Камараддин хазірет. Шын аты – Айжарық Бижомартұлы. 1807 жылы туып, 1889 жылы 81 жасында Баянауылда дүниеден өткен. Жас кезінде 18 жыл Бұқара қаласында діни ілім үйренген. Құран һәм хадис ілімі бойынша жоғары дәрежеге жеткен. Ислам ғұламаларының ғажайып еңбектерін оқып, бойына сіңірген.
Бұқарадан оралған соң, яғни 1849 жылы Орынборда орналасқан мұсылман діни мекемесінде шариғат ісімен айналысқан. 1852 жылы Ақмола өңіріне аты танымал аға сұлтан Тұрлыбек Көшеновтің маңына келіп, бала оқытуға ниет еткенімен, көп ұзамай Семей медресесіне ауысқан көрінеді. Дәл осы 1855-1858 жылдары Ахмет Риза медресесінде білім алып жүрген жас бала Абай Құнанбайұлын оқытқан.
Камараддин хазірет 1867 жылы Кереку өңірінің шонжары Мұса Шормановтың ықпал етуімен Баянауылға келіп, Білән ауылы мешітінде 3 баланы оқытқан. Олар: Құлболды ишанның баласы Фазыл, екіншісі хазіреттің өз баласы Әбдірахман, үшіншісі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы.
Мәшекең өзі жазған өмірбаян хатында: «...Алты жасымда кітап оқып, сегіз жасымда Баянауылда Камараддин ахунның алдында сырып ой бастап, тоғыз жасымда ғылым хатқа, мұхтасар әл-уиқаяға шарх қылып, он жасымда шайырлық арқылы танылдым. 29 жасымда Бұқари шарифке барып, мырза Ұлықбекке мүдәріс болдым» десе, 1910 жылы жазған «Ерейментау сапары» атты өлеңінде: «Ұстазым Камар молда сабақ алған, Жиырма тоғызымда ілім іздеп, Мен едім мехнат шегіп Бұқар барған» дейтін жолдары бар.
Камараддин хазірет Мәшһүр Жүсіпті оқытып ғана қоймай, осы өлкеге білім нәрін сепкен. Бірнеше жыл бұрын жергілікті өлкетанушылардың өтініші бойынша, марқұмның жамбасы жерге тиген қорымға даланың қызыл гранит тасы қойылып, оған қара сиямен «Бұл қорымда Абай мен Мәшһүр Жүсіптің ұстазы болған ғұлама ғалым Камараддин хазірет (Айжарық Бижомартұлы) (1807-1889) жерленген» деп жазылыпты. Ғұлама атамыздың ұрпақтары қазір Нұр-Сұлтан және Қарағанды қаласында тұрады.
Тарихшы Бекмахановтың кіндігі кесілген жер
Баянауыл өңірі қазақ тарихында тұлғасы биік хандарға да қоныс болған мекен. Сөзімізге дәлел болғандай осы өңірде ел есінде сақталған Абылайдың «Қара ағашы», «Сары адыры» тағы басқа жер атаулары кездеседі. Жергілікті аңыз-әңгімелерге қарағанда Абылай аудан орталығының оңтүстік-батыс шетінде орналасқан Сабынды көлі жағасында сұлтан сайланған дейді. Бұл шындыққа жақын дерек. Өйткені Мәшһүр Жүсіп атамыз, Абылай осы жерде төрт жыл тұрып, билік құрған, кейін ордасын Көкше өңіріне көшіріп кеткен деп жазады.
Абылай ханға қоныс болған жер кейін «Төре ауылы» аталады. Осы жұртта ханның бір баласы Тоғым төреден тараған ұрпақ Бекмаханнан 1915 жылы атақты тарихшы Ермахан туады. Ол 1925-1931 жылдары Баянауылда мектепте оқиды. Кейін оқуын Семей қаласындағы жұмысшылар факультетінде жалғастырып, 1933 жылы жерлесі жазушы Дихан Әбіловтің нұсқауымен Тамбов педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға аттанады. Осылай оқудың соңында жүрген студент 1936 жылы Воронеж қаласында айдауда жүрген Алаш арыстары Халел Досмұхамедов пен Мұхамеджан Тынышбаевқа жолығады. Кейін ұлт тарихын терең зерттеуіне осы адамдардың ықпалы болған көрінеді.
Ғалым 1946 жылы Мәскеуде «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» тақырыбында докторлық қорғайды. Бұл еңбегі үшін Е.Бекмахановқа «Кенесары Қасымов қозғалысын ақтауға ұмтылды және буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеді» деген айып тағылып 1952 жылы 25 жылға сотталады. Бірақ 1954 жылы Сталин өлген соң ақталып шығады. Түрмеден шыққан соң өмірінің соңына дейін (1966 жылы қайтыс болды) еселі еңбек етті.
Бертінде жергілікті өлкетанушылар бұрынғы «Төре ауылы» жұртына, яғни Бекмахановтың кіндік қаны тамған топыраққа, осы өңірдің екінші бір тарлан тұлғасы 1912 жылы дүние есігін ашқан академик-тарихшы Серікбай Бейсембаев екеуіне арнап белгі қойған екен.
Қоңыр әулие үңгірі
Тарихы бай Баянауыл өлкесіне ат басын бұрған адам аудан орталығынан 12 шақырым, Жасыбай көлінен 4,5 шақырым қашықта орналасқан Қоңыр әулие үңгіріне соқпай кетпейді. Жоғарыдағы этнографиялық экспедиция осы үрдістен атап өтпей, республикалық дәрежедегі қасиетті нысан тізіміне кірген үңгірге соғып, ел аузынан деректер жинаған көрінеді.
Үңгірдің ішкі ұзындығы шамамен 30 метр, биіктігі 7 метр болатын бірнеше бөліктен тұрады. Олар жоғары көтерілетін дәліз тәрізді қуыспен жалғасады. Одан әрі жоғары жақта өте тар өтпе жол мен қазаншұңқыр бар. Мұнда жартас сызаттарынан шығатын су жиналады.
Үңгір туралы алғашқы деректер орыс саяхатшысы П.Рычковтың «Орынбор топографиясы» атты еңбегінде және 1900 жылы осы өлкеге саяхат жасаған Н.Коншин жазбаларында былай деп сипатталады: «Үңгір тау ортасынан жоғары орналасқан және алыстан қарағанда қара ойық сияқты көрінеді. Оған барар жол аса күрделі емес, бұталармен, тас жоқ жерде итмұрын мен бөріжидек өсіп кеткен кертпеш жолақпен жалғасып жатыр. Үңгірдің кіреберісі адам бойынан айтарлықтай биік, бірнеше аршын болатын есігі бар ағаш қалқа орнатылған. Үңгірдің едені, қабырғасы, төбесі – тас. Ол біртекті емес, төбесі біресе жоғары, біресе аласа дәлізге ұқсайды. Үңгірдің іші жертөле секілді ылғалды, салқын әрі қараңғы, сондықтан оны көру үшін майшам алған дұрыс. Дәліздің соңында ортасы шұңқыр тас бар. Мұнда үңгірдің төбесі мен қабырғаларынан мұздай су тамшылап, жиналады. Қазақтар бұл тасты «қазан» деп атайды. Оның ішінде су ішу үшін бірнеше ағаш қасық жатады. Үңгірде қазақтардың жиі келетінін аңғартатын іздер бар, оған әбден тапталған жол апарады, үңгірге кіреберіс алдындағы бұтақтар мен тастарға шыт мата, киіз және басқа да материалдардың қиқымдары байланған».
Экспедиция мүшелері жинаған деректе, аталмыш үңгірге академик Әлкей Марғұлан 1968 жылы қазақ этнографиясының негізін қалаған ғалым жерлесі Халел Арғынбаевпен бірге келгені жайлы жазылыпты. Осы сапарында атақты археолог мынадай әңгіме айтқан дейді. «1900 жылдары әкем Қахан мен анам Нұрила балалары шетіней берген соң, осы маңда отырған жасы 80-ге келген Дүрмән деген адамның шаңырағына келіп, құдайға арнап құрбандық шалған екен. Содан үңгірге барып қайта оралса Дүрмән қария жылап отырып: «Әй, Қахан, Нүрилә! Сендердің құдайға арнап шалған құрбандықтарың, оқыған дұғаларың қабыл болды. Шекесі торыстай ұлды боласыңдар. Оның атын Әлкей қойыңдар. Сендердің аттарыңды тасқа басады» деген дейді.
* * *
Осылай Кереку өңіріне этнографиялық экспедиция жасаған топ жұмысын әрі қарай Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облысы аумағында жалғастырды. Бұл туралы алдағы уақытта жазатын боламыз.