Аймақтар • 02 Қараша, 2020

Қостанайда Ыбырай Алтынсарин ескерткіші ашылды

1171 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының орталығында, Ы.Алтынсарин мен Л.Толстой көшелерінің қилысындағы ашық алаңда ұлы ағартушы  Ыбырай Алтынсарин ескертіші ашылды. Ұлы ұстаздың 180 жылдығы қарсаңында бой көтерген ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, ыбырайтанушы ғалымдар, өңір зиялылары мен ардагер ұстаздар қатысты.

Қостанайда Ыбырай Алтынсарин ескерткіші ашылды

Жобанының авторы -  белгілі мүсінші Жеңіс Жұбанқосов пен суретші Тоқтар Ермеков. Жалпы биіктігі 2,75 метр болатын еңселі ескерткіш қоладан құйылып, 1,90 метрлік граниттен жасалған тұғырға қондырылған. Жеңіс Жұбанқосовтың айтуынша, мүсін жобасын жасауға жарты жылдай уақыт кетіпті.

"Одан кейін екі ай ішінде үлкейтіп, жасап шықтық. Ыбырай атамыздың портретін жасау қиындау болды. Өйткені суреттер де аз, олардың сапасы да өте төмен. Содан елімізге танымал болып қалған бұрынғы портретіне қарап отырып бейнесін жасап шығардық. Алғаш бұл жобаның екі нұсқасын жасадық. Біріншісінде тіке тұрған Ыбырай Алтынсариннің жалғыз өзі, екіншісінде ұлы ағартушының қасында кітап оқып тұрған шәкіртін тыңдап отырған сәті бейнеленген. Көп болып, кеңесе келе осы екінші нұсқаға тоқтадық",  - деді Жеңіс Жұбанқосов.

Мүсіншілер ескерткішті алдымен Ақтөбе қаласында дайындап алып, кейін Ресейдің Екатеринбург қаласындағы шеберханада қоладан құйып шыққан.

Салтанатты шарадағы алғашқы құттықтау сөз аймақ басшысына берілді.   

"Бүгін біз ұлы ағартушы, тұңғыш педагог, жерлесіміз Ыбырай Алтынсариннің ескерткішін ашқалы отырмыз. Қазақ даласында білімнің шырағын жағып, халқымыздың өркениет әлеміне түбегейлі бетбұрыс жасауына ықпал еткен бірегей тұлғаның алатын орны ерекше. Кеше ғана туған күні аталып өтілген ұлы ағартушының келесі жылғы 180 жылдық мерейтойы бүгінгі ескерткіштің ашылу рәсімінен бастау алады.  Біз алдағы атаулы датаға үлкен дайындықпен кірісеміз. Өздеріңізге белгілі ұлы ағартушының туған жері Алтынсарин ауданындағы Мезгіл елді мекенінде орналасқан Омар құдығы мен ағартушының Қостанай ауданында орналасқан мемориалдық кесенесі Қазақстанның киелі орындарының картасына енгізілді. Екі нысанда да ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, Қостанай ауданында орналасқан кесене қайта салынып, еліміздегі еңселі де сәулетті тарихи ескерткіштердің біріне айналды. Қазір елімізді әр өңірінен кесенеге келушілер қатары көбейіп жатыр. Биыл облыс орталығында ұзындығы екі шақырым болатын  Ыбырай Алтынсарин көшесі жөнделді. Оған 9 млн теңгенің үстінде қаржы жұмсалды. Сонымен қатар, осы көшеде орналасқан көп қабатты тұрғын үйлердің шатырлары ауыстырылып, қасбеттері жаңартылып, жылы әрі заманауи құрылыс материалдарымен қапталып, қаламыздың ажарын аша түсті. Өңірдегі зиялы қауымның бастамасымен келесі жылы ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы қаласында да ұлы ағартушыға еңселі ескерткіш тұрғызылады. Бұл шараға біз де ат салысып, өз үлесімізді қосамыз", - деді Архимед Мұхамбетов.

Облыс әкімінің айтуынша, елімізде Ыбырай Алтынсарин есімімен аталатын 50 астам мектеп бар екен. Қостанай облысының өзінде ғана Арқалық педагогика институты, Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық кітапхана, мемориалдық музей, бір аудан, 5-6 көше ұлы ағартушының  есімімен аталады.  

"Біз бұл көшелер мен нысандарды жыл бойы жөндеуден өткізіп, басқа да рухани, тарихи-танымдық мәні зор шараларды ұйымдастыру арқылы  Ыбырай атамыздың 180 жылдығын жоғарғы деңгейде өткізетін боламыз", - деді облыс әкімі.

Салтанатты жиын барысында қаланың құрметті азаматы, Қостанайдағы  ұлы ағартушы салған мектептің түлегі, ардагер ұстаз Беген Көпеш, Алтынсарин серіктестігінің басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князев құттықтау сөз сөйлеп, көпшілікке ізгі тілектерін арнады. Іс-шараға қатысушылар одан кейін ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ұлы ағартушының рухына тағзым етті.

        

 

Қостанай облысы