13 ауылды кешенді дамыту көзделіп отыр
Биыл аталған бағдарлама бойынша ауыл тұрмысын жақсартуға 5 млрд 772,3 млн теңге бөлініп, облыстың әр өңіріндегі 13 ауылда 66 жоба жүзеге асырылып жатыр. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазинаның айтуынша, былтыр облыста жеңіл жөндеуден өткен балабақшалар мен білім мекемелерін қоспағанда, үш мектеп, бір балабақша және мектеп жанынан жұмыс істейтін бір интернат ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілген.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шарапатымен көптеген аурухана ғимараты оңдалып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы артты. Былтыр Қарасу аудандық ауруханасының корпусына күрделі жөндеу аяқталып, Әулиекөл, Меңдіқара, Сарыкөл және Федоров ауылдарындағы аудандық ауруханалар жеңіл жөндеуден өтті. Сонымен қатар он шақты елді мекендегі мәдениет және спорт нысандары жөнделіп, ауыл ажарын аша түскен.
– Мұның сыртында басқа да мемлекеттік бағдарламалар есебінен ауылдарды дамыту мақсатында 4 млрд теңгеге бірнеше ауқымды жоба жүзеге асырылды. Қаржының қомақты бөлігі Федоров және Әулиекөл ауылдарындағы газтаратқыш құбыр желілерінің құрылысын аяқтауға жұмсалды. Осының нәтижесінде, 18 мыңнан аса ауыл тұрғыны орталықтандырылған көгілдір отынмен қамтылды. Меңдіқарада су құбыры желілерін тарататын торап қайта жөнделіп, 10 мың адамның таза ауызсумен қамтылуына мүмкіндік туды. Сонымен қатар сырттан тартылған қаржы есебінен ауыл көшелері жарықтандырылып, асфальт төселіп, бейнебақылау құрылғылары орнатылды, – деді Г.Мұсағазина.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына биыл іліккен Силантьев, Обаған, Денисов, Антонов, Қамысты, Торғай, Амангелді, Қарамеңді, Ұзынкөл ауылдары мен Тобыл бекетінде де ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Тоғыз жолдың торабында жатқан Тобыл бекетінде 7 мыңға тарта халық тұрады. Қазір мұндағы жалғыз дәрігерлік амбулаторияға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Іргесі 1985 жылы қаланған ғимарат соңғы рет 1996 жылы күрделі жөндеуден өткен. Содан кейін жыл сайын қабырғасы әктеліп, терезе-шатыры бүтінделгенімен, екі қабатты амбулаторияның ағаштары шіріп, құбырлары тесіліп, электр желілері жиі істен шыға бастаған. Биыл ғимаратты бастан-аяқ толық жаңартуға 191 млн теңге бөлініп отыр.
– Жөндеу жұмыстарын мамырда бастадық, қазір жұмыс аяқталып қалды. Іші-сыртын әрлеп, төрт қабырғасынан басқасының барлығын – төбесін, терезелерін, жарық, жылу, желдету және құбыр желілерін толықтай ауыстырдық. Барлығы санитарлық нормаларға сай. Бір сөзбен айтқанда, ескі ғимараттың орнына мүлде басқа ғимарат пайда болды, – деді бас мердігер «ТоргСтройМонтаж» ЖШС директоры Павел Борзенков.
Тобыл дәрігерлік амбулаториясында 4 маман жұмыс істейді. Соның бірі – медбике Нелла Распопина. Тәжірибелі маманның айтуынша, жаңартылған ғимарат жергілікті тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасының артуына мүмкіндік бермек.
– Бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, қазіргі жағдайда дәрігерлердің біліктілігіне қойылатын талап жоғары, жауапкершілік ауыр. Біз халықтың сенімі мен үдесінен шығуға бар күшімізді саламыз. Мердігер амбулаториямыздың қызметтік автокөлік қоятын гаражын да қайта жөндеп берді. Енді кез келген жағдайда күн райының ыстық-суығына қарамастан, тұрғындардың шақыртуына жедел жетуге мүмкіндік туып отыр, – деді медбике.
Амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізіп жатқан құрылысшылардың қатарында он шақты жергілікті тұрғын жүргенін айта кеткен жөн. Солардың бірі – Еркін Хасенов. Тәжірибелі құрылысшы қолайлы жұмыстың өзі тұратын ауылдан табылғанына қуанышты.
– Қазір карантинге байланысты көптеген вахталық жұмыстар тоқтап қалды. Өз басым жұмыстың дәл өзім тұратын үйдің түбінен табылғанына қуандым. Қазір алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған тиімді. Бала-шағамның қасындамын, айлық жалақым – 120 мың теңгенің көлемінде, – дейді Е.Хасенов.
Тобыл тұрғындарын мезі еткен тағы бір мәселе тозып кеткен ішкі жолдардың жағдайы еді. Былтыр еліміздің солтүстік бөлігін батыспен және Ресеймен жалғап жатқан күре жолдың көпірі күрделі жөндеуден өткізілді. Ішкі жолдарға келетін болсақ, бұл жақта да оң өзгерістер орын алмақ. Соңғы бір-екі жылдықтың өзінде ауылдың Станционная, Элеваторная, Вокзальная, Кооперативный көшелерінің негізгі бөліктеріне асфальт төселді. Жалпы ұзындығы 6 шақырым жол жөнделді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының нәтижесінде тағы сегіз көше жөнделіп, асфальт төселіп, тақтайдай тегіс жолға айналыпты.
– Шыны керек, бұған дейін жаңбыр жауса, резеңке етіксіз көшеге шыға алмайтын едік. Қазір ауылымыз әрленіп, жолдар көңіл көншітерлік жағдайға келді. Халық риза, – дейді ауыл тұрғыны Ұлмекен Нұрсейітова.
Тобыл кентінде биыл мектеп пен балабақшаны да жөндеу көзделіп отыр. Осының бәріне бір ауылға ғана 400 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылған.
Аймақта биыл ауыл халқының бұқаралық спорт нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 1,7 млрд теңгеге 4 жоба іске қосылып, Силантьев, Қамысты ауылдарындағы стадион қайта жөнделіп, Ұзынкөл мен Торғайда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталып қалды. Биыл әлеуметтік нысандарды тұрақты жылу жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары да жандана түсті. Мәселен, Денисов ауылында таяуда №40 балабақшаның жанынан жаңа салынған жылу қазандығы іске қосылса, Қарамеңді ауылында жылу тарататын орталықтың құрылысы аяқталып қалды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Торғай мен Қамыстыда аудандық ауруханалар, Бейімбет Майлин ауданынына қарасты Тобыл ауылында дәрігерлік амбулатория ғимараты жөндеуден өтіп жатыр. Денисов ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне тапсырылды.
Биыл жаз шыға ауыл ішіндегі көшелерді жөндеп, асфальт төсеп, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 13 елді мекенде жалпы құны 2 млрд болатын 50-ден астам жоба іске асырыла бастаған. Бүгінге дейін бұл жобалардың 48-і аяқталды.
– Қарашаға дейін аталған бағдарлама бойынша бөлінген қаржының 4 млрд 151 млн теңгесі, яғни жылдық жоспардың 80,5%-ы игерілді. Құрылыс нысандарында жұмыс бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр. Биыл облыста 13 ауылды кешенді дамыту көзделіп отыр. Осы мақсатта өзге де мемлекеттік бағдарламалардың есебінен Денисов, Торғай, Антонов, Амангелді ауылдарының сумен қамту желісі жаңартылды, ал Силантьев және Шеминов елді мекендерінде газ таратқыш желі пайдалануға берілді. Биыл жалпы сомасы 6 млрд теңгеден астам қаржыға ауыл ішіндегі жолдар жаңартылып, әлеуметтік нысандар жөндеуден өтті, – деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.
Облыста «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын 2027 жылға дейін жүзеге асыру көзделіп отыр. Бағдарлама аясындағы жобаларға әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті бар ауылдар біртіндеп қатысатын болады.
Ауыл мектептерін жаңартуға 2,2 млрд теңге қаржы жұмсалады
Қостанай облысындағы 495 мектептің 82%-ы, яғни 488 мектеп ауылдық мекендерде орналасқан. Бүгінде аймақтағы 45 688 оқушы ауылда білім алып жатыр. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының шарапатымен қазірдің өзінде ауылдық жерлердегі бірталай білім нысаны жаңартылды. Таяуда өңірлік коммуникация орталығында өткен баспасөз жиынында облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова аталған бағытта атқарылып жатқан ілкімді жобалар жайын әңгіме етті.
Басқарма басшысының сөзінше, 2019 жылы жалпы сомасы 893,9 млн теңгеге 28 ауылдық мектеп жөндеуден өткен. Бұл мақсатқа жұмсалған қаржының 797,6 млн теңгесі респуликалық бюджеттен, ал 96,3 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлініп отыр. Нәтижесінде, 5 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 23 білім нысанына жеңіл жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында іске асырылып жатқан жобалар барысында 1 260 ауыл тұрғыны уақытша жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді.
– 2020 жылы арнайы жоба шеңберінде Аманкелді, Қостанай және Меңдіқара аудандарында жалпы 802,8 млн теңге сомасына 3 білім мекемесі күрделі жөндеуден өтті. 2018 жылы облыстық бюджет есебінен Аманкелді ауданының орталығындағы Ә.Боранбаев атындағы орта мектебінің оқу корпусы күрделі жөндеуден өткен. Биыл мектеп жанындағы интернаттың жатын корпусына жалпы сомасы 133,7 млн теңгеге жөндеу жүргізілді. Осының нәтижесінде, ауданға қарасты 7 ауылда тұратын 25 оқушы Амангелдіде интернатта жатып оқитын болады. Интернатта шағын ауылдарда тұратын балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған, – деді З.Байменова.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша биыл Қостанай ауданындағы Совхозный орта мектебі мен Меңдіқара ауданындағы Первомай орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл екі білім ошағында жалпы саны 682 бала оқиды. Ал алдағы жылы аталған бағдарлама аясында Әулиекөл, Б.Майлин, Қарабалық, Қарасу, Қостанай, Наурызым аудандарындағы 9 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Қостанай облысы