Бұдан біраз уақыт бұрын Қызылордада Қазақстанның бірінші дербес прокуроры, белгілі қоғам қайраткері Сүлеймен Есқараевтың туғанына 115 жыл толуы кең көлемде атап өтілді. Осы салтанат шарасының аясында облыстық прокуратура ғимаратының алдында тұңғыш прокурордың тастұғырға қонған ескерткіші ашылды.
Бұдан біраз уақыт бұрын Қызылордада Қазақстанның бірінші дербес прокуроры, белгілі қоғам қайраткері Сүлеймен Есқараевтың туғанына 115 жыл толуы кең көлемде атап өтілді. Осы салтанат шарасының аясында облыстық прокуратура ғимаратының алдында тұңғыш прокурордың тастұғырға қонған ескерткіші ашылды.
Қайсыбір ізгі ниетті істе де оның ілкі идеясын көтеріп, керегесі керілуіне мұрындық болып жүретін бір азаматтар болады. Бұл жолы тап сондай ізгілік нышанын облыс прокуроры, аға әділет кеңесшісі Сапарбек Нұрпейісов көрсетті. Ол ең алдымен облыста осындай шараның өтуін заңдастыруға қол жеткізді. Содан кейін тұңғыш прокурор туралы естелік кітап жазылып, деректі фильм түсірілуін қамтамасыз етті. Бұлармен қатар, облыстық прокуратура ғимаратында С.Есқараев атындағы ведомстволық мұражайды дайындау жұмыстары қызу жүріп жатты.
Ақырында көптен күткен күн де келді. Шараға Бас прокуратура мен облыс басшыларынан бөлек, тұңғыш дербес прокурордың қызы Мариэтта Есқараева, немересі Марат Баймұханов және басқа да туыстары, сондай-ақ, прокуратура органдарының ардагерлері қатысты. Осы алқалы топ алдымен Сүлеймен Есқараев ескерткішінің ашылу рәсімін өткізді. Мұның өзі жан тебірентерлік сәттерге толы болды. Оны «Ұлттың рух тұлғасы» атты театрландырылған қойылым бастап берді. Бұдан соң Бас прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаев Бас Прокурордың шараға қатысушыларға арналған ізгі лебізін жеткізді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов сөз алып, Сүлеймен Есқараев еңбегінің тарихтан еш өшпейтін өнегесі туралы толғамды әңгіменің арқауын тарқатты.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Мұратбай Үмбетовтің қолынан шыққан мүсін жиналғандардың көңілінен шықты. Жиынға қатысушылар осындай көтеріңкі көңіл күймен тұңғыш прокурор атындағы ведомстволық мұражайдың да ашылу рәсіміне атсалысты.
Мерейтойдың келесі негізгі бөлігі Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің Студенттер сарайында өткен «С.Есқараев: Тәуелсіз Қазақстан прокуратурасының қалыптасуы мен дамуы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция түрінде қанат жайды. Конференция аясында бірінші прокурордың өмірі мен қызметіне арналған «Тарланбоз» кітабы мен деректі фильмнің тұсаукесері өткізілді.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.