Аймақтар • 04 Қараша, 2020

Жаңарған жол – жанданған тіршілік

420 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елдің өркендегенін білдіретін инфрақұрылымның бірі – жол. Әсіресе, шетел инвесторлары көп келетін Атыраудай мұнайлы өңір үшін жаңарған жолдың маңызы зор. Оның үстіне Атыраудың аумағынан асып, Ресейдің Астрахань облысы арқылы өтетін халықаралық көлік қатынасының дәлізі де бар. Сол себептен «Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы» тас жолын жаңғырту мәселесі көптен бері қозғалып келеді. Бұл жолдың жайы Елбасының да, Президенттің де назарында тұр.

Жаңарған жол –  жанданған тіршілік

Аталған жолды қайта жаңғырту Атырау қаласының шекарасынан бас­талып, Құрманғазы ауданындағы Ганю­шкин ауылына дейінгі 616-833 шақы­рымындағы учаскеде іске асырылуда. Жоба төрт участкеге бөлінген. Жолшылар жер төсемін салу, жасанды құрылымдар мен төменгі қабатын орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, жобаның мердігерлері ретінде бірнеше компания тартылған. Олар – «Лянкяран Йол Тикинти» ААҚ, «Todini Construzioni Generali S.p.A», «Ant Insaat Maden Sanayi A.S.» және «Сине Мидас Строй» БК» ЖШС. Жол құрылысын Еуропа қайта құру және даму банкі қаржыландырып отыр. Ал «Renardet S.A» бірлескен кәсіпорны & Aarvee Associates Architects Engineers & Consultants Pvt. Ltd», «ZS Engineering» ЖШС техникалық бақылауды жүзеге асырады.

Жобаға сәйкес, жолдың 217 шақы­рым­дық учаскесінде 8 өткел салынып, 63 су құбыры орнатылмақ. Осынша шақырымға созылатын тас жолды реконструкциялау 2023 жылы аяқталады. Сол кезде бұл тас жол екі жолақты қоз­­ғалысы бар екінші техникалық санат­­қа сәйкес болады. Бұл, әрине, жолдағы уақытты айтарлықтай қыс­қар­тып, өңірдің транзиттік әлеуетін арттырмақ. Бұдан бөлек жергілікті тұр­ғындарға жол бойындағы сервистік қыз­мет көрсетуді дамытып, кәсібін дөң­гелетуге мүмкіндік береді.

Министрліктің мәліметі бойынша Атырау өңірінен Ресей шекарасына дейінгі аралықтағы жолдың ұзындығы 277 шақырымды құрайды. Былтыр құрылыс жұмыстары Ресей шекарасынан бері қарай 60 шақырымдық учаскеде басталған болатын. Ондағы қозғалыс жыл соңына дейін ашылады деп күтілуде. Бұл учаскедегі қайта жаңғырту жұмыстары республикалық бюджеттің қаражатына жүргізіліп жатыр.

Жол салу жұмысы Атырау қаласы­ның маңындағы шағын ауылдарда да қолға алынып отыр. Мәселен, жол мәселесі 1 мыңға жуық аула­сы бар Береке ауылындағы бас­ты проб­ле­ма­ның бірі еді. Мұнда асфальт­­тың жоқтығынан жаңбыр жауса, жолдың бәрі ми батпаққа айна­лып шыға келеді. Енді тұрғындар сол қиындықтан құ­тыл­мақ. Атырау қала­лық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық бөлімінің бас маманы Ержан Хайноллаевтың айтуынша, жақын арада ауылда 19 шақырым асфальт төселеді. Бүгінгі таңда ауылдың 13 көшесінде жолдың негізгі төсемі дайындалды. Бұл аулада 42 көшеге асфальт төселеді.

Шаһар аумағында, оған іргелес елді мекендерде салынып жатқан жолдың сапасын Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев бақылауына алды. Әкімнің тапсырмасымен асфальт төсеу процесі видеоға түсіріліп, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне есеп ретінде жіберіледі. Осыған орай мердігердің ұсынысымен жол сапасын бақылайтын зертхана жұмыс істейді. Осындай бақылаумен Еркінқала ауылдық округінің төрт көшесінде 3,1 шақырым жол асфальт­талды. Бұл ауылда ұзындығы 60,2 шақырым жолды жөндеу жоспарланыпты.

Қала іргесінде жаңадан бой көте­ріп жатқан шағын аудандарда да жол құрылысы қарқын ала бастады. Мәселен, «Ақсай-2» шағын ауданының 29 көшесінде 27,8 шақы­рым жол жөнделді. Енді тағы 16 көше­де 15,3 шақырым асфальт төсеу көз­де­ліп отыр. «Тасқала-3» ауылының тұр­ғындары үшін жол құрылысы сәл ерте­рек аяқталады. Жыл соңына дейін жобада қарастырылған 8,8 шақырым төселеді. Сондай-ақ «Атырау-1» кентіндегі 24 көшеде 19,5 шақырым жол төсеу жұмысы аяқталды. Ал жа­қын­да 33,3 шақырым тротуар салу бо­йын­ша жоспарланған жұмыстар іске асы­рылады.

­Сонымен қатар Дамба-2 ауылын­да 2,2 шақырымдық 7 көшеге асфальт төсеу жоспарлануда. Осы ауыл­ға қоңсы қонған «Жаңаталап-1» шағын ауда­нындағы 24 көшеде 21,1 ша­қы­рым пайдалануға берілді. Бұл жұ­­­мыс­тарды мердігерлікке таң­дал­­­ған «Аты­рауинжстрой-АИС», «Казах­Дор­Строй» және «Атыраукөлік» серік­тес­тік­тері жүргізіп жатыр.

 

Атырау облысы