Алдыңғы күні «Хабар» арнасынан алаңдатарлықтай аңдатпа берілді. Арна үш сериялы «Қытай» деректі фильмін көрермен назарына ұсынбақ екен. Кеше фильмнің бірінші сериясы көрсетіліп те кетті. Әлемде ел көп. Бәрін де білген жақсы, бәрін де көрген жақсы, бірақ ол мүмкін емес. Әйтсе де, басқаны білмесек те, Қытайды білу керек. Әсіресе бізге. Қытаймен құдайы көршіге. Ресейдің қолтығына кіргелі бергі кейінгі үш ғасырдай уақытта Қытаймен қарым-қатынас соншалықты тағдыршешті болмады демесеңіз, біздің бабаларымыздың бабаларының бабалары осы елмен аралас-құралас өмір сүргені анық, ал біздің балаларымыздың балаларының балалары осы елмен аралас-құралас өмір сүретінін қазірден-ақ кесіп-пішіп айта алатынымыз тағы анық. Бұл ара Қытай Халық Республикасының әлемдік геосаясаттағы, жаһандық экономикадағы алар орнына тоқталып, үшінші мыңжылдықтың басында көршіміздің қай жағынан да ұлы державаға айналғанын айтып жататын жер емес. Қытайдың қандай ел екені, ең бастысы – таяу болашақта қандай ел болатыны бүгінде баршаға белгілі. Жақында Мәскеудің «АСТ» баспасы әлемдік саясаттанудың патриархы Збигнев Бжезинский мен АҚШ-тың екі бірдей президентінің (Джеральд Форд пен үлкен Буштың) ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған Брент Скоукфорттың сұхбаттасуына құрылған «Америка и мир: Беседы о будущем американской внешней политики» деген кітабын шығарды. Кітаптағы ең басты тақырып, аннотацияда айтылғанындай, «барған сайын күш алып бара жатқан Қытаймен қарым-қатынасты қалыптастырудың жайы».

Алдыңғы күні «Хабар» арнасынан алаңдатарлықтай аңдатпа берілді. Арна үш сериялы «Қытай» деректі фильмін көрермен назарына ұсынбақ екен. Кеше фильмнің бірінші сериясы көрсетіліп те кетті. Әлемде ел көп. Бәрін де білген жақсы, бәрін де көрген жақсы, бірақ ол мүмкін емес. Әйтсе де, басқаны білмесек те, Қытайды білу керек. Әсіресе бізге. Қытаймен құдайы көршіге. Ресейдің қолтығына кіргелі бергі кейінгі үш ғасырдай уақытта Қытаймен қарым-қатынас соншалықты тағдыршешті болмады демесеңіз, біздің бабаларымыздың бабаларының бабалары осы елмен аралас-құралас өмір сүргені анық, ал біздің балаларымыздың балаларының балалары осы елмен аралас-құралас өмір сүретінін қазірден-ақ кесіп-пішіп айта алатынымыз тағы анық. Бұл ара Қытай Халық Республикасының әлемдік геосаясаттағы, жаһандық экономикадағы алар орнына тоқталып, үшінші мыңжылдықтың басында көршіміздің қай жағынан да ұлы державаға айналғанын айтып жататын жер емес. Қытайдың қандай ел екені, ең бастысы – таяу болашақта қандай ел болатыны бүгінде баршаға белгілі. Жақында Мәскеудің «АСТ» баспасы әлемдік саясаттанудың патриархы Збигнев Бжезинский мен АҚШ-тың екі бірдей президентінің (Джеральд Форд пен үлкен Буштың) ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған Брент Скоукфорттың сұхбаттасуына құрылған «Америка и мир: Беседы о будущем американской внешней политики» деген кітабын шығарды. Кітаптағы ең басты тақырып, аннотацияда айтылғанындай, «барған сайын күш алып бара жатқан Қытаймен қарым-қатынасты қалыптастырудың жайы».
Саясаттағы, экономикадағы алабөтен орнын былай қойғанда, Қытай – жері, елі, мәдениеті жағынан да ғажайып мемлекет. Олардың өз ғалымдарына айтқызсаңыз, Қытай өркениетінің тарихы бес мың жылдан асып жығылады, аңызға айналып кеткен арғы заманды ауызға алмайық, қағазға түсіп қатталған ғасырларды ғана қамтиық деп қазымырлана қалсаңыз да жазба деректерінің өзіне 3500 жылдан асқандығы сол сөзді мойындатпай қоймайды.
Қытай жеріндегі ғажайыптардың бірі – Шэньси провинциясындағы (айтқандай, ол өңір Қытайдың қазіргі басшысы Си Цзиньпиннің туған жері) Сиань қаласы маңындағы Сары саз сарбаздары. «Терракотовая армия» дегенді осылай алуға болатын сияқты. Ықшамдау сөйлесек, «Сиань сарбаздары» деуге де келеді. Анықтамалықтарда «неглазурованные керамические изделия» деп түсіндірілетін «терракота» 31 томдық терминологиялық сөздіктің «Сәулет және құрылыс» томында «терракота» күйінде алынғанымен, қазақ оның итальян тіліндегі «terra cotta» – күйдірілген топырақ («обожженная земля») сөзінен шыққанын білмесе де, кәдімгі күйдірілген сары саз екенін жақсы біледі.
Сары саз сарбаздарын көруді көптен көздегенмен соның бір сәті түспей қойған болатын. Президенттің ресми сапарларына ілесіп, бірнеше рет барғанда бағдарлама көбіне-көп ел экономикасының сипатын айқындайтын Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу, Хайнань өңірлерімен танысуға құрылды, журналист ретінде шақырған бірер жолы қытайлықтар өзімізге етенелеу Үрімші, Шәуешек, Құлжа жағын аралатуды қолай көрді. Ал Шэньси провинциясы ауқымы жағынан әлемде Ресей мен Канаданы ғана алдына салатын алып елдің дәл ортасында. Сөйтіп жүргенде, осыдан бір айдай бұрын Президент Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков Аспанасты еліне барып қайтуға шақыра қалды. Елбасы еңбегінің ерен зерттеушісі ретінде есімі елге кеңінен танымал қайраткер, саяси ғылымдар докторы Махмұт Базарқұлұлының бұған дейін қазақ, орыс тілдерінде бірнеше рет басылған, түрік тілінде де жарық көріп үлгерген «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты тағылымды кітабы қытай тілінде шыққан екен. Кітаптың қандай шет елдің тілінде де жарияланғаны абырой, әйтсе де, ағылшын, қытай сияқты әлемдік тілдерге аударылуының қадір-қасиеті тіпті бөлекше. Бейжіңде сол кітаптың тұсаукесеріне қатысып, Қытай еліне белгілі тұлғалардың біздің Президент туралы айтқан тамаша сөздеріне мерейленіп, өзіміз ширек ғасырдан бері дос-жаран болып келе жатқан азаматтың еңбегі жанғанына қуанып, сапарымызға көңіл толып тұрған тұста Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Ермекбаевқа Астанаға қайтар алдындағы ресми бағдарламадан бос күнде Сианьға барып келуімізді ұйымдастыру жөнінде өтініш айтқан болатынбыз. Ол өтінішіміз ықыласпен орындалды. Бейжіңнен таңғы алтыда ұшып шығып, күні бойы Сианьда болып, көздегеніміздің бәрін көріп, Қытай астанасына түнге қарай оралдық. Сонымен, біз бүгін «Әлемге әйгілі» авторлық айдарының аясында Қытайдың Сиань қаласы маңындағы керемет кешен – Сары саз сарбаздары туралы әңгімелейміз.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

1974 жылдың жазы Қытай жеріне, соның ішінде Сиань өңіріне де қатты қуаңшылық ала келеді. Көктемде еккен дақылдары көз алдарында қурап бара жатқанын көріп, қиналған көп диқанның бірі Янь Джи Ван еді. Ол өзіне қарасты алқапты құдық суымен суғаруға бекінеді. Қазып, қазып, бес метрдей тереңдікке жетеді. Әрі қарай қаза бергенінде сілтеген сүймені бір қатты затқа тиеді. Абайлап, аршып қараса... адамның басы. Әуелі сүйек пе деп қалады. Жоқ, сүйек емес, тастай қатты бірдеңе. Тағы қаза түссе жаңағы бастан кейін мойын, иық, жауырын, қол шыға келеді. Янь Джи Ван шаруасын жиып тастап, бұл жағдайды археологтарға хабарлайды. Археологтар жұмысқа кірісіп кеп кетеді. Қызықтың көкесі енді басталады. Жер астында көміліп жатқан адам мүсіні біреу емес екен. Екеу де емес екен. Он да емес екен. Енді бұл іске мемлекет араласады. Қомақты қаржы бөлініп, бүкіл Қытайдың ең маман деген археологтары жұмылдырылып, кешенді жұмыс жүргізіледі. Мүсіндердің саны жүз де емес екен. Жұмыс он жылдай бойы жалғасады. Сөйтсе, мүсіндердің саны мың да емес екен! Бірнеше мың екен... Ал керек болса!
1974 жылы бүкіл әлемнің телеграф агенттіктері арқылы жер-жаһанға жедел жеткен бұл сенсация жария етілген тұста Қытай ғалымдары жер астындағы осынау кереметтің не нәрсе екендігіне онша бас қатырып, таласып-тартысқан жоқ. Неге? Негесі сол, Аспанасты елінің басын біріктірген бірінші император Цинь Шихуанди (Ши-хуанди деп те жазыла береді) Сиань қаласының маңайында жерленген деп болжалданатынын Қытайда мектеп оқушысына дейін білетін. Сиань – әлемдегі ең ежелгі төрт астананың (Каир, Афина, Рим, Сиань) бірі. Қытай өркениетінің бүкіл даму тарихын Сианьды білу арқылы ғана тани аласыз. Өйткені, Сиань Батыс Чжоу әулетінен Таң әулетіне дейінгі 12 әулеттің астанасы. 1100 жыл бойы Сиань көне Қытайдың саяси, экономикалық және мәдени орталығы болғаны тағы бар.
Цинь Шихуанди туралы өз заманында үлкен еңбек жазып қалдырған атақты тарихшы Сыма Цяньның классикалық кітабында («Тарихи жазбалар») император өмірден өтерде ең таңдаулы 4 мың жауынгерді өлтіріп, өзімен бірге жерлеуге пәрмен еткенінен, алайда, жанындағы кісілер бұлай етуге болмайтынын, олай жасаған күнде, біріншіден, мемлекет әскери элитадан айырылатынын, екіншіден, ашынған халық көтеріліп кетуі мүмкін екенін айтқаннан кейін барып райынан қайтқанынан, содан соң мың сан жауынгердің сары саздан (терракота) күйдірілген мүсіндерін жасатып, жер астына орналастыруға әмір бергенінен көзі қарақты қауым жақсы хабардар еді. Сол замандардағы бүкіл адамзат баласы сияқты, қытайлардың да өмірден өтерде адамның тәні ғана өледі, ал жаны о дүниеде жасай береді деп санағанын айту артық шығар. Әркім о дүниеге шамасы келгенін әкетіп жататын. Шаруалар бейітіне азын-аулақ киім-кешегін, ыдыс-аяғын салдыртатын. Дәулетті кісілер жинаған алтын-күмісін қоса көмдіретін.
Ал мұнша құрмет көрсететіндей Цинь Шихуанди кім еді? Майкл Х.Харттың жер бетінде арғы-бергіде өмір сүрген ұлы тұлғалардың беделбағасын барынша әділ безбендеген деп мойындалатын «100 өмірбаян» кітабында Цинь Шихуанди 17-ші орынға орналастырылған. Тізімде Цезарь, Коперник, Фарадей, Шыңғысхан, Шекспир, Наполеон, Платон, Бетховен, Микеланджело сияқты адамдардың да алдында тұр ол. Атақты кітаптың авторы Цинь Шихуандиді біз санамалап өткен тұлғалардан да жоғары қойғанының себебін: «Батыс жазушылары кейде оны Наполеонмен салыстырады; алайда, оны Рим империясының негізін қалаушы Август Цезарьмен салыстырған орындылау көрінеді. Олар құрған империялар аумағы мен халқының саны жағынан шамалас болатын. Әйтсе де, Рим империясы әлдеқайда аз уақыт өмір сүрді, Август билік құрған аумақ өзінің тұтастығын онша ұзақ сақтай алған жоқ, ал Цинь Шихуанди басқарған аумақ туралы бұлай дей алмайсың. Осының өзі оны әлдеқайда биік тұлға етіп тұр», деп түсіндіреді («Сто великих людей», М., «Вече», 2002, 112-бет). Айтқандай, осы тұста Майкл Х.Харттың бағалауы бойынша адамзаттың ең ұлы тұлғасы деп пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) танылғанын еске сала кетуді артық көрмей отырмыз.
Біздің дәуірімізге дейінгі 259 жылы дүниеге келіп, 210 жылы өмірден өткен (б.д.д. даталары керісінше – көбеюден азаю жағына қарай есептеледі) Цинь Шихуанди Қытай тарихында ұлан-байтақ елді біріктірген тұңғыш император ретінде бөлекше бағаланады. Оған дейін Қытай деген тұтас мемлекет болған емес. Мемлекет шежіресінде «жеті патшалық» деп аталатын дәуірде тәуелсіз жеті мемлекет бір жағынан өзара қырқысумен, екінші жағынан теріскей беттен тынышты алатын көшпенділерге әрқайсысы өз бетінше тойтарыс берумен жүретін. Б.д.д. 246 жылы сол жеті мемлекеттің ішіндегі неғұрлым қуаттысы – Цинь патшалығының басына 13 жасар Ин Чжэн отырады. Кәмелет жасына жетісімен ол басқыншылық соғыстарын бастап кетеді. 221 жылға қарай қазіргі Қытай жеріндегі алты мемлекеттің алтауы да Цинь патшалығының алдында тізе бүгеді. Алып елдің тағына отырған Ин Чжэн енді Цинь Шихуанди (Цинь әулетінің Бірінші Ұлы Императоры) атанады. Ол бір-бірімен жағаласып жүрген патшалықтарды біріктіріп қана қойған жоқ, сонымен бірге қытайлық көпұлтты мемлекеттіліктің негізін де қалап берді. Елді 36 әскери округке бөліп, қатаң тәртіпке бағынатын орталықтандырылған билік орнатты. Цинь Шихуандидің ерекше еңбектерінің арасында салмақ пен көлем өлшемдерін қалыпқа түсіргенін, иероглифтерді бір ізге келтіріп, жазудың бірыңғай үлгісін қалыптастырғанын, бүкіл империяға ортақ ақша шығарғанын, Ұлы Қытай қорғанын салуды бастағанын айтуға болады. Ұлы Қытай қорғаны – Жер бетінде ғарыштан қарағанда жай көзбен көрінетін жалғыз нысан. Адам қолымен жасалғандардың арасында ғой, әрине. Қорған туралы кезінде (2002 жыл, 20 желтоқсан) жазылған мақаламызда: «Цинь Ши-хуанди Қытай тарихындағы ең ұлы реформатор ретінде айрықша қадір тұтылады. Біздің дәуірімізге дейінгі 238-210 жылдарда ол жасаған түбегейлі өзгерістер – әлі күнге дейін Қытай мемлекеттілігін ұстап тұрған негізгі ұстындар. Адам айтқысыз қатыгездігімен аты шыққан бұл әміршінің билік жүргізуінде бүгінгі күн биігінен қарағанда жантүршіктірерлік жайлар аз емес. Солардың ішіндегі ең аты шулысы – б.д.д. 213 жылы Қытайдағы кітап атаулыны (ауыл шаруашылығы, медицина ғылымдары мен Цинь әулетінің тарихына қатысты еңбектер, сондай-ақ, Заңгерлер мектебі жазушыларының қаламынан туған философиялық туындылардан басқаларын) өртетіп жібергендігі. Бұл арқылы Ши-хуанди алдымен Конфуций (Құңфұдзы) ілімінің әсерінен құтылуды ойлаған. Сонымен қатар, әлгі кітаптардың бәрінің бір-бір данасын астанадағы император кітапханасында құпия жағдайда сақтатып қойғаны да оның тым-тым алыстан ойлаған адам екенін көрсетеді...», деген екенбіз.
Жарайды, Цинь Шихуандидің о дүниеге осыншалық құрметпен, жанына бәлен мың тас жауынгер қосып аттандыратындай адам екеніне көз жеткіздік дейік. Енді кешеннің өзіне көшейік.
Императордың өліміне байланысты о дүниеге әскер аттандыру Цинь Шихуанди ойлап тапқан жаңалық емес. Одан екі ғасырдай бұрын өмір сүрген бір әйел патша қайтыс болғанда бүкіл сарай адамдарын тұншықтырып өлтіріп, бейітке бірге көмгені тарихтан белгілі. Патша о дүниеде де патшалық құруы керек. Цинь Шихуандидің атын әлемге жайдырып тұрған керемет жай – бұл кешеннің аумағы мен жасалу шеберлігі.
Алдымен айтарымыз: бұл шынында да кәдімгі кішігірім армия! Жер астында шамамен 8 мыңдай сарбаз, 520 жылқы, 150 аттылы әскер жылқысы жегілген 130 күйме тұр! Бір сөйлемге сыйғызып жаза салу оңай ғой. Ал егер біз сол сегіз мыңдай солдат мүсінінің әрқайсысы бірегей өнер туындысы екенін қадап көрсетсек; сол сегіз мыңдай солдаттың бірде-біреуінің бет әлпеті, дене тұрқы қайталанбайды, өйткені, әр жауынгердің тұрпаты, кейпі нақты өмірдегі адамдардан көшірілген, ақыр аяғы адамдардың шаш қайыруларына дейін бөлекше, бір тізерлеп отырған солдат етігінің ұлтанындағы кедір-бұдырға дейін бейнеленген десек; жауынгерлер, офицерлер, генералдар, бас штабтың қызметкерлері, шенеуніктер, акробаттар, музыканттар (о дүниеде де көңіл көтеру керек қой) киім киісімен де, жүріс-тұрысымен де өзгешеленеді; антропологиялық сипаттарына, бас киімдеріне, шаш қойыстарына қарап, жауынгерлердің қайсысы қай ұлттың өкілі екеніне дейін (ханьдықтар, моңғолдар, ұйғырлар, тибеттіктер, тағы басқалар) ажыратуға болады; сол 130 аттылы күйменің әрқайсысында 300-ден астам деталь бар, күймелердегі барлық детальдар әлі күнге жұмыс істейді – есіктер мен терезелер ашылады, дөңгелектер айналады десек; жауынгерлердің бәрі бір бетке – шығыс жаққа қарап тұрғанын, император қиратып, бағындырған патшалықтардың бәрі сол бетте болғанын айтып, әміршіден пәрмен түскен сәтте мына қалың қол өзіңізге қарай дүрк көтеріліп, шаба жөнелетіндей, атқа қонатындай әсер қалдырады десек, сіз не дер едіңіз?.. Осы айтқанымыздың өзіне таңданып отырғандар аз емес шығар, ал мұның бәрін өз көзіңмен көріп, өз қолыңмен ұстап қайтқандағы (туристер кәдесыйлық фотоға түсуі үшін саздан күйдірілген сарбаздардың көшірмелерін де көптеп жасап қойған, арасына тұра қалуға болады) әсеріңнің тіпті керемет екендігіне күмәнданудың керегі болмас. Расында да, Сиань сарбаздары – әлемдегі кереметтердің бірі.
Мұнда үлкен-үлкен үш павильон бар. Әсіресе, №1 павильон қайран қалдырады. Ауқымының өзі ересен: ұзындығы – 229 метр, ені – 61 метр. Екі футбол алаңындай. Осы жерде шамамен 6 мыңдай жауынгердің мүсіні тұр. 1980 жылы ғалымдар жауынгерлердің екінші колоннасын тапқан. Бұл екінші павильонда шамамен 2 мыңдай мүсін бар. 1994 жылы қазіргі үшінші павильон ашылған. Мұнда жер астындағы Бас штаб орналасқан.
Кешен қалай тұрғызылған? Мамандар мұндай кешенді жасауға 30 жылдан астам (38 жыл деп нақтылап тұрып жазатын авторлар да бар) уақыт кеткен, бұл іске шамамен 700 мыңдай адам жегілген деп санайды. Сары саз сарбаздары мен аттар, күймелер Қытайдың әртүрлі өңірлерінде әзірленіпті. Мүсіндердің шаң-тозаңдарын зерттей келіп, Қытай Ғылым академиясының Ботаника институты осындай қорытынды жасапты. Салмағы 200 килоға жететін ат мүсіндері жеткізуге оңай болуы үшін некропольге жақын тұста жасалыпты, солдаттар мүсіндері әр қиырдан жеткізіліпті. Өнертанушылар бүкіл әскерді 87 шебер жасап шыққанын нақпа-нақ айта алады. Қалайша? Әр мүсінде оны жасаған мүсіншінің ен-таңбасы бар. Мүсіншілердің әрқайсысында 10 қолбала болған көрінеді. Сонда әр мүсінші 30 жылдай уақыттың ішінде орташа 100 мүсіннен жасаған деп шамалай аламыз. Қалған адамдардың шаруасы – топырақ тасу, оны балшыққа айналдыру, илеу, езу, сазды шиыршықтап, жауынгердің дене тұрқының жалпы нобайын жасау. Бас, аяқ, қол бөлек-бөлек құйылған. Саз балшықтан адам кейіптеу, мінез бітімін беру, жауынгерлердің киім-кешегін, аттардың әбзелдерін, күймелердің әшекейлерін жасау сияқты нәзік шаруаның бәрін шебердің өзі атқарады. Жауынгер мүсіні қашалып біткен соң күн көзіне қойып, 10-14 күндей кептіреді, содан соң пеште, 1000 градустан кем түспейтін ыстықта бірнеше тәулік бойы күйдіреді. Пештен кәдімгі тастай қатты болып шыққан мүсіндер жылтыр сырмен қапталып, одан кейін боялады. Қазір кешендегі мүсіндердің ілуде біреуінде болмаса, бояудың ізі де қалмаған. Сары саз бояуды ұзақ ұстай алмайды екен.
Сианьға барып, осы кереметті көрген кез келген адам мына бір жайға назар аудармай қоймайды. Сарбаздардың да, сардарлардың да бірде-біреуінде қару-жарақ жоқ. Сонда олар о дүниеде императорын қалай қорғайды? Осы жағы ескерілмей қалған ба? Жоқ, ескерілген. Ескерілгендігі, жауынгерлердің қолдарының қару ұстауға оңтайланып тұрғандығынан-ақ көрінеді. Сонда қалай? Былай. Цинь Шинхуанди өмірден өткеннен кейін оның тағына денесі де, рухы да әлжуаз ұлы Эр Шихуанди отырады. Оның тақтағы татымсыз тірлігінен халық әбден запы болады. Көп ұзамай шаруалар көтеріліс бастап, жер астындағы әскердің әптер-тәптерін шығарады. Цинь Шихуанди өзімнен кейін халық патшалықтың тынышын кетірмесін деп қолдағы қарудың бәрін жинаттырып алып, қайта балқытқан немесе көзін жойып жіберген екен. Шаруалар жер астына түсіп, сегіз мыңдай әскердің қолдарындағы садақтар мен жебелерді, қалқандар мен семсерлерді тас мүсіндерден жұлып-жұлып алып кете барған. Сианьдағы кешенде қиратылған, тапталған мүсіндердің де көптігі содан.
Сары саз сарбаздары – ХХ ғасырдағы ең үлкен археологиялық жаңалықтардың бірі. Ежелгі Қытайдың мүсін өнерінің ғажайып үлгісі болып табылатын бұл кешеннің көп бөлігі әлі ашылған жоқ, ашылған жақтарының өзі толық аршылған жоқ. Жуық арада ашылмайды да, аршылмайды да. Қазба жұмыстары, жауынгерлерді қалпына келтіру ісі шамамен 70 жылда аяқталады деп отыр Қытай ғалымдары. Бұл арада мәселе қытайлардың аспайтындығында, саспайтындығында, асықпайтындығында ғана емес. Кешеннің көлемінің үлкендігінде де, жұмысқа көп қаржы керектігінде де тұрған ештеңе жоқ қазіргі Қытай үшін. Мәселе қытайлардың аруақ алдындағы қорқынышында. Әлі күнге Цинь Шихуандидің бейіті табылған жоқ. Кешенге жақын маңайдағы төбеде қазба жұмыстары қолға алынбаған. Сары саз сарбаздарынан құралған армия жалған бейітті күзетіп тұруы да әбден мүмкін деп санайды мамандар. Онда император бейітін бүкіл Қытайды шарлап іздеуге тура келеді. Тіпті кешен маңындағы Лишань тауының терең қойнауында Цинь Шихуандидің сағанасы бар, олар саркофагты жер астына тығып тастаған деген әңгіме шындыққа шыққанның өзінде қытайлар ол бейітті қазуға тәуекел етпеуі әбден мүмкін. Мәселе сағана тұрған жерге адам аяғы аттап басқан сәтте қарсы беттегі өзі атылатын жүздеген жебелер зуылдай жөнеледі деген аңызға сенуде де емес. Ағылшын ғалымы М.Коттерелл Қытай императоры сары саз сарбаздарынан құралған армияны ана жаққа ала кеткенде басқа ойы болған дейді. Оның айтуынша, балшықтан адамдар жасату арқылы Цинь Шихуанди келер ұрпақтарға аса бір маңызды ақпаратты шифр күйінде жеткізуге тырысқан. «Сто великих некрополей» жинағының (М., «Вече», 2004, 81-бет) құрастырушы-авторы Надежда Ионина былай дейді: «Археологтар салған беттен жауынгерлердің бет-әлпеті қытай иероглифтерін еске салатынына, сондағы 10 516 символдың бәрін емес, тек онын ғана еске түсіретініне назар аударған. Мысалы, олардың бірі «ыждағаттырақ үңілуге» шақырады, екіншісі «тоннель немесе жабық дәліз» дегенді, үшіншісі «күн» дегенді білдіреді, т.б. Ғалымдар қазірдің өзінде тұңғыш Қытай императорының о дүниеден жіберген сәлемдемесінің жалпы мағынасын аша алдық дегенді айтады. Ол шамамен былай басталады: Жабық дәліздегі жауынгерлерге жақсылап қара. Әр иероглифті жеке-жеке оқы, өмір басталған күннен бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтитын уақыттың мәніне өз ақылыңмен жетуге, күн мен құдайдың мәнісін білуге тырыс».
Ғалымдар саздан жасалған сарбаздардың санынан, орналасу ретінен бастап, сауыт-сайманындағы тойтарма түймелерге дейін терең мәнге ие дегенді айтады. Оларда қытайлар үшін қасиетті саналатын «6» және «9» цифрлары өте жиі кездеседі: «999» деген санды ежелгі Қытайдағылар жақсылық пен жұмақтың баламасы деп білген. Демек, Цинь Шихуанди соңынан ерген сарбаздарын жақсылық пен жұмаққа бастамақ болған. Ұлы көршіміздің қазіргі қуатты қалпына, қарышты қарқынына қарағанда, әлемге әйгілі әміршінің ол ойы орындала бастаған да сияқты.