Саясат • 05 Қараша, 2020

10 қаңтарда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді

3905 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы өтеді.

10 қаңтарда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді

Қазақстан Республикасы Пар­ла­ментінің Мәжілісі – заң шығару билігін жүзеге асыратын және тұрақты негізде әрекет ететін республиканың жоғары өкілді органы Палаталарының бірі. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Парламент Мәжілісі жүз жеті депутаттан тұрады.

Мәжілістің тоқсан сегіз депутаты жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы партиялық тізімдер бойынша сайланады.

Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассам­блеясы сайлайды.

Қазақстан Республикасының жиырма бес жасқа толған және Қазақстан аумағында соңғы он жылда тұрақты тұратын азаматы Парламент Мәжілісінің депутаты бола алады.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға қатысты - Ассамблея Кеңесіне тиесілі.

Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі.

Партиялық тізімде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс.

Мәслихаттар – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының еркін білдіретін және оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын, сондай-ақ олардың жүзеге асырылуын бақылайтын жергілікті өкілді органдар. Мәслихаттар депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Мәслихаттардың депутаттары жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Қазақстан Республикасының жиырма жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәсли­хаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға тиесілі.

Мәслихат депутаты болып сайлану үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның тиісті фи­лиалының немесе өкілдігінің жоғары басшы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі.

Партиялық тізімде әйелдер мен жиырма тоғыз жас­қа толмаған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс.