Спорт • 05 Қараша, 2020

Түбі бір түркілердің мақтанышы

1275 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Күні кеше Анадолы елінен «Энвер Түркілери қайтыс болды» деген қаралы хабар жетті. Абыз ақсақалдың қазасы қазақ жұртына да ауыр тиді. Кезінде Болгария мен Түркия ауыр атлетикасын өрге сүйреп, орасан зор биікке көтерген айтулы азамат ұзақ жылдар бойы біздің елде де еңбек етіп, ұлттық құрамада кеңесші-бапкер қызметін атқарды. Шынтуайтына келсек, қазақстандық зілтеміршілердің әлемдегі көшбасшы командалар қатарына қосылуы дәл осы майталман маманның арқасы екенін мойындауға тиіспіз. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. 

 

Түбі бір түркілердің мақтанышы

Тарихқа жүгінсек, үш дүркін Олим­пиада чемпионы атану бақыты небары төрт зілтеміршіге ғана бұйырған екен. Бұл биік белес түркиялық Наим Сүлейманоғлы мен Халил Мутлу және грекиялық Кахи Кахиашвили мен Димас Пирросқа бағынды. Алғашқы екеуі дәл осы Энвер Түркілеридің шәкірті. Міне, осы жайттың өзі-ақ айтулы азаматтың қандай майталман маман және ғұлама бапкер болғанын аңғартып тұр.

Энвер Түркілери 1942 жылы Бол­гарияның Кыржалы өңірінде дүниеге келді. Бұл аумақтың 90 пайызын түріктер мекендейтін. Түркілеридей білікті бапкер мен Сүлейманоғлыдай дарынды жас сол жақта табысты. Екеуі де сол өңірдің тумалары. Бұл 1977 жыл еді. 10 жастан енді ғана асқан бала­ның бойындағы бұла күшті бірден бай­қаған қырағы маман оны жақсылап тұрып баптады. Көп кешікпей Наим елеулі табыстарға қол жеткізе бастады. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы жарыстарда жасындай жарқылдап, ересектер дуына да еркін қосылды. 1983 жылы алғаш рет әлем чемпионатына қатысқан 16 жасар бозбала Мәскеуде күміс медальді мойнына іліп, төрткүл дүние жанкүйерлерін бір тамсандырып тастады. Міне, Сүлейманоғлының үлкен спорттағы жеңісті жолы осылай басталды. Сол мезетте бапкерінің де даңқы алысқа тарады.

Энвер ақсақал айтатын: «Мен жарты ғасырдан аса уақыт жаттығу залында тер төктім. Көпті көрдім, көп білемін. Әр спортшының мүмкіндігі мен әлеуетін шамалауға қарым-қабілетім жетеді. Кімге қандай ауырпталық арттыру қажет екені маған мәлім. Ұзақ жылдар Болгария мен Түркияда қызмет еттім. Мен қай жерде жүрсем де, ең бірінші кезекте, өз шәкірттерімнен темірдей тәртіпке бой ұсынуды талап еттім. Оларды еңбекқорлыққа баулыдым. Нәтижесін өздеріңіз білесіздер. Болгарияда 24 жыл еңбек етіп, 12 жыл бойы Иван Абаджиев сынды аты аңызға айналған бапкердің көмекшісі болдым. Сол кездері айтулы мемлекет әлемдік ауыр атлетиканың көшбасшысына айналды. Тіптен, азуы алты қарыс КСРО құрамасының өзін сан мәрте шаң қаптырдық. Сол кезде төрткүл дүние жұртшылығы «Шағын ғана Болгария мүйізі қарағайдай Кеңес Одағынан қалай озып кетті екен?» деп таңданыс білдірді. Бірақ бұл табыстың ешқайсысы өздігінен келген жоқ. Атақ пен абырой аспаннан түспейді. Мұның барлығы – ерен еңбек пен қажырлы қайрат, сабыр мен төзім, ынта мен жігер, жанкештілік пен жанқиярлықтың арқасы. Әу баста-ақ біз әлемдік көшбасшыға айналуды мақсат тұтып, сол жоспарды жүзеге асыру жолында көп еңбектендік. Тәулігіне 8-10 сағат бойы жаттықтық. Жылына 350 күн бойы тер төктік. Жиындар мен жаттығулар барысында қаталдық таныт­қан кездерім де жоқ емес еді. Бірақ қа­сымдағы әріптестерім де, шәкірттерім де мені дұрыс түсінді. Өйткені бұл қарақан басымның қамы емес. Барлығы да спортшыларды биік белестерге жетелеп, мемлекетіміздің даңқын арттыру үшін жүзеге асырылған шаруа болатын.

Сексенінші жылдардың бел ортасында Болгария билігі жергілікті түріктерге қатты қысым көрсете бастады. Өзге опасыздықтарын айтпағанда, көптеген азаматқа өздерінің азан шақырып қойған аттарын өзгертуге мәжбүрледі. Сол тұста Энвер Ануар Тулумов Наим Наум Шаламанов болып шыға келеді. Жүрегі «Түрік» деп соққан азаматтардың дені ондай қорлыққа көнбеді. 1986 жылдың соңында Сүлейманоғлы Түркияға қаш­ты. Сол үшін бапкері бірнеше айға түрмеге тоғытылды. Арада үш жылдай уақыт өткеннен кейін Түркілери де тарихи отанына оралуға мүмкіндік алды. Осылайша, білікті бапкер мен дарынды шәкірттің жолы Анадолы елінде қайта тоғысты.

Наимның бойы небары 147 сантиметр болса, салмағы 60-65 кило шамасында еді. Соған қарамастан, ол төрткүл дүниедегі теңдессіз спортшылардың қа­­та­рына еркін қосылды. Атап айтсақ, үш дүркін Олимпиада, жеті дүркін әлем және бес дүркін Еуропа чемпионы деген дардай атақтары бар. Сонымен қатар Сүлейманоғлының әлемдік рекордты 46 мәрте жаңартқанын айта кеткен абзал.

Өкіншке қарай, атақты спортшының өмірі келте болды. Ол 2017 жылдың 18 қарашасында ұзаққа созылған науқастан кейін Ыстанбұлдағы ауруханалардың бірінде көз жұмды. Даңқы жер-жаһанға тараған азамат небары 50 жыл ғана ғұмыр кешті.

Энвер Түркілери тарихи отанына қоныс аударғаннан кейін 15 жыл бойы ұлттық құраманы жаттықтырды. Сол кезде Түркия ауыр атлетикасы бұрын-соңды болмаған табыстарға иек артты. Жоғарыда есімі аталған Наим Сүлейманоғлыдан бөлек, Халил Мутлу жарқ етіп шықты. Ол да Болгарияда туғанымен, ертеректе Анадолы еліне қоныс аударған еді. 54, 56 және 62 кило салмақ дәрежелерінде бақ сынаған Халил 1996 жылы Атланта, 2000 жы­лы Сидней және 2004 жылы Афина Олимпиадаларында алдына жан салмады. Әлем чемпионатын бес және Еуропа біріншілігін тоғыз мәрте ұтты. Сан рет рекордтық көрсеткіштерді жаңартты. Спорттық шежіренің сарғайған беттерін парақтасақ, серпе көтеру жаттығуы бойынша өз салмағынан үш есе ауыр зілбатпан темірді еңсере алатын жер бетінде алты ауыр атлет қана болған екен. Солардың санатында Наим Сүлей­маноғлы мен Халил Мутлу да бар.

Энвер ақсақал айтатын: «Маған дейін Андолы елінде ауыр атлетиканың жағ­дайы тым мүшкіл еді. Олар бірде-бір Олимпиадада медаль алмаған. Әлем чемпионаттарында да жарытып өнер көрсеткен емес. Біз сол олқылықтың орнын толтырдық. Аяғынан тік тұрғыздық, өсірдік, өркендеттік. Уақыт оза еңбе­гіміздің жемісін көрдік. Түркияны күллі әлем санасатындай деңгейге көтердік. Ал 2004 жылы Афинада Халил Мутлу, Таңер Сағыр және Нұрхан Тайлан қарсылас шақ келтірмесе, Седат Артуч қола медальді мойнына ілді. Ежелгі Эллада елінің командалық бәсекесінде біз Қытайдан ғана қалып қойып, екінші орынды иелендік. Міне, Түркия ауыр атлетикасы осылай еңсе тіктеді».

Жаңа ғасыр табалдырықтан аттаған тұста Қазақстанның ауыр атлетикасы қатты ақсап тұрды. Даңқты Анатолий Храпатый үлкен спорттан қол үзгеннен кейін оның жеңісті жолын жалғастыруға күш-қуаты, ерік-жігері жететін саңлақ біразға дейін табылмады. 2004 жылы Афина Олимпиадасында Сергей Фили­монов тамаша өнер көрсетіп, күміс ме­дальді иеленгені есімізде. Шешуші тұста жерлесіміз Энвер Түркілери баптаған 19 жастағы жас жолбарыс Таңер Сағырға есе жіберді. Сол кезден бастап, қазақстандық мамандар түркиялық бап­кердің көмегіне жүгінуді құп көрді. Ұзақ жылдар бойы республика Ауыр атлетика федерациясын басқарған Қайрат Тұрлыханов ағамыз өзінің бір сұхбатында осы оқиға жайында былай деген еді: «Филимоновтың Афинадағы табысына қатты қуанғанымыз рас. Бірақ бұл нәтижені қанағат тұтуды қисынсыз көрдік. Осылай кесіп айтуға бірнеше себеп бар. Біріншіден, Қазақстанда жеңіспен өрілген жақсы дәстүр бұрын да болған. Екіншіден, бізде талантты жастар жетерлік. Үшіншіден, рес­публикамызда спортты өркендету үшін мемлекет тарапынан барынша қо­лайлы жағдай жасалған. Ал олай болса, тартынатын несі бар?! Мемлекет бас­шысының өзі қамқорлық көрсетіп отыр­са, біздің жалғыз ғана жүлдені місе тұтып, қол қусырып отырғанымыз жөн бе? Осының барлығын қаперге алып, алдымызға биік мақсат қойдық. Ал Афина Олимпиадасы аяқталатын күні сол кездегі еліміздің спорт басшысы Дәулет Тұрлыханов Энвер Түркілеримен келіссөз жүргізді. Талай жұлдыздарды тәрбиелеген бапкерді Қазақстанға шақыртты. Алғашында ол кісі біраз уақыт ойланып-толғанып жүрді. Біздің елге бір-екі мәрте келіп, дарынды жастардың көптігі мен спортты дамытуға барлық жағдай жасалғанына көз жеткізгеннен кейін ғана өз келісімін берді».

Энвер Түркілери Қазақстанға келген кезден бастап, отандық ауыр атлетикамызда өрлеу кезеңі басталды. Алдымен асқан талант иесі Илья Ильиннің бағын ашты. 17 жасында ол әлем чемпионы атанса, 20 жасында Олимпиаданы ұтты. Бірте-бірте басқа да сайыпқырандар алысқа самғады. Ұлдармен қоса, қыз­дар да қарқындарын күрт күшейтті. Әлем чемпионаты мен Олимпия ойын­­дарында түрлі-түсті жүлделерді кү­реп алып, жер-жаһандағы озық ко­ман­далардың қатарына қосылдық. Бас­қа да халықаралық және құрлықтық дең­гейдегі додаларда дараландық. Әр жыл сайын су жаңа чемпиондар бірінен кейін бірі шығып жатты. Байрақты бә­секелерде мүйіздері қарағайдай мем­ле­кеттердің талайы артымыздан сығалап қалды.

Энвер ақсақал айтатын: «Қазақстанға келген соң тек келісімшартта көрсетілген қаражатты қалтама салып алып, бейқам отыруға арым жібермеді. Өзімнің жылдар бойы жиған тәжірибем мен білімімді пайдалана отырып, елдің ауыр атлетикасына тың серпін әкелуді мақсат тұттым. Ол үшін ауыртпалықты арттырдым. Жаттығу процесі күрделене түсті. Иә, кейбір мамандар мен спортшылар арасында менің шынайы ниетімді дұрыс түсінбегендер болды. Қыңыр сөздер мен алып-қашты әңгімелердің шығуы да сондықтан. Бірақ мен алған бетімнен қайтқан жоқпын. Біле білсек, кәсіпқой спорт деген балабақша немесе орта білім беретін мектеп емес қой. Басынан сипап жүріп, Олимпиада чемпионын тәрбиелеу мүмкін емес. Үлкен спорт   қаталдықты қажет етеді. Керек десеңіз, кей кездері қатыгездік танытуға да тура келеді. Олимпиаданың үш дүркін чемпиондары Наим Сүлейманоғлы мен Халил Мутлу да сондай мектептен өткен. Алайда олар маған ренжіп, ешуақытта қыңыр мінез көрсеткен емес. Өйткені маған сенді, бапкер ретінде бағалай білді. Сондықтан да бәріне де көнді. Мен де шәкірттерімнің бағын ашу үшін аянып қалған жоқпын. Осындай ауызбірлікпен атқарылған шаруаның арқасында алға қойған жоспарымыз жүзеге асты. Олар өздерін әйгілі спортшы ретінде түбегейлі мойындатты. Ал бапкер үшін одан асқан бақыт жоқ. Кейіннен спортты қойғаннан кейін үлкен бір жиында Наимның «Түркілери жаттығу залында – диктатор, ал өмірде – шынайы дос және жанашыр әке», деп айтқаны жадымда қалды».

Міне, Энвер Түркілеридің тұсында Қазақстанның ауыр атлеттері осындай орасан зор биікке жетті. Өзі жиі сырқаттанып, балдаққа сүйеніп жүрген кезінің өзінде де үнемі жаттығу залынан табылатын. Үнемі ізденіс үстінде еді. Ғылым мен спортты ұштастыра білген маман қазақ жастары арасынан да не­бір дүлдүл спортшыларды шығарды. Алмас Өтешов, Қуаныш Рахатов, Анна Нұрмұхамбетова, Жасұлан Қыдырбаев, Жазира Жаппарқұл, Рүстем Сыбай және тағы басқа отандастарымыз аса ірі халықаралық жарыстарда жасындай жарқылдағанына сан миллион жанкүйер куә. Олар да әлемдік ауыр атлетика тарихында өшпес із қалдырды. Міне, сол абыз ақсақал 79 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, Энвер ақсақал!