Түптеп келгенде полиция, дәрігер, мұғалім – қоғамның айнасы. Бұл мамандық иелерінің абырой-беделі тікелей ел сенімімен өлшенеді. Әлдебір тұстан мүлт кетсе, бірден көзге түсетін де осылар. Абыройы асса, көкке көтеріп, жаман аты шықса, жерге ұратын жұрт бәріне төреші. Машақаты мол, тұзы жеңіл мамандарға артылатын жүк те жеңіл емес. Сөз басында тілге тиек еткеніміздей, шынымен де бүгінгі қоғамдағы полицияның беделі қандай деген сауал иектеп келіп, иіріміне тартады.
Сөздің ашығы керек. Осыдан он шақты жыл бұрын біздің буын мектеп бітірген тұста қатарластарымыздың көпшілігінің милиция мамандығына аңсары ауатын. Сан түрлі фильмдердегі әділет өкілдерінің әдебі мен ерлігі аңыздай айтылып, бала қиял болашағын осы бір мамандықпен байланыстырушы еді. Тұтас буынды тәрбиелеген көкжәшіктен мұндай кинолар көптеп көрсетілетін. Ал ғаламтордың кеңге қанат жая қоймаған кезі. Яғни қазіргі тәртіп өкілдерін төмендеткен түрлі бейнежазбалар мен пікірлер мүлде бой көрсетпейтін. Бір сөзбен айтқанда, полицияның қоғамдағы бейнесі биік болатын.
Қызыл қалпақтыларды көргенде қарапайым жұрт неге жиырыла қалады деген сауалдың бір ұшын осы желідегі еркіндіктен іздеуге болатындай. Ашық қоғам ұранын алға ұстаған ағайынның көпшілігі олардың ісінен ізгіліктен гөрі кемшілік көргісі келіп тұратынын аңғару қиын емес. Әрине, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Өркениетті елдерде азаматтар полицияны таяныш тұтса, бізде ондай түсінік әлі толық қалыптаса қойды деу қиын. Бұлай болуының себептері де жоқ емес. Қызметін пайдаланып, тарпаң мінез танытып, әділеттің ақ жібінен аттап жүрген кейбір әділет өкілдерінен зәбір көргендер прокуратураға шағымданып жатқан жайларды да естіп-біліп жүрміз. Әлемді әбігерге салған пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде блок-бекеттен өткізгені үшін ақша сұраған полицейлерді де көзіміз көрді. Әрине, бірлі-жарым дерекке сүйеніп тұтас құрылымға күйе жағуға болмас. Қалай айтқанда да, «көсеуі ұзынның қолы күймейді» дегендей, әділетке үндеушілердің әдептен аттап өтуі әдетке айналмағаны дұрыс-ақ. Бүгінгі ой құқық қорғаушылардың қоғамдағы рөлі қандай деген сауалдан туындап отыр.
Сөз басында мұғалім мен дәрігерді полицейге бекер қосарлап айтқан жоқпыз. Технологиялар салтанат құрған дәуірде ешкімнен ештеңені жасыру мүмкін емес. Бүгінгі бала – мұғалімнен көрген теперішін, науқас – дәрігердің дәрменсіздігін, жәбірленуші полицейдің дөрекілігін қаз қалпында қол телефонына түсіріп, желіге жариялай салатын болды. Азаматтардың құқықтық сауаттылығы артып, әркім өз құқын білгені жақсы, әрине. Дей тұрғанмен ашықтық деген осы екен деп, жөн-жосықсыз кінәмшіл болудың арты тырнақ астынан кір іздеуге ұласып кетті ме дейсің. Желідегі танымалдылығын арттыру үшін әдейі тәртіп бұзып, тоқтатқан сақшыны сан түрлі сауал қойып састыратындар да көбейген. Мұндай бейнежазбаларды қарап отырып, білігіне білімі сай емес қызметкерлердің тосын сұраққа тосылып беті қызарғанын көріп, өзің ұяласың. Бұл әрине желі алдында отырған жеткіншектің санасында мәртебелі мамандық туралы қандай түсінік қалыптастыратынын ойлаудың өзі қиын.
Қоғамның бет-бейнесі саналатын полиция қызметкері кәсіби жолда ұқыпсыздыққа, немқұрайдылыққа бой алдырмағаны жөн. Оның мінез-құлқынан, жанашырлық пен азаматтықтың исі аңқып тұруы керек-ақ. Бұл тұрғыда полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов азаматтықтың айнасына айналуға тиіс ізбасарларының болашағына алаңдайды.
– Несін жасырамыз, ішкі істер органдарындағы адал қызметкер-лердің бейнесі күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарында елеусіз қалғандай. Турашыл полиция қызметкері мерзімді басылымдар мен теледидардың назарына іліне бермейтін «тартымсыз, қызықсыз» кейіпкерге айналды. Неге? Көптеген фактор лардың, соның ішінде, қызметкерлердің және олардың отбасы мүшелерінің жеткілікті әлеуметтік қорғалмауы салдарынан полиция қызметкері мамандығының беделі төмендеді. Ішкі істер органдарына қызметке келгендердің көпшілігі аталған саланы жұмысқа орналасудың бірден-бір мүмкіндігі ретінде көрді. Басқаша айтсақ, басқа жұмыс таба алмағандар, өз мамандығына барғысы келмейтіндер үшін бұл сала қызметке тұрудың көзі деп бағаланды. Ал мамандар ондай азаматтарда жеке тұлғалық ой еркіндігі, тұлғалық кемшіндік болатынын айтады. Полиция қызметкері беделінің төмендеуінің бір қыры осында жатыр. Сондықтан қоғаммен ашық диалог және серіктестік қатынас орната отырып, құқық қорғау органдарына кешенді және терең реформа жүргізетін мерзім әлдеқашан пісіп-жетілді деп ойлаймыз. Зайырлы, құқықтық, демократиялық және әлеу- меттік мемлекетке ашық, сауатты және моральдық негіздегі мығым полиция қажет. Сонымен қатар баға біржақты болмай, қоғамға да белгілі бір талаптар қойылуы тиіс. Қазіргі руханилық пен имандылықтың, заңға құлықтылықтың өзегіне үңіліп көрсек, негізгі қағидаттар құндылықтарынан айырылып, олар екінші кезекке сырғыды. Бұл арада «Қоғам өзінде жоқты полициядан талап етуі қисынды бола қояр ма екен?» деген сұрақ туындайды, – дейді генерал-майор Мирлан Қызылов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында заң және құқық саласын реформалаудың бірнеше жолын ұсына келіп, полиция, прокуратура мен сот қызметін жіктеп берген болатын. Әсіресе азаматтардың қауіпсіздігі мен құқығы бірінші орында тұруға тиіс екенін баса айтты. Президент өз сөзінде: «Құқық қорғау жүйесінің жұмысында ескіліктің сарыны жойылмағандықтан, тек айыптау жағы басым. Азаматтардың негізсіз қылмыстық қудалауға түскен кездері болды. Қылмысты анықтаған жедел уәкіл мен процессуалды шешім шығаратын тергеуші бір басшыға бағынады. Ал оған қылмысты жылдам ашып, сотқа жіберу маңызды. Алайда көрсеткіш қуамыз деп азаматтардың құқығын таптап, бостандығын шектемеу керек» деген болатын.
Бірер күн бұрын ішкі істер саласының қызметкерлері үшін ақжолтай жаңалық жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев сала қызметкерлерінің жалақысы төмен екенін айтып, қордаланған мәселенің түйінін шешу үшін Үкіметке үш жылдың ішінде тәртіп сақшыларының жалақысын 30 пайызға көтеруді тапсырды. Құрылым қызметкерлерінің бұл сенімді абыроймен ақтайтынына сенім білдірген Президент, пандемияның бірінші кезеңінде карантин шараларын қамтамасыз етуге қатысқан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне сыйақы төлеуге 6,6 миллиард теңге бөлінгенін, жыл соңына дейін тағы да 11,5 миллиард теңге берілетінін атап өтті.
Президент тапсырмасына сәйкес өңірлерде жергілікті полиция қызметі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша учаскелік инспекторлардың жұмысын жандандыру мәселесіне айрықша мән беріліп отыр. От пен оқтың ортасында жүрген азаматтардың өміріне төнетін қауіп те көп. Ауыр желдің өтінде арманынан алыстап қалғандар қаншама. Тұтас ел аумағын айтпағанның өзінде, Тәуелсіздік алған жылдардан бері бір ғана Алматы қаласында 69 полиция қызметкері жұмыс бабында қапыда қаза тауыпты. Олардың есімдері ел жүрегінде.
Қорыта айтқанда, қоғам қауіпсіздігі мен темірдей тәртіпті қамтамасыз ететін полицейлер бұқараға жақын, кәсібіне адал болса дейміз. Құқық қорғау органы қызметкерлерінің имиджін көтеру мәселесі де айрықша назар аударуды қажет ететіндей. Мұндағы басты мәселе – халықтың оларға деген сенімін күшейту. Ақты ақ, қараны қара дейтін құқық қорғаушылар заңға да, арға сүйеніп, адамдығы мен мамандығын тең ұстаса, құба-құп.
АЛМАТЫ