Қоғам • 06 Қараша, 2020

Тапсырмалар іске асырылуымен құнды

170 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігінің апталық баспасөз мәслихатында ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаев Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру барысы туралы баяндады. Сондай-ақ министр ішкі істер органдарының осы жылдың тоғыз айындағы қызметін қорытындылады.

Тапсырмалар іске асырылуымен құнды

Ведомство басшысының айтуынша, еліміздегі қылмыс саны 37%-ға азайып, ауыр қылмыстардың ішінде денсаулыққа зиян келтіру қылмыстары – 12%-ға, зорлық – 39%-ға, қарақшылық – 52%-ға, тонау – 50%-ға, бұзақылық фактілері 45%-ға төмендепті.

– Жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайды. Көшеде жасалатын қылмыс – 51%-ға, мас күйде жасалатын қылмыс – 16%-ға азайып отыр. Қылмысты ашу көрсеткіші жақсарды. Ауыр қылмыстардың 64%-ы, аса ауыр қылмыстардың 94%-ы ашылды. Сонымен қатар карантин кезінде үйде отырып, алкогольдік ішімдіктер ішу фактілері көбейген. Соның салдарынан тұрмыстық қылмыстардың саны өсті. Ішімдік әсерінен адам өлтіру фактілері – 12%-ға, жасөспірімдерге қатысты зор­лық фактілері 19%-ға артып отыр. Көп жағ­дайда жәбірленушінің жақын танысы немесе туысы зорлағаны анықталып отыр. Олар – әкесі, өгей әкесі, көршісі неме­се таныстары. Мұндай әрбір факті – отба­сы үшін үлкен трагедия. Жағдайды дұрыс­тау үшін профилактикалық шаралар күшейтіліп, есепте тұрған азаматтармен жұмыс жүргізілді, – деді Е.Тұрғымбаев.

Министрдің айтуынша, отбасын қорғау үшін учаскелік инспекторлар 61 000 қорғау нұсқамасын шығарыпты. Сондай-ақ еліміздегі қылмыстық жағдай 29 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында баяндалды. Аталған отырыста Президент қоғамдық қауіпсіздікті сақ­тауда полиция қызметкерлерінің жұ­мысы маңызды екенін айтып, ведомствоның алдына нақты тапсырмалар қойған болатын.

– Мемлекет басшысы ең алдымен қоғамдағы тәртіптің сақталуын тапсырды. Президент ұлтаралық келісім мен қоғамдағы тұрақтылық – ең басты құндылық екенін алға тартты. Адамдар өз қауіпсіздіктері үшін алаңдамауы керек. Бүгінде Ішкі істер министрлігі әлеуметтік дау-дамайлар мен қоғамдық тыныштықты бұзудың алдын алу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Қызметтің сервистік моделі енгізілуде. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де жолға қойылды. Патрульдік полицияның жұмысы көшелерде, бақтарда, аулаларда, адамдар көп жиналатын орындарда қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Әкімдіктермен бірлесіп криминогенді аудандарда Жапония, Оңтүстік Корея және Сингапур елдерінің тәжірибесі бойынша арнайы стационарлық бекеттер қойылып жатыр. Ол жерде полиция қызметкерлері тәулік бойы қылмыстардың алдын алып, азаматтарды қабылдай алатындай жағдай жасалған. Бүгінде аймақтарда осындай 44 бекет орнатылған. Алдағы екі жылда дәл осындай 176 бекет орнату көзделіп отыр, – деді Е.Тұрғымбаев.

Ведомство басшысының айтуынша, учаскелік инспекторлардың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеру жұмыстары жүргізілуде. Президент өз сөзінде «қыл­мыстың алдын алатын негізгі тұлға – учас­келік инспектор» деп атап өткен бола­тын. Ол жергілікті халықтың проб­лема­ларын шешіп, қылмыстардың жолын кесіп, азаматтардың қауіпсіз болуын қам­тамасыз етуі керек. Сондықтан учаскелік инспекторлардың құзыретін арттыру жұмыстары әлі де жалғасатын болады.

– Оларға заңнамалық тұрғыда өздігі­мен тыйым салуға, тәртіп бұзған аза­мат­тарға шектеу қоюға құзырет беру жос­пар­лануда. Мәселен, учаскелік инспектор жанжал шығарған отбасы мүшесін үйден шығарып жібере алады. Сондай-ақ учаскелік инспектор шешім қабылдай алатындай баптардың санын арттыру көзделуде, – деді ведомство басшысы.