22 Қараша, 2013

Жергілікті жол жақсарады

184 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылжар өңірінде де жергілікті маңызы бар жолдардың сапасы сын көтермейді. Олардың 43 пайызының тозығы жеткен. Соның салдарынан қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қатаң сақтала бермейді. Жыл басынан бері 300-ден астам жол-көлік оқиғасы орын алып, 42 адам көз жұмған.

 

Қызылжар өңірінде де жергілікті маңызы бар жолдардың сапасы сын көтермейді. Олардың 43 пайызының тозығы жеткен. Соның салдарынан қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қатаң сақтала бермейді. Жыл басынан бері 300-ден астам жол-көлік оқиғасы орын алып, 42 адам көз жұмған.

Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев пен облыс әкімі Самат Ескендіровтің қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте облыс пен аудандар қарауына жататын тас жолдарды дамыту бағдарламасының орындалу барысы мен алдағы міндеттер жан-жақты талқыланды. Облыс автомобиль жолдарының ұзындығы бойынша елімізде үшінші орын алса, 4 мыңдай шақырымы қанағаттанғысыз күйде. Бұл мақсат үшін аймақтық қазынадан келесі жылы 4,5 миллиард теңге қарастырылған. Бұл көрсеткіш 2012 жылға қарағанда 1,8 есеге көп. Министр өз сөзінде сапа мәселесіне, жаңа технологияларды кеңінен пайда­лануға үлкен екпін түсірді. Биыл 3 заманауи жылжымалы зертхана сатып алынғанын, келесі жылы тағы 8-і жеткізілетінін, одан әрі барлық өңірлер қамтылатынын жеткізді. Мұның өзі жұмыстың жоспарлы атқарылуына мүмкіндік береді. Тендерді ұтып ала тұра, өз істеріне салдыр-салақ қарайтын құрылыс компанияларына қатаң жаза қолдануды, тіпті, негізгі жұмыстан шеттету­­ге дейін шара қолдануды тапсырды.

Самат Сапарбекұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы жер­гілікті маңызы бар жолдарды да­мы­тудағы олқылықтарды атап көр­сеткенін айта келіп, бюджеттен бөлі­нетін қаражаттың көбейгенін, сапаға басты назар аударылғанын, Астана – Петропавл және Келлеровка – Тайынша – Чкалов бағыттарында екі жобаның ойдағыдай жүзеге асып жатқанын атап көрсетті.

Жиында бірқатар ведомство жетек­шіле­рінің есебі тыңдалды. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Ақан Қажкенов өңір жол­дарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарып жатқан шаралармен таныс­тырды. Жол апаты 8 пайызға, адам шығыны 27 пайызға кемігеніне қарамастан жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Жол-көлік апаттарының 80 пайызы мас жүргізушілердің кінәсінен жасалады. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ерік Сұлтановтың айтуынша, өңіріміздегі 375 шақырым жолдың сапасы республикалық көрсеткіштен де төмен. Үстіміздегі жылы жергілікті жердегі республикалық маңызы бар жол желілерін дамытуға 3 миллиард теңгеден астам қаржы тартылмақ. Петропавл – Көкшетау қалалары ба­ғытындағы жолдарды жаңғырту жұмыстарын 2015 жылға дейін аяқтау көзделген. Автомобиль жолдары коми­теті төрағасының орынбасары Аман­гелді Беков жергілікті желілерді нығайтуға үстіміздегі жылы 1,5 миллиард теңге жұмсалатынын, алдағы жы­лы 1 миллиард теңгеге молаятынын көлденең тартты.

Аймақ басшысы жыл өткен сайын жергілікті мақсатты қаржы мөлшерінің ұлғая түскенін, оның үстіне астықты өлкенің маңыздылығын ескере отырып, республикалық трансферттің де мөлшері көбейсе деген тілегін жеткізді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар