Қойылым ең алдымен көрермендердің өзіне Шәмші әндерін орындатудан басталды. Ал дүйім қазақ даласында, әсіресе ересек, егде қауымның арасында Шәмшінің әнін шырқамайтын, құлаққа сіңген таныс әуен естілгенде, тосырқап тұрып қалатын адам бар ма, сірә? Сезім қылын шертіп, жүректі лүпіл қаққызатын сағынышқа толы лирикалық әндердің бір-бір шумағын әр көрермен жүргізуші әртіспен бірге шабыттана шырқап, шалқыған көңіл тек шымылдық ашылғанда ғана сабыр тауып, басылғандай болды. «Ақ бантик», «Қайықта», «Ана туралы жыр», «Арыс жағасында», «Кешікпей келем деп ең», «Өмір-өзен» – композитордың қай әнінің де композициялық құрылымы, тақырыбы сахналық қойылымға өз-өзінен сұранып тұрғандай. Режиссер Еркебұлан Қабдыл Шәмшінің халық арасына кең тараған әндерінің мазмұнын бір арнаға тоғыстырып, қос ғашықтың махаббат хикаясына негіздеген. Ал спектакльдің суретшісі – Алтынай Жүсіпәлі.
Қуыршақ театрының аядай залы әп-сәтте ән падишасының әдемі әлеміне айналып шыға келді. Режиссер Е.Қабдылдың жас көрерменге Шәмші әндерінің өміршеңдігін, талант табиғатына жасырынған сырды түсіндіргісі келгенін, композитор әндерін насихаттауды мақсат тұтқанын аңғармау мүмкін емес. Қазақ өнерінің тұтас бір дәуірін өркендетуге айырықша үлесін қосқан ән серкесінің музыкалық мұрасы бүгінгі жас балаларға жат болмай, керісінше, жүрегінен орын тауып жақындай түсуі үшін сахналық тәсілдерді кеңінен пайдаланған. Ән табиғатына сай, образға лайық, өте сәнді тігілген қуыршақтардың қатысуымен орындалатын әрбір ән жанды әсер туғызады. Ұлттық құнары басым, ән өзегінен ұшып шыққан анаға, досқа, туған жерге деген сүйіспеншілік, мейірім, сыйластық, ізгілік сезімі бала бойында жаңадан қалыптасып келе жатқан адамгершілік қасиеттермен ұштасып, отаншыл азамат болып өмір сүруге жетелейтіні сөзсіз. «Ең басты мақсатымыз – Шәмші әндерін өскелең ұрпаққа насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Төл өнерін танып өскен баланың келешекте өз елі мен жеріне деген махаббаты мол болады», дейді Еркебұлан Қабдыл.
Балаларға Шәмші Қалдаяқовтың әндерін таныстыру қойылымы сахнадағы сәтті қадамның бірі. Спектакльде Мәдениет саласының үздігі Мақсат Камалов және «Сахнагер» ұлттық театр байқауы «Үміт» номинациясының иегері Арай Сақтағанова екі жастың махаббаты линиясында ойнаса, Арайлым Байырбекова, Руслан Әбу, Шоқан Құлназаров, Бақытжан Каюов, Әсем Чайалканова, Салтанат Төребай, Ғалым Амангелдіұлы, Гүлбаршын Өнімбай сынды жас әртістер жарты ғасыр бойы қаланы да, даланы да тербетіп келе жатқан әсем әндерді тамылжыта орындады.
Айта кеткен жөн, қуыршақ театры бұған дейін ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын арқау еткен «Мен деп ойла...» атты қойылымды сахналаған. Қазақтың тағы бір өнер иесі Шәмші Қалдаяқовқа арналған кезекті қойылым – осы туындының заңды жалғасы.
АЛМАТЫ