Өнер • 09 Қараша, 2020

Халық театрлары қайта ашылды

749 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Хантәңірі», «Қарадала» халық театрларының ашылуы ауыл мәдениетінің дамуына ғана емес, жаңа жұмыс орындарының да ашылуына ықпал ететін болады.

Халық театрлары қайта ашылды

Жетісу өлкесінде қос театр­дың­ шы­мылдығының ашылуы өнер­ге сусаған жұртшылықты бір сер­­пілтіп тастағаны анық. Мұны­мен қоса жыл соңына қарай ха­лық театрларының қатары тағы көбейетіндігі жайындағы жаңа­лық облыс халқы үшін үлкен сый болып отыр.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңын ала жабылып қалған «Нарынқол» халық театры «Хантәңірі» театры бо­лып қайта ашылып, Бикен Ри­мова атындағы Талдықорған драма теа­трында ақиық ақын Мұ­қа­ғали Мақатаевтың «Аққулар ұйық­та­ғанда» поэтикалық-сазды драмасымен алғашқы қойылымын бас­тады. Қойылымда Қарасаз­дан түлеп ұшқан қос ақын Мұқаға­ли мен Еркін Ібітанов бейнелері қай­та қауышты. Ал Ұйғыр ауда­­­нындағы «Қарадала» халық теа­т­­ры­ның тұсауы А.Құнанбайұлы поэ­масының желісімен сахна­лан­ған «Ескендір» қойылымымен кесілді.

Осы екі театр ісінің жанданып, көрерменімен қауышуына мұрындық болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Асқар Наймантаев. Балалық шағы осы театрдың тарихымен байла­ныс­ты айтулы өнерпаздың әке­сі Әбдіғалым Наймантаев «На­рын­қол» халық театрында режис­сер болып еңбек етсе, анасы Ра­фия Райжанова сол халық теат­рының әртісі болып қызмет атқарған.

«Хантәңірі» театры болып құ­­рылған өнер ордасы шы­мыл­ды­ғының «Аққулар ұйық­тағанда» шығармасымен ашылуы әрі Мұ­қағали Мақатаев пен Еркін Ібі­танов есімімен байланысты болуы кездейсоқтық емес. Сонау елуін­ші жылдардың соңында Шал­­көде ауылында мұғалім бо­лып тұрғанында Мұқағали аға­мыз бен Лашын Мұратқызы көр­­кем­өнерпаздар үйірмесінде Қыз Жібек пен Төлегенді ойнаса, Ер­кін ағамыз аудан орталығында 1957 жылы көркемөнерпаздар үйірмесін ашқанын әлі күнге аудан жұртшылығы ұмыта қойған жоқ. Осылайша, аудандық театр 1960 жылы құрылып, 1963 жылы халық театры атағын алған.

«Басшысы, құрамы, сахнаға қызмет жасау мамандары кәсіби мамандардан құралса кәсіби театр болып шығады. Әлем театр­ларының тарихы бойынша бар­лық театр ең әуелі халық театры болып ашылғаны белгілі. Мен екі театрдың ашылуына көмек жа­садым. Ендігі кезекте театрға екі аудан өздері ие, өздері басшы. Қызметке алатын да өздері. Әрі қарай қолымнан келгенше көмегімді аямаймын. Бастаған істі тастамаймын да. Бұған дейін облыста ашылған театрлардың әрқайсысында оннан астам штаты бар. Сондықтан да жаңа ашыл­ған театрлардың алдында үл­кен жоспарлар тұр. Жастардың да талабы ерекше қуантады. Көр­ген дүниесінен қорытынды шы­ғарып, бастамаларды қолдап ке­туге даяр-ақ тұр» деген Асқар Най­мантаев «Хантәңірі» мен «Қа­радала» халық театрлары ашыл­ды деген сәттен «театрға алы­ңызшы» деген өтініштердің көп болғандығын айтады. Олардың қа­тарында қолынан іс тігу келе­тін шеберлер де, зергерлер де бар. Жұмысқа сұранған жастар­дың өтініші көбейгендігіне қуа­нышын жасырмаған А.Най­ман­­­таев ағымдағы мерекелер­мен қатар, келер жылы наурызда облыстық халық театрлар фес­­­­­тивалі өтетіндігін жеткізді. А.Най­­­мантаевтың айтуынша, театр­ екі адамнан құрылатын отау емес, үлкен өндіріс. Сон­дық­­тан да Райымбек, Ұйғыр ау­дан­дық әкімшіліктері де жа­ңа жұмыс орнын ашуға дайын. Осы екі театрдың аудан әкім­дік­тері мен өнерге жанашыр аза­маттардың қолдауының арқа­сын­да ашылғаны белгілі. Сол сияқты мамандар келе қалса, театр емес, өнер мектептерінде де жұмыс табылады. Ең бастысы мәдениетке сусаған өңірде өнер қозғалысы бас­талды. Енді осыны әлсіретіп алмай, ақылдасып отыратын іс көп. Егер де жастар осы қарқынмен жұмыс істей білсе, ауданда өнердің қанат жаятынына сенім мол.

 

Алматы облысы