Қоғам • 09 Қараша, 2020

«Цифрлы Қазақстан»: Адам құқығын жаңа технологиялар қорғайды

659 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жасалған құқық бұзушылық пен қылмыстың ізін суытпай бетін ашу мәселесі қашан да өзекті. Құқық қорғау органдарының қызметі де көбіне-көп осындай әрекеттер арқылы бағаланып жатады. Заман да, қоғам да тәртіп сақшыларынан ең алдымен осыны талап етеді. Алайда адам баласының барлық оғаш әрекетін қадағалап отыру мүмкін емес. Соған қарамастан, полиция қызметкерлері қол қусырып отырған жоқ. Мұндайда құқық қорғау органдарына заманауи технологиялардың пайдасы көп тиеді.

«Цифрлы Қазақстан»: Адам құқығын жаңа технологиялар қорғайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Бейнебақылау жүйесін дамыту жөнінде көп айтылады. Бірақ соған қарамастан құқық қорғау органдары көбінесе өздерінің ғи­мараттарында құрылғысыз отырады», деген еді. Мұндай бақылау құрылғыларының ма­ңызы ғимарат ішінде ғана емес, аулаларда, саябақтар мен көшелерде де маңызды. Себебі заңға қайшы әрекеттердің дені ғи­мараттардан тыс аумақтарда жасалатыны белгілі.

Иә, еліміздегі құқық бұзушылықтар да жыл санап азайып келеді. Мәселен қылмыс саны 37%-ға, ауыр қылмыстардың ішінде денсаулыққа зиян келтіру қылмыстары  – 12%-ға, зорлық – 39%-ға, қарақшылық – 52%-ға, тонау – 50%-ға, бұзақылық фактілері 45%-ға азайған. «Адамдар өз қауіпсіздіктері үшін алаңдамауы керек. Бүгінде Ішкі істер ми­нистрлігі әлеуметтік дау-дамайлар мен қо­ғам­дық тыныштықты бұзудың алдын алу бойын­ша барлық қажетті шараны қабылдап жатыр. Қызметтің сервистік моделі енгізілуде. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де жолға қойылды. Патрульдік по­ли­цияның жұмысы көшелерде, бақтарда, аула­ларда, адамдар көп жиналатын орындарда қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз ету­ге бағытталып отыр. Әкімдіктермен бір­лесіп криминогенді аудандарда Жапония, Оңтүстік Корея және Сингапур елдерінің тәжірибесі бойынша арнайы стационарлық бекеттер қойылып жатыр. Ол жерде полиция қызметкерлері тәулік бойы қылмыстардың алдын алып, азаматтарды қабылдай алатындай жағдай жасалған. Бүгінде аймақтарда осындай 44 бекет орнатылған. Алдағы екі жылда дәл осындай 176 бекет орнату көзделіп отыр», деген еді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Ең бастысы, көшеде жасалатын қылмыс­тардың 51%-ға азайғаны байқалады. Бұл көр­сеткішке жетуге тәртіп сақшыларының ты­нымсыз еңбегімен қатар, бейнебақылау құрыл­ғыларының уақтылы орнатылып жатқаны зор септігін тигізді. Мысал ретінде, аталған ведомствоның Жедел басқару орталығының қызметін алып қарайық. Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсеновтің айтуынша, ведомство қызметінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жаңалықтар айтарлықтай көп көрінеді. Мәселен елімізде полицияға жүгінудің көп ар­налы жүйесі бар. Бұл жүйе кез келген ың­ғайлы тәсіл арқылы (чат-боттар, мессенд­жер­лер, әлеуметтік желілер және тағы басқалар ар­қылы) көліктерді дұрыс қоймау, вандализм жағдайлары, қоғамдық орындарда қоқыс­ тас­тау, есірткі саудасы сынды құқық бұзушы­лықтар туралы ақпараттарды ішкі істер органдарына жедел жіберуге мүмкіндік береді.

Осылайша, заманауи технологияларды қолдану адамдардың қауіпсіздігін күшейтіп, қоғамның сенім деңгейін арттыруға ұйытқы болуда. Сонымен қатар аталған жүйе арқылы өтініш беруге, оператормен аудио немесе бейне қоңырау шалу арқылы байланысуға, қызмет алуға, сондай-ақ қылмыс орнына жіберілген полиция жасағының қай жерде екенін бақылауға болады. Аталған ведомствоның қызметкерлері алдағы уақытта әрбір ақпараттық жүйеден келіп түсетін барлық деректерді талдайтын бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесін құруды жоспарлап отыр. Бұл учаскелік инспекторлардың, патрульдік жасақтардың және басқа да полиция қызметтерінің жұмысын автоматтандыруға және олардың құзыреті шегінде ақпараттық базаларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Істі болған және үй қамауына алынған сотталушыларды арнайы электронды білезік арқылы бақылау, қадағалау көзделуде. Бұған дейін мұндай сотталушыларды жеке мамандар қадағалап келген еді. Оларға тиісті жағдай жасалып, арнайы көлік бөлінген болатын. Алдағы уақытта 300-400 сотталушыны
1 ғана тәртіп сақшысы қадағалай алады. Білезік қолдан шешілмейді, шешкен жағдайда бірден дабыл қағылады», деп отыр С.Сәрсенов.

Бұл – құқық қорғау органдары қолға алып жатқан жалғыз жаңалық емес. Себебі ХХІ ғасырдың басты талабы – цифрландыруды жетілдіру болып отыр. Осылайша «Цифрлы Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында еліміздің Ішкі істер министрлігі «Цифрлы полицей» жобасы бойынша жұмыс жүргізуде. Жобаның негізгі мақсаты – қорғалған мобильді құрылғымен жұмыс істеу үшін барлық қажетті функцияларды біріктіру арқылы қызметкердің тиімділігін арттыру. Бұл жобада соққыға қарсы планшеттер мен смартфондар мобильді POS терминалын,  жұмыс стансасын, бейнетіркегішті, оқиғалар туралы шұғыл хабарлау жүйесін алмастыратын болады.

Министрдің орынбасары «Дабыл тетігі» ке­шені және «Мені тап» жүйесі тура­лы да айтып берді. «Дабыл тетігі» аппарат­тық-бағ­дарламалық кешенін күзет ны­са­ны­­ның аумағында (дүкендерде, тұрғын үй ке­шендерінде, мектептер, ауруханалар, спорт клубтары сынды әлеуметтік-мәде­ни мақ­саттағы нысандарда) орналастыру жопсрлануда. Бұл «тетікті» құқық қорғау органдарына оқиға орнынан аудио және бейнеақпаратты бере отырып, шұғыл байланыс үшін орнатуға болады. Осылайша 102 нөміріне қоңырау шалуды күтпей-ақ полиция қызметкерлерінің оқиға орнына жедел келуі қамтамасыз етіледі.

Бұдан бөлек, «Мені тап» балалар қауіп­сіздігі жүйесі де қолға алынуда. Бұл жүйе Bluetooth желісінде жұмыс істейтін маяктарды қолдана отырып балаларды бақылайтын мобильді қосымша саналады. Маяктарды балалардың киімдері мен сөмкелеріне тігіп қоюға болады. С.Сәрсеновтің айтуынша, құрылғының құны төмен болғандықтан, оны сатып алу ата-аналар үшін қиын болмайтын көрінеді. Сонымен қатар  ұялы байланыс үшін төлем алынбайды. «Бала үйден немесе ата-анасынан 10 метр қашықтаған сәттен бастап, электронды құрылғы автоматты түрде іске қосылады. Сондай-ақ электронды құрылғы арқылы баланың қай жерде жүргенін немесе оған қауіп төнген жағдайда орналасқан жерін анықтауға болады», дейді С.Сәрсенов. Айта кетейік, бұл бастамалардың барлығы Ішкі істер министрлігінің қызметіне «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде енгізілетін болады.