Мен 2006 жылы Н.Қожанов атты азаматқа өзіме тиесілі «ПАЗ» маркалы автокөлікті сенімхат арқылы сатқан едім. Н.Қожанов дер кезінде аталған автокөлікті өз атына аудармаған және маған бұл жайтты ескертпеген. Бұл азаматқа менің атымнан сенімхат берілгендігі ресми түрде Ішкі істер министрлігінің мәліметтер базасында тіркеулі тұр.
Осының салдарынан менің атымда салық органында көлік қарызы жиналып қалған екен. Оның өзін маған салық органы сенімхат мерзімі өткен 2009 жылдан бертінге дейін хабарлап та көрген емес. Кейінірек кездейсоқ білдім. Аталған азаматты іздестіріп көрсем, Нұр-Сұлтан қаласында тіркеуде көрінеді. Телефонмен хабарласқанымда, көліктің салық қарызын төлейтін ойы жоғын айтып, бірден бас тартты. Онымен соттасу қиынға соғатын болды, себебі ол тіркеуде Нұр-Сұлтанда тұрғандықтан, астанаға барып соттасуға немесе заңгер жалдауға мүмкіндігім жоқ.
Салық мекемесіне қарызымның сомасын азайту жөнінде жолдаған хаттарым да нәтижесіз болды.
Екі рет Қазақстан Президентінің виртуалды қабылдауына осы мәселені айтып, көмек сұрап хат жолдағанымда, бірінші хатыма Қаржы министрлігінен келген жауапта: «Қарызыңыз өндірілді» деген түсініксіз, жаңсақ, жалған мәлімет болды. Жалған дейтінім, салық органы ол кезде қарыздың бір теңгесін де әлі менен өндіріп алмаған болатын.
15 мамырда жазған екінші хатыма Қаржы министрінен 2 маусымда берілген ресми жауапта былай делінген:
«Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында, жеке тұлғаларға қатысты жарияланған салықтық рақымшылықты жалғастыру жоспарлануда, ол осы жылдың соңына дейін жалғасатынын хабарлаймыз.
Сізбен көлік құралдары салығы бойынша негізгі қарыз сомасы төленген жағдайда (негізгі қарыз 207 136 теңге), есептелген өсімпұл сомасын (өсімпұл 122 703 теңге) есептен шығару мүмкіндігін пайдалану құқығы қарастырылады».
Өкінішке қарай, Екібастұз қаласы бойынша салық басқармасы Президенттің салық рақымшылығы туралы тапсырмасын да, Қаржы министрінің Президенттің виртуалды қабылдауы арқылы айтқан сөзін де аяқасты етіп, 2020 жылғы 19 тамызда менің қарызыма қатысты Салық бұйрығын (өндіру сомасы – 242 мың 486 теңге) шығарып, жалақымнан мәжбүрлі түрде өндіруге кірісті.
Менің 2020 жылғы желтоқсанның 31-іне дейін негізгі қарызды жабу арқылы айыппұл сомасын жоюға мүмкіндігім бар еді. Салық органы осы мүмкіндікті пайдалануыма ресми бұйрықпен тосқауыл қойып отыр. Мен салық органының бұл әрекетін пандемия кезінде жасалған қысым ғана емес, Президент саясатын аяқасты ету деп қабылдадым. Қиын кезеңде мектептегі үш баламның аузынан жырып, сот орындаушысының 25 пайыздық қызмет шығынына ақшамды жұмсамақпын.
Бақсам, сенімхатпен көлік сатып, мен сияқты опық жеп жүрген адам аз емес екен. Көлікті сенімхатпен сатып алушыға заңнамалық тұрғыда ешбір шара қарастырылмаған. Яғни бұл – заң аясында реттелмей қалған мәселе. Осыны ескеріп, мен сияқты адамдардың қарызын 10 жылдап есептемей, 5 жыл аясында қарастырып жеңілдік жасауға болмады ма?
Мен Қаржы министрінің 2 маусымдағы хатында аталған негізгі сома – 207 136 теңгенің Екібастұз қаласы бойынша салық басқармасы шығарған «Салық бұйрығында» 242 486 теңге болып шыға келуін де түсінбей далмын. Бірі екіншісіне бағынышты қос мемлекеттік органның ресми мәліметтері неге екі түрлі, Президент Әкімшілігіне беретін көрсеткіші басқа, менен өндіретін сомасы бір бөлек?
Екібастұздық мекеменің Президентіміздің бізге ұсынған игілігін кәдеге жаратуымызға осыншама қарсыласу себебін білсем деймін!
Жанаргүл ҚАДЫРОВА,
Екібастұз қаласының тұрғыны
Павлодар облысы