Таным • 10 Қараша, 2020

50 жыл бұрын қашықтан оқытуды енгізген

1224 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Книги профессиональных династий Республики Казахстан» атты кітаптың бірінші бетіне енген КСРО халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтің туғанына биыл 95 жыл толды. Осыған орай Өскемендегі Пушкин кітапханасында педагогтер әулетінің негізін салушы ұстазды еске алу кеші онлайн түрде өтті.

50 жыл бұрын қашықтан оқытуды енгізген

Суретті түсірген Қалиғұмар Қабдешов

 

Онлайн кездесуде тағдыр тәл­кегіне қарсы тұра білген асыл ұстаз Құмаш Нұрғалиұлы туралы сали­қалы ойлар қозғалды. Жи­нал­­ғандар абзал ағаның ар­тына қал­дырған өшпес ізі, ұмы­тылмас өне­гесі туралы естелік­терімен бөлісті.

Өмірге деген құштарлықтың керемет үлгісін көрсеткен аңыз адам ғұмырын білім беру саласына арнады. Құмаш Нұрғалиев 1925 жылы 29 қазанда Марқакөл ауданы Боран ауылында туған. Жас жігіт Ұлы Отан соғысына аттанып, Латыш жеріндегі Ауце қаласының түбінде әскери борышын өтеп жүріп ауыр жараланады. Бұршақша бораған оқ пен жойқын жарылыстардың арасында қалған Құмаштың дәл жанынан жарылған снаряд санын қақ бөледі. Соңғы күшін жинап, снаряд қопарған орға ұмтылған Құмашты жау оғы екінші аяғы мен бір қолын тағы да қырқып түскен. Оны майдан дала­сынан санитарлық ұшақпен Мәс­кеудегі әскери госпитальға жеткізеді. Дәрігерлер жанкешті жауынгерді аман алып қалу үшін 12 операция жасаған. Медбикелер Ва­лентина Шевелева және Лиза Великанова қан береді. Сөйтіп дәрігерлердің күшімен, өзінің күш-қуа­тымен Құмаш Нұрғалиев аман қала­ды. Қасық қанымен бөліскен қос қыз­бен Құмаш Нұрғалиев кейін туысқандай араласып кеткен.

«Ол өзінің шыдамдылығымен, мық­тылығымен дәрігерлерді таңғал­ды­­рыпты. Құмаш Нұрғалиұлы еш уа­қыт­та шағымданбайтын, өзіне басқаның мү­сіркей қа­ра­ғанын қаламайтын. Өмір сүруге құштарлығы керемет еді. Протезге, таяққа сүйене жүріп, еңбек етудің үлгісін көрсетті. Ерік-жігері керемет еді», деп замандастары еске алды.

Ауыр күндердің өзінде ол білім алып, кәсіп мең­геру­ді армандады. Соғыстан кейінгі өміріндегі алғашқы қуа­нышы – аурухана палатасында оған он класты бітіргені туралы аттестат салтанатты түрде тапсырылды. Сұм соғыс Құмаштың екі аяғы мен бір қолын жұлып алса да, өмірге құштарлығын, адамдарға деген сүйіспеншілігін ала алмады. Жары Қанипа Әйкенқызы екеуі соғыстан кейінгі ауыр жылдары Абай атындағы Қа­зақ педагогикалық институтын бірге бітіреді. Ауылға оралысымен педагогтік еңбек жолын орыс тілі пәнінен сабақ беруден бастаған.

Уақыт өте келе мектеп оның өмірінің мәніне айналды. Ол 1970 жылдары-ақ Шығыс Қазақ­станның түкпіріндегі Боран ауылының мектебін то­лық ком­пьютерлендіріп, спут­никтік жүйеде «қашықтан оқыту» идеясын жүзеге асырды. Мектепті Қазақстандағы ең үздік мектептер қатарына жеткізіп, бү­кілодақтық ауыл ша­руашылығының көрмесінде мектептің қуатын көрсетіп, қола медальға қол жеткізеді. Шәкірт тәрбиелей жүріп, өз балаларын да білімді етіп өсірді.

«Атам балаларға қатал болға­нымен, немерелерге мейірімді еді. Үйге әртүрлі дәрежедегі қо­­нақ­тар жиі келетін. Сонда атам жақсылардан үйренсін деп неме­релерін үстелдің бір шетіне отыр­ғы­зып қоятын. Ол да өмір­ден алған педа­гогикалық тәсілдердің бірі шығар. Оқу жылы біте салысымен Өскемендегі не­мерелерін ауылға алғызып алатын. «Рига­ның даласында қансырап жат­қанда осы балаларды көрем деп ойладым ба?! Сондықтан неме­релерім қасымда жиі болсын», дейтін. Құдайға шүкір, атамыз жақсы өмір сүрді. Бізге риза еді», деп еске алады Боран ауылынан тікелей желіге шыққан келіні Майгүл Зиябекқызы.

Боран мектебін Қ.Нұрғалиұлы 31 жыл бойы басқара отырып, мектепті ауылдың әлеуметтік-мә­дени орталығына айналдырды. Білім ордасының түлектері екі-үш мамандықты игеріп, совхозда жұмыс істеуге қалды. Ол үшін мектепте дәнекерлеу, ағаш өңдеу, тігін, кондитер цехтары сияқты 9 өндірістік оқу кабинеті жұмыс істеді. Еңбекке баулумен қатар, шалғайдағы ауыл балаларының фундаменталды білім алуына көп еңбек сіңірді. Ол үшін мектепте телевизиялық техникалық орталық ұйымдастырылды. Әр сыныпта телевизор орнатылып, мұға­лім өз сабағына кез келген көркем, ғы­лыми фильмнен үзінді көрсете алатын.

Республикаға белгілі Бо­ран ауылы­ның мектебін кейін ардагердің ұлы Талант Құмаш­ұлы басқарды. Ол да мек­тептің өсіп-өркендеу жолында табанды еңбек етіп, 2005 жылы «Ең үздік мектеп» атанды.

Құмаш Нұрғалиұлының мерейтойы­на орай оның жеке өмірі­не, жаңашыл ұстаз ретін­дегі еңбегіне арналған «Ха­лық мұғалімі – Құмаш Нұр­ғалиев. Пе­­да­гогикалық династия» ат­ты кітап жа­рық көрді. Кі­тап­та халық мұғалімі туралы за­ман­­дастарының, қызметтес­те­рінің, шәкірттерінің, қару­лас­тарының естеліктері жария­лан­ған. Сонымен қа­тар кітапта жартығасырлық мектеп өмі­рі, мұғалімдер мен оқушылар жетіс­тік­тері, Қ.Нұрғалиұлының идея­сын жал­ғас­тырушы ұстаздар ди­нас­тиясы туралы мақалалар енгізіл­ді.

Қ.Нұрғалиұлының бес бала­сының төртеуі мұғалім ма­ман­дығын таңдаған. Үлкен қы­зы Манира – ағылшын тілі­нің мұғалімі, «Қайнар» уни­верситетінің доценті. Ал әкесінің кәсіптік білімін жетіл­діру идеясын кіші ұлы Марат Құмашұлы жалғастырып жүр. Ол аш­қан Өскемендегі көпсалалы колледж  Құмаш Нұрғалиевтің атында. Кіші қызы Гүл Құмашқызы – педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Бүгінде Нұр­ғалиевтердің педагогикалық ди­настиясы 36 адамға жеткен. Бұл әулеттен әлі де ардагер ата­ларының жо­лын жалғасты­ратын ұрпақтың келері хақ.

 

Шығыс Қазақстан облысы