Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Ит – адамзаттың, оның ішінде қазақ халқының да көнеден келе жатқан сенімді серігі. Қазақ итті жеті қазынаның біріне жатқызатыны да тегін болмаса керек. Өзге жануарларға қарағанда ит иесіне адал әрі сенімді жол серік бола алатын қасиетке ие. Олар туралы айтылып кеткен аңыз-әңгімелердің талайы әлі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан емес. Тіпті баршамыз білетін «Жыл он екі ай» жылнамалық кітабында да бұл жануар туралы ерекше аталады...
Ұлттық ұланның кинологиялық қызметінде көзге түскен, қырағылық танытқан ақылды төбеттер жетерлік. Мәселен, «Қоғамдық тәртіп сақтағаны үшін» төсбелгісін алған «Анчар» есімді қызметтік ит өзінің иіс сезгіштігінің арқасында біршама істің ізін суытпай ашқан. Сол қызметтік иттің иесі, кинология қызметінің инспекторы, аға сержант Ринат Мантаевпен әңгіме барысында біршама қызықты деректерге қанықтық.
– Қызметтік иттерді қалай үйретесіздер және оларды неше жасынан бастап қолға алған дұрыс?
– Кинология әскери қызметтің негізгі саласына жатады. Біз жауынгерлік иттерді күшік кезінен, дәлірегі екі айлығынан бастап үйретеміз. Сол кезден бастап олар өздерінің есімдерін біледі. Із кесу бойынша және есірткі іздеуге неміс пен бельгиялық овчаркалар епті келеді. Алайда олардың сондай қабілетке ие болуы үшін, яғни иісті ажыратуы мен шатастырмауы маңызды болғандықтан түрлі жаттығулар жасатамыз. Үздіксіз қайталанған жаттығулар өз нәтижесін беретіні сөзсіз.
Мәселен, ит белгілі бір құқықбұзушылық, ұрлық болған орында күдіктінің қандай да бір заты қалып қойса, соның немесе күдікті адамның иісі арқылы із кеседі. Иіс сезу мүшесі ерекше дамыған әрі әбден жаттыққан иттер күдіктіні жазбай тануда қателесе қоймайды.
– Қызметтік иттер неше түрге бөлінеді?
– Қызметтік иттерді із кезуші, жарылғыш заттар іздеуші, есірткі іздеуші сондай-ақ, шабуылдаушы деп қызметіне қарай бірнеше топқа бөлеміз. Олардың әрқайсысының күтімі де әртүрлі болып келеді. Олар тұқымына, денесіне қарай тамақтандырылады. Қоректері иттердің атқаратын қызметтеріне қарап беріледі. Біздің төрт аяқты достарымыз күнделікті тамақтанудан бөлек, шетелдік арнайы тағамдарды да жейді. Арнайы пакеттерге салынған, ақуыз, кальций, басқа да дәрумендермен байытылған тамақ береміз.
Иттер үнемі дәрігерлік бақылауда болады. Шетелден әкелінген, арнайы жұқпалы ауруларға қарсы екпелер егіледі. Ветеринарлық дәрігерлер екпесін салып, жарақаттанған иттер болса оларды емдейді, қажет болса ота да жасайды. Ал ауруынан айыққан иттер қайта үйретуден өтіп, өз қызметіне кіріседі. Жалпы, иттердің қызметтік жарамдылығы 8-10 жылға жетеді.
– Есірткі іздейтін қызметтік иттер туралы не айтасыз?
– Біз есірткі іздеу бойынша көбінде лабрадор тұқымды итті қолданамыз. Себебі олардың денесі түрлі қуыстардан өтуге ыңғайлы болып келеді. Қолға жылдам үйретіледі. Доппен ойнағанды жақсы көреді.
– Иттерді сауықтыру жаттығуларында, сондай-ақ есте сақтау қабілеті мен жылдамдығына қарай қандай үйрету жұмыстарын жүргізесіздер?
– Біз қызметтік иттерді баулығанда көбіне өзіміздің және халықаралық тәжірибелерді қолданамыз. Әрбір иттің психологиясына, қабілет-қарымына, жылдамдығына баса мән береміз.
Ит бір секунд иіскеген иісті бес жылға дейін есте сақтайды. Сондай-ақ иістің 11 миллион түрін ажырата алады екен. Адамдарға қарағанда иттің иіс сезу қабілеті он мың есе жоғары болады. Жалпы, иттерді қызметтік мақсатқа пайдалану ежелгі Рим мен Грекиядан бастау алған көрінеді. Ал кейін барып, тұқымына байланысты шаруашылықтың түрлі саласына пайдалану ХІХ ғасырда жандана түскен.
– «Кобальт-2018» халықаралық оқу-жаттығу барысында көзге түскен «Анчардың» ерлігі туралы айтып өтсеңіз.
– Біздің иттеріміздің ерліктері ел аузында жүр. Сіз айтып отырған «Анчар» халықаралық деңгейдегі «Кобальт-2018» оқу-жаттығуында ақылдылығымен көзге түскен болатын. Айтылған бұйрықтарды орындау барысында көрермендерді таң қалдырған «Анчар» Ұлттық ұлан бас қолбасшысының бұйрығымен «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісімен марапатталды. «Анчардың» көптеген операцияларға қатысып, соның нәтижесінде жеткен жетістіктері баршылық. Қызмет барысындағы қырағылығы, есту мен иіс сезу қабілеті тым жоғары. Ақылдылығы өз алдына бір төбе.
– Кинология қызметінде әскерилерге қандай талаптар қойылады? Оны қалай жүзеге асырасыздар?
– Айта кетейін, қызметтік иттерді дайындау аса ыждағаттылықты талап етеді. Тікелей бастығымыз, сержант Абзал Хасеновтің алдымызға қойған міндетін орындау барысында жауапкершілігімізді терең сезініп, жаттығу жұмыстарын үздіксіз жүргіземіз. Сержант А.Хасенов те жаттығу кездерінде үнемі қасымыздан табылып, өзінің нұсқауларын беріп отырады. Осындай қажырлы еңбектің нәтижесінде Ұлттық ұланның бас қолбасшысы тарапынан «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісін иелендік.
Қызметтік иттің қарым-қабілеттерін тиімді пайдаланатын кәсіби кинолог маман ретінде иттермен жұмыс істеуде жинақтаған тәжірибемді еліміздің игілігі үшін жұмсау – басты мақсаттарымның бірі. Қоғамдық тәртіпті сақтау жолында атқарып жатқан жұмыстарымыздың нақты нәтижесін көрген сәттерде өз ісімізге деген адалдығымыз арта түседі.
Әңгімелескен
Есенбол ИМАНҒАЗЫ