Саясат • 10 Қараша, 2020

Тәуекелге толы міндет

324 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бесінші қараша – Әскери барлау күні. Әдетте барлаушылардың қызметі, олардың немен айналысып, қандай нәтижеге қол жеткізгені жариялана бермейді. Өйткені бұл саланың өзі құпияға негізделген. Әйтсе де, бір нәрсе анық. Әскери барлау қызметі – ұдайы қауіпке және тәуекелге байланысты.

Тәуекелге толы міндет

Қазіргідей әлемдегі ахуал күрделі шақта бар­лаушылардың иығына түсетін жауапкершілік те мол. Өйт­кені ақпараттық, гибридтік жә­не ассиметриялық күрес әдістері қол­данылып, лаң­кестік актілері жасалып жатыр. Сол себепті әскери бар­лаушылардың міндеттері бұрын­ғыдан да күрделене түсті.

Осы айтулы мерекеде Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскери барлау қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ведомство бас­шысы барлаушылардың қызметі еш­қашан жарнамаланбайтынын, ол әрдайым қауіп-қатерге толы қызмет екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда Қазақстан мен бү­кіл әлем қауым­дастығы жаңа сын-қатерлермен бетпе-кет келіп отыр­ған кезде, ұлттық қауіпсіздікті қам­тамасыз етуде барлау қызметі маңызды рөл атқарады. Сіздердің уақтылы ұсынған ақпараттарыңыз үкіметтің маңызды шешім қабыл­дауына сан мәрте негіз болды», деді Н.Ермекбаев.

Барлаушы сарбаздар жедел, жауынгерлік даярлық және оқу-жаттығулар кезінде біліктілігі мен дағдысын жетілдіріп, жоғары әскери шеберлігін көрсетеді. Республикада кәсіби барлаушыларды даярлаудың шетелдік баламасынан кем түспейтін жүйесі құрылды.

«Барлаушылар әрқашан елеусіз болып жүре­тініне қарамастан, ең күрделі тапсырмаларды орындаған кезде тиімді әрі үйлесімді әрекет етеді. Сіздер бұдан кейін де қа­зақ­стандық барлау­шылардың жауын­герлік дәстүрлерін нығайтып, оны одан әрі еселей түсетіндеріңізге се­німдімін. Сіздерге зор денсаулық, Ота­нымыздың игілігі жолындағы әскери қызметтеріңізге сәттілік ті­лей­мін», деді Қорғаныс министрі.

Қазақстандық әскери қыз­мет­шілер барлау топ­тарының, мер­гендердің және патрульдердің ха­лық­аралық жарыстарында жүлделі орын­дарды иеленіп келеді. Барлау бөлімшелері алдыңғы аға буынның дәстүрлерін құрметтейді және олар­дың жауынгерлік тәжірибесіне сү­йенеді. Өмірге қауіп төндіретін, кей­де елестетудің өзі қиындық туғы­затын міндеттерді орындау кезінде олар ерекше төзімділікті, батылдық пен кәсіби шеберлікті көрсетіп жатады.

Барлаушы жауынгерлер өздерінің дағдылары мен ептіліктерін жедел, жауынгерлік даярлықтарда және оқу-жаттығу іс-шаралары ба­рысын­да жетілдіріп, шыңдайды. Онда бар­лаушылар далалық ептілік пен жо­ғары әскери шеберлікті көр­сетеді. Со­ның нәтижелері Қа­зақстан Қару­лы Күштерінде отан­дық мамандарды ­даярлау жүйесі бар екенін куәландырып қана қой­май, осыған ұқсас шетел маман­да­рынан кем соқпайтынын көр­сетеді. Қазақстандық әскерилер халық­ара­лық барлау топтары, мерген жұп­тары, патрульдер сияқты сайыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Барлау бөлімшелерінде алдың­ғы буынның дәстүрін қастерлейді және оларды жауынгерлік тәжірибеде қол­данады. Ең күрделі, өмірге қауіп төнетін жағдайда кейде іске асуы қисынсыз міндеттерді орындау ке­­зінде олар айрықша батырлық, шыдамдылық және кәсібилік көр­сетеді. Отанға деген шексіз адалдық, жанқиярлық – мем­лекеттің мүддесін қорғаудағы әскери барлау­шылардың негізгі қасиеттері.

Жыл басында Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштердің Бас барлау басқармасы­ның штаб-пәтеріне барып, оның жұ­мы­сымен танысқан болатын. Пре­зидент Бас барлау басқармасы бө­лімдерінің заманауи үлгідегі әскери құрал-жаб­дықтарымен және техникаларымен де танысты.

Мемлекет басшысы Қазақстанның әскери барлау жұмысына оң ба­ға беріп, халықаралық ахуал шие­леніскен жағдайда оның ел қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету бағытындағы рөлі арта түсетінін айтты.

Жоғарғы Бас қолбасшы Қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасы­на әскери барлау жүйесін одан әрі жетілдіру және дамыту жұмыстарын жалғастыра беруді тапсырып, аталған бөлімдегі әскери қызметшілердің еңбегіне табыс тіледі. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмысы жемісті жал­ғасып жатыр.

Жалпы, әскери барлау – қар­сыластың немесе ықтимал қарсы­ластың қарулы күштері туралы, мемлекеттің экономикалық, мо­раль­дық-саяси жағдайы туралы мә­ліметтер алу және зерттеу мақ­са­тында жүргізіледі. Әскери барлау стратегиялық, оперативтік және тактикалық болып үш түрге бөлінеді. Олар өзара тығыз байланысты әрі бірін-бірі толықтырып тұрады.

Тарихқа үңілсек, әскери барлау күнінің бекі­тілуі большевиктер­мен тікелей байланысты. Сонау 1918 жылдың маусым айының со­­ңында Әскери халық комисса­риа­ты Л.Троцкий кеңестік әскери бар­лаудағы тұңғыш «Барлау және қар­­сы барлау қызметінің жалпы ере­желері» құжатын бекітті. Рево­лю­циялық әскери кеңестің және да­ла­лық штабтың бұйрықтарымен 5 қа­раша әскери барлау күні болып бекітілді.

Далалық штаб құрамында бар­лық әскери барлау агенттігінің басын біріктірген тіркеу басқармасы құрылып, тұңғыш бастығы болып С.Аралов тағайындалды. Тір­кеу бас­қармасының құрамына агент­тік және әскери бақылау, яғни «контр­развед­ка» секілді екі бөлімше кір­ді. Әскерлер барлауымен Шұғыл Бас­қарманың барлау бөлімшесінің 15 адамнан тұратын құрамы айналысты. Агенттік барлау және әс­кери бақылау органдары пайда бол­ғанымен, жалпы әскери барлау топ­тасқан күйде қалды.

Көп ұзамай Мәскеуде барлау жә­не әскери бақылау курстары ашылды. Оның бағдарламасы жаяу әскер барлау, артиллерия, география, байланыс қызметі, әкімшілік, тактика, артиллериялық барлау, бақылау бар­лау (контрразведка), инже­нер­лік бақылау, топография, кавалерия барлауы (атты әскер), әскери-топо­гра­фиялық барлау, агенттік барлау пәндерінен құралды.

Кейінірек француз, неміс, ағыл­шын, жапон, швед, фин және тағы басқа шет тілдерін оқыту басталды. 1921 жылдың сәуір айында тір­кеу бас­қармасы республиканың рево­люциялық әскери кеңесінің Бар­лау басқармасының штабы болып өз­гертілді. Басқарманың штатына әскери барлау бөлімі де қосылды.