Қоғам • 10 Қараша, 2020

Мәселені шешуге тәжірибелі адам керек – Ержан Құдайберген

396 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Құдайберген келесі шақырылымға өз кандидатурасын ұсыну үшін "Nur Otan" праймеризінің келесі деңгейі – өңірлік конференциялар аясындағы дебаттарға қатысуға шешім қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәселені шешуге тәжірибелі адам керек – Ержан Құдайберген

17 қарашада Түркістан облысында партияның өңірлік конференциясы өтеді. Онда үміткерлер арасындағы дебаттардан соң облыстық мәслихатқа партиялық тізім және Парламент Мәжілісіне партиялық тізімге енуге кандидаттар айқындалады. Ержан Құдайберген осы пікірталастарға қатысып, өз кандидатурасын ұсынбақ.

"Мен елімізде алғаш рет республикалық деңгейде өткен партиялық праймеризді мұқият бақыладым. Әрине, мені партияішілік сайлауға қатысушылар арасында жастардың көп болуы қуантады. Жастар көптеген жаңа идеялар мен өзгерістерге жаңа көзқарас әкеледі. Алайда қазіргі әлемдік саяси тәжірибеде мемлекет қайраткері мемлекеттік басқару ісіне қажетті көптеген дағдыларға ие болуы керек. Ол өзін көпшілік алдында көрсете біліп, сенімді сөйлеп, өз өңірінің проблемалары туралы ғана емес, халықаралық қарым-қатынас және ұлттық қауіпсіздік мәселелерін талдай білуі, сондай-ақ дұрыс, өзекті шешімдер ұсына алуы тиіс.

Біздің отандастарымыз бұл жағынан қалыс қалып жатқан жоқ. Олар заманауи білім алады, ал кейбіреулері "Болашақ" бағдарламасы бойынша үздік шетелдік жоғары оқу орындарында оқып, заманауи технологияларды жақсы меңгерген және өте креативті. Бірақ соған қарамастан, бір жетіспейтін нәрсе бар – тәжірибе. Ол жылдар бойы жинақталып, дамып отырады. Осы орайда жастар мен жаңа саяси тұлғаларға партияның тәжірибелі мүшелерінің, тәлімгерлердің көмегі мен қолдауы артық болмас.

Нақты саясатта аухал праймериз аясындағыдай емес. Қарсы тараптың пікірін ести білу, жалпы мәселенің түпкі мәнін табу мен ұтымды шешім ұсына білу – бұл өте маңызды. Объективті түрде айтсақ, білімі мен энергиясы бар жастар түрлі қордаланған мәселелерден тұратын "тау-тастарды" қопара алар, бірақ бұл "қопарулардан" кейінгі іс-қимыл оң бағыт алуы қажет", - деді ол.

Бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде Ержан Құдайбергенге ауысымға келе жатқан жаңа буынның деңгейін білу өте маңызды. Халықаралық қатынастар мен ұлттық қауіпсіздік мәселелері тиісті біліктілік пен тәжірибені талап етеді. Мысалы, ҚР Қарулы Күштерін әскери даярлау, жарақтандыру және олардың бюджеті немесе Қазақстанның БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ДСҰ, ҰҚШҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы қызметі мәселелерін талқылау.

Оның айтуынша, халықаралық қатынастар мен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды мәселелерімен тәжірибесі мен білімі бар азаматтар айналысуы керек.

"Мен депутаттыққа түскен Түркістан өңірінің мүддесін білдіруге және халықаралық қатынастардың маңызды мәселелерін шешуге тәжірибем мен күш-жігерім жетеді деп санаймын. Алда бізді жауапты жұмыстар күтіп тұр. Менің білімім мен тәжірибем бұдан әрі де пайдалы болғанын қалаймын", - деді ол.