Аймақтар • 10 Қараша, 2020

Ақтөбеде ағаш өсірудің бесжылдық жоспары бекітілді

894 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Келесі жылдан бастап өңірдегі әрбір елді мекенінің айналасына 240 гектардан ағаш көшеттері отырғызылып, көктемде не күзде жерге шаншылған әрбір шыбықтың қурап кетпеуін бақылау ауыл әкіміне қоса міндеттеледі, деп хабарлайды Egemen.kz

Ақтөбеде ағаш өсірудің бесжылдық жоспары бекітілді

Ағаш өсірудің бесжылдық жобасы іске асса, 2025 жылдың көктемінде өңірдегі әр елді мекенннің жанында 1200 гектар тоғай жайқалып тұруы тиіс.  Осылайша, облыстағы отыз жыл бұрынғы орман алқабын қалыпқа келтіру үшін нақты қадамдар жасала бастады.

Өңірде жасыл желек белдеуін қалыптастыру жобасының  барлық тармағы "Ақтөбе облысында   орман шаруашылығын дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына" кіріп, осы жылдың басында Ауыл шаруашылығы министрлігінде мақұлданды.

Ақтөбе облысы аумағында жасыл желек белдеуін қалыптастыру жоспарының негізгі бағытттары – жыл сайын арнаулы тәлімбақтарда 7,5 миллион түп  көшет отырғызу және осы өскіндерді тарату, орман алқабын жылма-жыл 1077 гектарға ұлғайту, дала өрттерімен күрес.

Соңғы жылдары облыстың 12 ауданында жоспарлы түрде  жасыл белдеу құру шаралары мүлде жүргізілмеді. Бұрын өзен сағаларында өскен  тоғай аумағы кеңейтіліп, жеті аудандағы орман шаруашылығы мекемелері ағаштарды күтіп-баптаумен айналысып келсе, 25 жылдан бері осы тоғайлар қараусыз қалды.

Бұл үрдісті тек шалқар ауданы ғана ұмытқан жоқ. Жері шөлейт осы ауданда  құмның көшуін тоқтату мақсатында жыл сайын  5 гектар жерге тобылғы мен жыңғыл, сексеуіл отырғызылады. Бірақ шөлде өсетін бұталардың әрі қарайғы жерсінуі, оларды күтіп-баптауға қатысты толық  бақылау жоқ. Бұл ағаштар құм ішінде өсіп жатыр ма, әлде қурап қалды ма, сұрауы жоқ болып тұр. Сондай-ақ Хромтау ауданы да көгалдандыру жұмыстарын биыл ғана қолға алып, Хромтау қаласының іргесінде 5 гектар алқапқа жергілікті климатқа төзімді ағаш-теректер егіп, жаз бойы күтіп-баптады.

Орман алқабын сақтау, тоғайлардағы ескі ағаштардың орнына жаңа көшеттер отырғызу, оларды өрттен қорғау бойынша қазіргі уақытта ешкім жауап бермейді. Осыған дейін аты бар да, заты жоқ мекемелерге айналған орман шаруашылығы мекемелері тек биыл есеп бере бастады.

Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жасыл аймақ құру жұмыстарын бәскелестік ортаға беруге ықыласты. Ендігі жерде аудандардағы жеті орман мекемесі  ағаш өсіретін жерді алдын ала дайындау, мекемелерді жас өскіндермен қамтамасыз етумен айналысады. Далалықта отырғызылған ағаш көшеттеріне де осы арнаулы мекеменің мамандары күтім жасайтын болады.