Әдебиет • 11 Қараша, 2020

Балалар әдебиеті мемлекеттік қолдауға зәру

3222 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін

Қоғамымызда балалар әдебиетіне қатысты атқарылуы тиіс шаруалардың шаш етектен екені анық. Оны авторларды қойып, беделді тұлғалардың өзі тілге тиек ете бастады. Өйткені балалар әдебиеті дегеніміз – жай ғана көркем шығарма емес, идео­логияның өзі. «Еgemen Qazaqstan» газеті бұл жолы балалар тақырыбына қалам тартып жүрген қаламгер Шәкен Күмісбайұлы, фило­логия ғылымдарының докторы, жазушы Нұр­дәулет Ақыш, ҚР Мәдениет қайраткері, балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым, балалар жазу­шысы Ділдар Мамырбаева және балалар ақыны Серікбол Хасанды қатыстырып, дөңгелек үстел ұйымдастырған еді. Соны назарларыңызға ұсынамыз.

 

 

Балалар әдебиеті мемлекеттік қолдауға зәру

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

– Сіздерге алдымен мынадай сұрақ қойғым келеді. Балалар жиылған жерлерге, мысалы мектептерге, кі­тап­ханаларға кездесуге жиі барып тұрасыздар ма? Қазіргі балалар нені білгісі келеді, неге қызығады? Жас ұр­пақтың талғамына татитындай шы­ғармалар қандай болуы керек, қандай құндылықты һәм мінез-құлықты үлгі етіп ұсына аласыздар?

1

Ш.Күмісбайұлы: – Кездесуге ара-тұра барып тұрамыз. Көбінде бас­тауыштың балаларын алып келеді. Олар­дың сұрақтары белгілі ғой. Сұрақ­тарына қарап та олардың көп кітап оқымайтынын аңғаруға болады.

Қазіргі бала мен кешегі баланы салыстыру қиын. Көп нәрсе өзгеріп кетті. Жазғаның жас ұрпақтың талғамына тату үшін осы заманның тіршілігін бейнелеуің керек. Үлкен буын біз көбінде өткен шақты жазып жүрміз. Бір жағынан «Менің атым Қожа» сынды дүние туғызу да оңай емес. Өзгерген дүниені, өзгерген сананы анық біліп жазбасаң, тартымды болмайды. Бұл күндегі ең өзекті, ең өткір мәселелердің бірі – тіл. Қалаларда өз ті­лін білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Сондықтан ең алдымен балаларға арналған қазақша кітаптардың санын көбейту керек деп есептеймін.

 

1

Н.Ақыш: – Қазіргі жағдайды өзде­ріңіз де білесіздер. Осының алдында орта мектептерге, жекелеген кітапханаларға кездесуге шақырып тұратын. Шыны керек, мұғалімдер балаларды өздері даярлайды. Кейде балалар дайындалмай-ақ келеді. Соның ішінде менің байқағаным, әдебиетке құмар балалар әр жерде, әр өңірде де кездеседі. Олардың алдына тірі жазушы келіп тұрған соң, көбі жазу­шының балалық шағы туралы білгісі келеді екен. «Турникке тартылдыңыз ба? Доп ойнадыңыз ба? Көрші бақша­дан алма ұрладыңыз ба?» дегендей сұрақ­тар қояды. Бұл сұрақтардың бастауыш сы­ныптарға тән екені түсінікті. Ал жо­ғары сынып оқушыларымен сиректеу кездестім.

Осы жерде бір мәселені айта кетсем деймін. Кейде филология факуль­тет­те­рінің студенттерімен кездесіп қаламын. Осының алдында сабақ берген кездерім болды. Сонда байқағаным, студенттер­дің өздері балалар жазушылары туралы көп біле бермейді. Елге етене таныс Са­пар­ғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев, Мұзафар Әлімбаевтардың ғана аты-жөн­дерін айтып қалады. Соған қарағанда, балалар әдебиеті университеттерде де жеткілікті оқытылмай ма деп ойлаймын.

Жаһандану заманында бүкіл мәде­ниеттердің тоғысуы, сапырылысып кетуі жүріп жатыр. Ұлттық құндылықтардан гөрі жалпы адамзаттық құндылықтар, жалпы адами өткінші мәселелер көбірек айтылады. Жас ұрпақ ұлттық құндылықты уағыздайтын шығармаларды көбірек оқыса деймін. Соның ішінде талғамға лайықты болу тұрғысынан бір мәселеге тоқталуымыз керек. Ол – ең алдымен шы­ғарманың көркем жазылуы. Яғни кез келген әдеби туындының көркемдік эстетикалық деңгейінің жоғары болуын ескеру керек. Тілі ауызекі болмай, әдеби нормамен жазылуы керек. Мүмкіндігінше бейнелі сөздер болу ке­рек. Көркем шығарма болған соң тек қана оқиға емес, түрлі талас-тартыс­тар бо­лады. Көбіне балаларға дұрыс мі­нез­дің жеңіске жетуі насихатталғаны дұрыс қой деп ойлаймын. Қазіргі әдебиет сын­шыларының, қаламгерлердің арасында шетел әдебиетінің әсерімен туындаған жекелеген бір пікірлердің ағымдары бар. Олар әдебиет оқырманды тәрбиелеуі шарт емес дейді. Демек, ол қандай шығарма болса да, қызықты болсын дегенге саяды. Бұл жас жеткіншектің рухани діңін, адам­гершілік ұстанымын бүлдіру деген сөз. Моральға қайшы шығармаларды насихаттағанға қарсымын. Жас бала жас шыбық сияқты. Оны қалай қарай қисайтсаң солай қисаяды. Осыны ескере отырып, балалардың ақ қағаздай таза санасын бүлдіріп, мөлдір судай жан дүниесін былғап алудан сақтану керек.

 

1

Т.Әбдірайым: – Кейінгі кезде балалар әдебиеті жайлы көп айты­лып, көп жазылып жүр. Өткенде Парламент Сенатының депутаты, белгілі журна­лист, қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіптің «Кітап оқымайтын қоғам қалай кемел­денбек?» деген мәселе көтеріп, бұл сауа­лын Премьер-Министр атына жол­дағаны, кітап оқуды қолдау және дамыту – жалпыұлттық міндет болуы тиіс екен­дігін, бұған мемлекет те, қоғам да бі­рінші кезекте мүдделі болмайынша алға өрлей алмайтынымыз, ұлттың жаңа бол­мысын білімді, көзі ашық, пара­сатты, іскер, қайратты қазақ жастары қалып­тастыратынын қадап айтқан болатын.

Тағы бір қуанышты хабар. Елорда­мыздағы Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева, алдағы 2021 жылды Балалар әдебиеті жылы деп жариялауды ұсынған екен. Осы ұсынысты Мәдениет және спорт минис­трлігі мақұлдап, жақында балалар әде­биетіне байланысты конференция өткіз­бек. Бұған балалар әдебиетіне белсене қатысып жүрген ақын-жазушылар, ғалымдар, кітапханашылар қатысады.

Карантинге дейін мектеп оқушыла­рымен кездесуге көп баратынмын. Қазір кітапханалар әлеуметтік «Фейсбук», «Instaqram», «Zoom» бағдарламасы ар­қы­лы тікелей эфирге жиі шақырады. Карантин уақытында Нұр-Сұлтан, Ал­маты, Өскемен, Ақтөбе қалаларында­ғы кі­тапха­налар ұйымдастырған он бір онлайн-конференцияға қатыстым.

2018 жылы қыркүйек айында, туған жерім Аякөзге барғанымда, аудан бо­йын­ша 8 мектепте оқушылармен кездесу кеші өтті. Мұның алдында, Ақмола об­лысының Бурабай ауданындағы, Қызыл­орда, Шымкент қалаларындағы мектеп оқушылармен кездесу кешім өткен болатын.

Балалар көп нәрсені білгісі келеді, соған орай қоятын сауалдары да сан ­алуан. Олардың сергектігі, білсем, оқы­сам, үйренсем деген талаптарына риза болдым. Өкінішке қарай, оқушылар­дың басым көпшілігі, балалар әдебиетіне бел­­сенді ат салысып жүрген қазақ ақын-жазушыларын жақсы білмейді. Олар­­дың танитыны, мектеп оқулығына шы­­ғармалары енген қаламгерден әрі аспай жатады. Біз болған мектептердегі кітапха­наларда кітап қоры өте аз, жұтаң. Тіпті кейбір мектептер, қазақ тіліндегі балалар басылымдарын алмайтын көрінеді. Бұл – ойланатын жағдай.

Бүгінгі болашақ қамы – ертеңгі ұлт­тың қамы. Ұлт демекші, барлық мәселе осы ұлт тағдырына барып тіреледі. Бү­гінгі сәби – ертеңгі ұлт кадры! Бұл – жай мәселе емес, мемлекеттік мәселе! Ал мемлекеттік мәселенің ең басында бала, бала тәрбиесі, яғни болашақ мүддесі тұруы тиіс.

Балалар әдебиетінде трагедия бол­мауы керек, өйткені баланың жаны гармонияны, мейірімді қалап тұрады. Балалар, әсіресе, бастауыш сыныптарда және ортаңғы буында әңгіме, ертегілерді өте қызығып оқиды.

Еліміз тәуелсіздік алған соң әдебиет сәл де болса тоқырады. Бірақ тоқырау де­геніміз, мүлдем тоқтап қалды деген сөз емес. Озық техника мен технология­ны, ғаламторды, әлеуметтік желіні жақсы меңгерген жас оқырманды тартатын, тұшымды шығармалар жазуға деген ізденіс, тың серпін керек сияқты.

Қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы Шәкен Күмісбайұлы ұйымдастырған, талдықорғандық кәсіп­кер, меценат Бауыржан Оспанов демеу­шілік жасаған үздік балалар туындыларына арналған «Дарабоз» әдеби бәйгесі жыл сайын тұрақты түрде жарияланып тұрды. Жүлде алған шығармалар «Кәусар бұлақ» деген атпен кітап болып шығатын, кітап дүкендеріне түсетін, кітапханаларға тарайтын. Осы «Дарабозды» «Алтын қалам» деген конкурсқа апарып тіркеді де, баяғы «Дарабоздың» үні өшті, беделі төмендеді.

«Алтын қалам» конкурсы керек. Оған еш қарсылығым жоқ. Бірақ балалар шы­ғармашылығына арналған «Дарабоз» бәйгесі, бұрынғыдай, өз алдына жеке отау болғаны жөн.

 

1

Д.Мамырбаева: – Иә, мектеп­­тер­дегі, кітапханалардағы кездесулерге жиі баратынбыз. Тәж-тажал оған біраз керме керіп тастады. Онлайн кездесулер бетпе-бет дидарласқандай қайдан болсын...

Қазіргі балаларға сюжеті жеңіл, мо­ралі аздау, пафосы көбірек «Маша мен аю», «Настя», «Кекшілдер» («Мстители») секілді дүниелер ұнайды. Мысалы, екі әңгімені алайық. Біріншісі, тәрбиелік мәні зор да, екіншісі, дүниеге қызықтыр­ғыш әсері мол, жеңіл жазылған қысқа шы­ғар­ма дейікші. Олар екіншісіне алтын тап­­қандай жабысады. Қыздар жағына ма­хаб­бат тақырыбы ұнайды. Өтірік айт­пай-ақ қояйыншы, кездесулердің кө­бін­де олар сырт келбеттерімен мон­тиып отырғандарымен, өткен тарихымыз туралы әңгімелерді, қазақы салт-дәстүр мен тыйымдарды онша қабылдай қой­майды. Олардың бойына соны сіңіре алмай отырған ата-ана, мектеп, ұлттық идеологияға басымдық бермеген қоғам кінәлі.

Қазіргі өсіп келе жатқандардың оқи­тын шығармаларына сұранысы: жеңіл әрі ақыл айтпайтын болсын.

Балалар жазушыларының міндеті: сек­сен сегіз қырлы, бір сырлы азаматқа керекті рухани уыз сіңіру.

 

1

С.Хасан: – Пандемияға байланыс­ты мектептер мен кітапханаларға баруды сәл сиретіп алдық. Әйтпесе мек­тептердегі кездесулерге жиі барамыз. Әрине, әр мектеп, әр оқушы әртүрлі ғой. Әдебиетке, журналистикаға, жалпы сөз өнеріне қызығатын балалар құ­лақ қойып тыңдайды. Әр сөзіңнен бір ақ­парат алғысы келіп тұрады. Қазіргі бала­лардың қызығатын дүниесі көп. Бай­қағаным, әдеби кітаптардан гөрі, танымдық, технологияға баулитын, мо­тивация беретін кітаптарды іздеп жү­реді. Ол да дұрыс шығар, заманың талабы сондай. Бұған ренжуге болмайды. Себебі балаларға арналған заманауи шы­ғармалар қазір жоқтың қасы. Олар өз­дерін қызықтыратын, өз қоғамын, өз ор­тасын көретін шығарма таппай жүр. Нарықтық заман көп дүниеге де­ген көзқарасты өзгертті. Бұған біз бейім­делуіміз керек. Балаларды қандай тақы­рыптар қызықтырады? Олар нені үлгі тұтады? Қандай жанрға бүйрегі бұ­рады. Қазіргі уақытта балаларды тартып әкететін қандай кейіпкер керек? Осының бәріне жауап тауып, бала қызыға оқитын дүние жазуға болады.

Бізде шетелдегідей балалар әдебие­тіне деген көзқарас қалыптаспай келеді. Қазақ авторлары балалардың жаңа шы­ғармаларға сусап отырғанын түсіне бер­мейді. Сіз айтып отырғандай, жас ұр­пақтың талғамына татитын дүниелерді біз­дің қаламгерлер жаза алады. Алайда ол қаламгерлер қазіргі нарықты зерттеп, балаларды қандай тақырып қызық­ты­ратынын, қандай кітаптар оқылымды, сатылымды болатынын біле бермейді. Ондай жұмыстарды әдеби агенттер ат­қаруы керек. Болмаса мұнымен баспалар айналысуы қажет. Өкінішке қарай, біздегі баспалардың жағдайы да мәз емес. Жақсы кітаптар шығарып, қазіргі нарықты мең­геріп келе жатқан бірен-саран баспалар бар. Алайда олар тек шетелдік авторларды қазақшаға аударып берумен ғана шектеліп жатқандай көрінеді.

– Осы уақытқа дейін қан­дай кітаптарыңыз шықты? Олар кітапхананың сөресінде қалып кет­­пей, балалардың қолына жет­ті ме? Мұны айтып отырған себе­бім, кітап дүкендерінен ересектер­ге ар­нал­ған қазақша әдеби кітаптарды кездес­тір­генімізбен, балаларға арнал­ған кітап­тарды сирек ұшыратамыз. Балаларға арналған әдеби кітаптар жоқтың қа­сы. Өздеріңіз кітап шы­ғар­ғанда саты­лымға қоясыздар ма? Жалпы, ме­недж­мент ту­ралы көз­қарас­тары­ңыз­ды ортаға салса­ңыздар.

Ш.Күмісбайұлы: – Балаларға арналған қырық шақты кітабым жарық көрді. «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жырларын прозаға айналдырдым. Оны «Алма­ты кітап» баспасы шығарды. Кітап­тар ағыл­шын тіліне де аударылды. Бала­ларға арнал­ған кітабымның біреуі қытай тіліне аударылды.

Ал енді дүкендерде балаларға арнал­ған шығармалардың аз болуының себебі өте көп. Біріншіден, балаларға жазатын жазушылар көбіне шығармаларын газет-журналдарға, сайттарға жариялатып жатады. Өйткені оны ересектерге арналған кітаптар сияқты он алты бас­па табаққа толтыру қиын. Балаларға ар­­налған дүниелер көбінде шағын болады. Екіншіден, қазіргі кезде көлемді дүниелер жазу да сиреп бара жатқан сияқты. Өйткені «Дарабоз» бәйгесіне он шақты жыл қазы болғанда байқаға­ным, балаларға арналған шығармалардың дені әңгімелер болатын. Ал повестер сирек ұшырасатын. Онда да көбінде бұ­рынғы кездің оқиғаларын бейнелеген екі-үш қана повесть келетін алдымыз­ға. Үшіншіден, тағы бір қызық жайт, біз­де балаларға арнап шығарылатын кі­тап­тардың безендірілуіне қатысты үл­кен мәселе бар. Баспалар соған онша мән бермей келеді. Ересектерге арнап кітап шығаратын баспаларда бала­лар үшін де кітап шығып жатады. Бірақ сол кітаптардың безендірілуіне, көркемдігіне, тартымдылығына онша мән берілмейтініне көңілім құлазиды. Алматыда балаларға арнап кітап шыға­ратын жалғыз баспа бар. Мен сол жерде сегіз жыл қызмет істедім. Бұл баспа не­гізгі басымдықты балаларға берген соң, бүкіл дүниесін тартымды, сапалы етіп шығаруға тырысады. Бірақ бір әтте­ген-ай, мемлекеттік тапсырыс аз. Жы­лына екі-үш қана кітап. Ол не болады? Сон­дықтан қазіргі кезде сәнде жүрген, сөзі аз, суреті көп кітаптарды шығарып жан бағуда.

Расында, бізде дүкендерде балалар­ға ар­налған рухани өнімдер өте аз. Сол аз­дың орнын жабу үшін шамамыз келгенше түрлі мекемелермен келісімге келіп, кейде бастамашы болып еңбектеніп жатырмыз. Пленумдардан, жиналыс­тардан, кездесулерден қалмауға тырысамын. Барлық жерде балалар әдебие­ті­не қатысты мәселелерді «аттандап» ай­тып-ақ жүрмін. Бірақ жасым да келіп қал­ды. Менеджментті кейінгі толқын қолға алып, жігерленіп жұмыс істесе, алын­байтын қамал жоқ қой.

Н.Ақыш: – Ең алғаш әдебиетке келгенде жазуды балалар әдебиетінен бастадым. Көріну, танылу оңай шаруа емес болатын. Жабық бәйгелер жүріп жататын сол замандарда. Жастардың орталық ұйымы мен балаларға арналған баспа және баспа ісін қадағалайтын комитет бірігіп, жас жеткіншектерге бәйге жариялайтын. Соған қатыса жүріп, «Жұм­­бақ іздер» атты шытырман оқиғалы по­весім арқылы танылдым. Содан бері балаларға арналған жиырмаға жуық кітабым жарық көріпті. Мен кітаптардың «кітапханалардағы сөрелерде қалып кетуі» дейтін пікірмен келіспеймін. Ол кітаптар қалай да балалар қолына тиеді. Олар оны оқып болған соң қайта әкеліп өткізеді. Ал «дүкендер сөресінде қалып қоймай» десе, бұл бөлек әңгіме. Бірақ дүкендерге шығару оңай шаруа емес. Жеке қаржымен шыққан кітаптарды сатудың көптеген тетіктері бар. Дүкендерде балалар әдебиетінің көп кездеспейтіні рас. Дегенмен баспасөзден оқысақ, жеке авторлар балаларға арналған кітаптарын шығарып жатқанын білеміз. Олар қандай жолдармен таратылады, неге дүкендерде аз, ол жағын тереңдеп айтып, оған талдау жасай алмаймын. Менеджмент керек деген дұрыс пікір. Шетелдің баспасөз жағдайында әдеби агенттер болатынын біліп жүрміз. Олар бір жазушымен қалып қоймай, бірнешеуімен келісім жасасып, кітаптарын шығартып, дүкендерге таратып, үстіне өзінің пайыздық мөл­шерін алып, өзіне де, авторға да пайдалы тіршілік жасайды екен. Осындай агенттер арқылы жұмыс жасау керек деп ойлаймын.

Т.Әбдірайым: – Бүгінге дейін менің балаларға арналған «Еркешора», «Әуелеп ұшқан тырналар», «Аққоянның үйшігі», «Жалқаулыққа кім үйір?», «Ала­бұға аулаған күн», «Летят журавли» деген кітаптарым мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. Осы жинақтарым еліміздегі негізгі кітапханалардың кітап қорын­да бар. Ал «Дала әуені» жинағым, «Ата­мұра: мектеп кітапханасы» деген сериямен ­2015 жылы шықты.

«Атамұра» баспасына қарасты Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы, облыс және аудан орталықтарындағы, жиыны 47 кітап дүкендерінде «Дала әуені» жинағым сатылып жатыр. Өтуі жақсы деп естідім.

Кітап дүкендеріне жиі барып жүре­мін, сонда байқағаным, Ресейден шыға­тын балаларға арналған кітаптар көп және бе­зендірілуі керемет. Үлкендердің өзі қы­зығады.

Біздің елде жарық көрген, балаларға арналған кітаптарды көріп қарныңыз ашады. Бүлдіршіндерге арналған кітаптың сыртқы мұқабасынан бастап қарпіне дейін әдемі әрі сапалы болуы тиіс.

Дей тұрғанмен, «Алматы кітап», «Ата­мұра», «Фолиант», «Аруна», «Ба­ла­лар әдебиеті» сияқты баспалар әдемі бе­зендірілген азды-көпті кітаптар шыға­ру­да. Бірақ бағасы қымбат. Мұндай кітап­тарды екінің бірі сатып ала алмайды.

Д.Мамырбаева: – Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Қош бол, балалық», «Жетім құлын», «Махаббаттың ақ жауыны», «Роботтар отбасы» (енді шығады) деген кітаптарым шықты. Бәрі бірдей оқырмандар қолына жетті деп ойламаймын. Дегенмен өткен жылы Жам­был облысы, Т.Рысқұлов ауданы, А.Бай­тұрсынов атындағы орта мектептің оқушылармен кездесуде бір оқушы «Сіз­дің «Индиго» деген әңгімеңізді оқып, Алматыда үйіңізді қай жерде екенін ойша көз алдыма елестеттім», – деді. «Оқиды екен ғой» деп қуанып қалдым.

Кітап шығарып, оны сатылымға қоюға икемделе алмай қойдым. Маркетинг, менеджментке ретроградтық көзқараспен қараймын. Оның дұрыс емес екенін де білемін.

С.Хасан: – Балаларға арналған бір­де-бір жеке кітабым шыққан жоқ. Өлең­дерім «Балдырған», «Ұлан» секілді ба­лалар басылымдарына, ұжымдық жи­нақтарға, балалар әдебиеті антологияларына шығып жүр. Балалар әндеріне жазылған өлеңдерім телеарналардан бе­ріліп келеді.

Жеке кітабымды шығармауымның бір себебі, өзіңіз айтып отырғандай, кітап нарығына, менеджментке келіп тіреледі. Балаларға арналған кітап шығару құны қымбат. Бала кітабы оның таным-тал­ғамына дөп келуі керек. Кітаптың маз­мұны мен суреттері де сай болуы тиіс. Ол дегеніміз суретшінің де еңбегі еленіп, тиісті қаламақы төленуі керек деген сөз. Өкінішке қарай, біздегі балалар кітабын шығарып жүрген бас­палар бұл жағына бас қатыра бермейді. Егер бізде де шетелдегідей менеджмент жолға қойылса, түрлі заманауи талаптар бо­йынша кітап шығарылса, автор мен бас­па арасындағы байланыс жанданса, көп дүниенің күрмеуі шешілер еді.

– Шыны керек, қазіргі жа­һандану заманында балалардың ақыл-есі, таным-түсінігі біздің бала кезі­мізбен салыстырғанда әлдеқайда ілгері кетті. Бұған заманауи құралдар да әсерін тигізіп жатыр. Біз кітап оқы­там дегенше, олар мобильді телефоннан не теледидардан мультфильм мен ойындарды көріп үлгереді. Ондағы тақырыптарды айтып тауы­са алмаймыз. Бәрі бар. Осындай жағдайда балалар әдебиетін заманауи­ құ­ралдарға жүктеу, БАҚ арқылы насихаттау жа­ғы шабандау болып жатқан жоқ па? Сіздердің ойларыңыз қандай?

 Ш.Күмісбайұлы: – Осының бәрі айналып келгенде балалар әдебиетін дамыту, өз авторларымызды насихаттау дейтін мәселеге тіреледі. Бұдан бір­­неше жыл бұрын жазушы Сұлтан Қа­­лиев екеуміз балалар әдебиетіне ар­нал­ған «Дарабоз» дейтін бәйге ұйым­дастырдық. Он бір жыл бойы тек қана балалар шығармаларына жүлде таға­йындалып келді. Сұлтан екеуміз бір күні «Жер-Су» корпорациясына бардық. Бас­шысы Бауыржан Оспанов есімді ­жі­гіт екен. Бізді жылы шыраймен қарсы алып, бұйымтайымызды сұрап, келер жыл­дан бастап қолынан келгенше көмек­тесетінін айтып көңілімізді демеді. Сол жігіт сөзінде тұрып, он бір жыл бойы «Дарабозға» демеушілік жасады. Бас жүлдесі бір миллион теңге, одан кейінгі орындары ретіне қарай 700, 500, 300, 200 мың теңгелік қаржыларды беріп отырды. Жүлде алған шығармалардың жинағын кітап етіп те шығардық. Бірақ бір жылдары мен ауырып, операцияға түстім, Сұлтанның да шаруалары шығып, «Дарабозды» ұйымдастыру жұмысына бір қыз бала келген еді. Бауыржанмен келісе алмай қалды ма, әйтеуір аяқ жағы шикі болды. Бірақ біздің Бауыржанмен келіспей, ренжісіп қалған жеріміз болған жоқ. Қазір де балалар әдебиетін қолдау, дамыту, насихаттау үшін «Дарабоз» сияқ­ты дүркіреген әдеби бәйге қажет деп есептеймін. Балалар әдебиетін үкіметтің өзі қолдауы керек. Сөздің шыны керек, бізде балалар әдебиетіне деген көзқарас кеңес үкіметінің тұсында да онша емес болатын. Сол күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Өз басым соңғы кездері балалар әдебиетіне қатысты жоғары жақтың жылы лебіздерін естіп, біраз қуанып қалдым.

Н.Ақыш: – Бұл өте өзекті мәселе. Қазір ата-аналар, ересектер мен мұға­лімдер «балаларға кітап оқыта алмаймыз» дейді. Бұл – шындық. Мен өз немерелеріме шығармаларды дауыстап оқып берем. Соларды кішкенелері ғана тыңдап, үлкендерінің ойы басқа жақ­та тұратын сияқты. Осындай жағдайда көркем шығармаларды электронды құ­ралдар арқылы балалар алдына көл­де­нең тарту керек деген ой өте дұрыс. Біраз уақыттан бері айтылып та жүр. Мұның форматтарын табу керек. Осы мәселелер талантты режиссерлер мен сценарийшілердің, оны бекітіп, қаржы бөлетін құзырлы мекемелердің қолында. Бейнематериалдарды бір адам жасай алмайды, ұйымдастыру, үйлестіру жұ­мыс­­тары көп. Жаһандану заманында неге мұндай тетіктерді пайдаланбасқа? Бастысы, ол өнімдер балаларды иман­дылыққа, патриоттық сезімдерге тәр­биелеуі керек.

Т.Әбдірайым: – Психолог маман­дардың сөзіне сенсек, қырықпышақ төбелес, атыс-шабысқа толы түрлі бағ­дарламаларды тұрақты көру, қалта теле­фонға, планшетке жиі үңілу балалардың мінез-құлқына, миына, яғни психикасына салмақ түсіреді. Денсаулығына кері әсер етеді. Тіпті кей жағдайда маман дәрігердің көмегіне жүгінуге тура келеді. Ондай жағымсыз дүниелер баланы қатыгездікке бейімдеп, мейірім-қайырымнан алыстауға итермелейді.

Сол үшін де балалар жазушысына артылар салмақ зіл батпан. Жақсы шығармалар қай кезде де, қай заманда да оқылады. Бүгінгі уақыт талабына сай бүгінгі балалар техника мен технологияны меңгеруі, білуі, үйренуі қажет. Меніңше, кітапты ешқандай техника алмастыра алмайды. Кітаптың орны бөлек! Кітап баланы отыруға, шыдамдылыққа, еңбек етуге тәрбиелейді. «Артық білім – кі­тапта» деп хакім Абай бабамыз айт­қандай, оқушыны кітапсыз, кітапты оқу­шысыз көзге елестетудің өзі қиын. Қазақ тіліндегі тілі шұрайлы, мазмұны терең, әдеби кітаптар – қазақ тілін үйренудің үлкен мектебі.

Д.Мамырбаева: – Иә, солай. Қа­зіргі балалардың көбінің қолына кітап ұстатсаң, бірден ұйқылары келеді. Титтей кездерінен кітап оқуға дағдыланған біздің үйдің балалары, немерелеріміз үш ай шамасы кітап оқымай кетсе одан кейін қиқаңдап, есінеп, маужырап барып, әрең естерін жинап алады.

Оның себебі интернеттегі жеңіл ақ­параттарды қабылдауға тез дағдыланып алады. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жазылған дүниелерді оқуға жылдам бейімделеді. Осылардың ығын тауып, балаларға арналған шығармаларды насихаттау, оларды заманауи құралдарға жүктеу енді-енді қолға алынып жатыр-ау деймін.

С.Хасан: – Ол жағы да бар. Зама­науи құралдардың кітапты ысырып бара жатқаны рас. Бірақ ол қорқатын нәрсе емес. Кітап қашан да кітап болып қала береді. Мәселе баланы қызықтыруда, оның кітапқа деген махаббатын ояту­да. Ол үшін әрине соған сай кітап керек. Балаға көп жағдайда алдымен ата-анасы қамқорлық танытуы қажет. Пси­холог­тардың айтуына қарағанда, сәби дүниеге келгенде оның миында көптеген нейронды байланыстар болады екен. Егер бала оларды 5-6 жасқа дейін қолданбаса, ми оны қажетсіз деп танып, әлгі жасушалар жойылатын көрінеді. Ол не деген сөз? Бала бойындағы қабілет, потенциа­лына жауапты нейрондар да жойылды деген сөз. Ал ата-ананың міндеті осы­ны уақтылы анықтап, баланы өз бейім­ді­лі­гіне қарай бағыттау керек. Кітап оқы­тып, түрлі секция, үйірмелерге апару қажет. Кітап оқыған баланың ой-өрісі кеңейеді, сөздік қоры ұлғаяды, тілі бай болады. Өкінішке қарай, мұны қазіргі ата-аналардың өзі ескермейді, кітап бетін ашпайды. Содан кейін кімге ренжиді? Біздің қазақ «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Жаны бар сөз.

– Қаламгер ретінде балалар туралы фильм не мультфильм түсіріп жүрген киностудиялармен, жекелеген режиссерлермен байланыстарыңыз бар ма? Мысалы, оларға тәуелсіздік жыл­дарында балаларға арнап жазыл­ған қай мықты шығармаларды ұсынар едіңіздер?

Ш.Күмісбайұлы: – Мұның өзі ұң­ғыл-шұңғылы көп әлем екен. Ең алды­мен сценарийшіні табуың керек. Шығармам дап-дайын деп ойлайсың, бірақ фильмге айналуы үшін көп еңбек қажет. «Ғажайыпстанға саяхат» дейтін мультфильмнің сценарийімен жұмыс істегенде мұның қандай қиын жұмыс екенін көрдім. Соның 100-ден аса сериясы түсірілді. Жалпы, балалар тақырыбына жазатын қаламгерлер мен телеарналар мен киностудиялар тығыз байланыста болса, көп дүниелер өмірге келер еді-ау. Қазір мысалы, балаларға арналған көркем фильмдер де жоқтың қасы. Телеарналар бұрын түсірілген фильмдерді қайта айналдырып көрсете береді. Егер көркем фильм мен мультфильмдер түсіру қажет болса, бізде жақсы шығармалар көп қой. Өзім Толымбектің «Тұнжыр» дейтін шығармасын фильмге сұранып тұрған туынды деп айтар ем.

Н.Ақыш: – Шындығында солар­мен бай­ланысым жоқ. Олар да шығарма­ла­рымды біле бермеуі мүмкін. Менде осы жағы кемшін қалып жатыр. Кино жасауға немқұрайлы қарайтын жазушылар қатарынанмын. Кейбір тетіктерін шамалап білсем де, араласпаппын. Менің­ше, бұған киностудияның режиссерле­рі қы­зығуға тиісті. Олар да ізденуі керек. Мысалы, менің «Киелі көлдің қа­рақ­шылары» атты шығармам бар. Өз шығар­маларым арасында кино түсіру үшін жарайтыны сол деп ойлаймын. Басқа авторларды айтатын болсақ, жас буыннан Дархан Бейсенбек, Зәуре Төреханова, Әлібек Байбол, Елдос Тоқтарбай, аға қаламгерлерден Райхан Мәженқызы, То­лымбек Әбдірайым, Көсемәлі Сәтті­байұлы, Көмек Ыбырайымов сияқты авторлардың шытырман оқиғалы шығар­малары киноға сұранып тұр. Табиғаттағы қызықты жағдаяттарды тартымды етіп жаза білетін Тұрдақын Жексенбайдың туындылары да фильмге айналса, балалар үшін қызықты болар еді. Сондай-ақ ақын Байбота Қошым-Ноғайдың биыл Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Дос­Өтық жоралғы» кітабындағы кейбір шы­ғармалар жекелеген мультфильмдер тү­сіруге әбден жарар еді.

Т.Әбдірайым: – Мультфильм түсі­ретін киностудиялармен, режиссерлермен таныстығым жоқ. Ондай өнер тұлғаларымен жолығып, әңгімелесу жос­парда тұр. Жолыға қалсам, өзім жазған «Тұнжыр» повесімді тағы басқа бірер әңгімелерімді кино фильм етіп түсіруге ұсыныс жасар едім.

Тәуелсіздік жылдары жарық көрген, Нұрғали Ораздың «Сиқырлы апельсин», Гүлзат Шойбекованың «Үш бала», Баян Болатханованың «Сарыкөжек», Тұрлыбек Мәмесейіттің «Мен қазақ екен­мін», Ділдар Мамырбаеваның «Махаб­баттың ақ жауыны», «Қош бол, балалық», Қаржаубай Омарұлының «Тірі жетім», Әлібек Файзуллаевтың «Көзтүрткі» аталатын балаларға арналған туындылары мультфильмге, шағын метражды кинофильм түсіруге лайық деп ойлаймын.

Д.Мамырбаева: – Балалар туралы фильм, мультфильм түсіріп жүрген киностудиялармен, режиссерлермен байланыс жасамаппын.

Өз басым оларға Мейіржан Жылқы­байдың «Тауға саяхатын» ұсынар едім. Күшік Достың, Мими мысықтың , Жебе – Құлынның бейнелері балаларға бірден ұнайды деп ойлаймын.

Арасанбай Естеновтің «Көне кенттер күмбірі» деген кітабы бар. Үлкен та­нымдық дүние. Балалар Аспара, Бала­сағұн, Баршакент, Доржыкент, Испид­жап қалаларының тарихымен таныса алады. «Аруна» баспасы «Мизам» сериясымен балаларға арналған аударма әңгімелер шығарады. Мультфильмге сұранып-ақ тұр. Танымдық бағыты басым.

С.Хасан: – «Saf Media» студия­сы­ның директоры Салтан Сайранұлы, «ARA studios» студиясының директоры Мейіржан Сандыбаймен жақсы байланыстамын. Салтан Сайранұлымен бірге осыдан біраз жыл бұрын «Балапан» арнасына лайықтап бір анимациялық жоба ұсынғанбыз, қолдау таппады. Мейіржан Сандыбайдың «Балапан» арнасында беріліп жүрген «Сәби» мультфильмі ән­дерінің сөзін дайындадым. «Trinity» продюсерлік орталығы «Балапан» арнасынан беріліп жүрген «Әткеншек» жобасын менің «Қолыңды жу» өлеңіммен бастады. «Әткеншек» жобасына тағы біраз өлеңдер ұсынғам, шығу-шықпауын өздері көре жатар. Жалпы, анимация өте қымбат тұратын және тынымсыз жұ­мысты талап ететін сала. Алайда мүм­кіндік болса, қазақ қаламгерлерінің талай классикалық шығармасын мультфильмге айналдырғанға не жетсін?!

– Балалар әдебиетін заман та­лабына сай, жоғары талғаммен, көр­кем үлгімен жасау үшін қандай ынталандыру керек? Сіздер не айтасыздар?

Ш.Күмісбайұлы: – Бір кездері «Ба­лалардың басынан кім сипайды?» деген мақала жазғам. Ең алдымен балалар тақырыбына шығатын кітаптар кө­бейсе дейміз. Жазушылардың қалам­ақысы көбейсе дейміз. Балаларға арнал­ған кітаптар шығаратын жалғыз баспа бар. Оның өзіне там-тұм тапсырыс түсе­тінін жоғарыда айттым. Арнайы балалар әдебиеті үшін үлкен баспа қажет дер едім. «Дарабоз» сияқты бәйгелер ұйым­дастырылса дейміз. Балалар әдебиетінің жылдар бойы тоң боп қатқан мәселесін шешу аз ғана уақыттың еншісінде емес. Оған біраз уақыт керек, ықылас пен көңіл керек.

Н.Ақыш: – Балалар өмірінен шы­ғарма жазам деген адам бүгінгі өмірді, өздері өмір сүріп отырған ортаны жақсы зерттей білуі қажет. Әдеби дайындығы, таланттық деңгейі өз алдына, оны зерттеу керек. Балалар тақырыбына қалам тартып жүрген қазіргі аға буын жазушылар, яғни біздер ескі қормен жүрміз. Ертеде болған оқиғаларды тірілту жақсы-ақ, бірақ қазіргі заманның сұранысын да ескеру қажет. Сосын қазіргі әдебиет зерттеушілер мен ұстаздар балаларға за­манауи ертегілер қажет деген пікір айтып қалып жүр. Дайын екен деп ше­телдік үлгілерді ала салуға болмайды. Талантты адам заманауи дүниелерді де қазақы қалыпқа түсіріп, өз ортамызда, ұлтымызға тән руханият шеңберінде көр­сете алады деп есептеймін.

Бұрын жазушыларды ынталандыру үшін жоғарыда айтылғандай, «Дарабоз» бәйгесі жарияланып келді. Өз басымыз оған қатысып көрмесек те, бәйгенің балалар жазушыларына әжептеуір стимул болғанын атап айтқанымыз орынды. Мұндай бәйгелер бір корпорацияның деңгейінде шектеліп қалмай, мемлекеттік деңгейде іске асырылса, нұр үстіне нұр болар еді. Айналып келгенде балалар әдебиетіне қатысты атқарылар шаруалар шаш етектен. Сондай-ақ, бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігінің мектеп кітапханасын қалыптастыруға байла­нысты көтеріп жатқан әңгімесі өте өзекті. Бұрын да қолға алыну керек еді. Қазір сол жұмыстың басы-қасында жүргенімді атап айтуым керек.

Т.Әбдірайым: – Мемлекеттік тап­сырыспен шығатын кітаптарға төле­нетін қаламақы жоғары болуы керек. Мәдениет және спорт министрлігінің бағдарламасы бойынша 3-5 мың таралыммен шығарылатын кітаптар облыстық, аудандық, қалалық кітапханаларға ғана таратылады, кітап дүкендеріне түспейді. Ал балалардың бәрі кітапханаға бара бермейді ғой.

Кітап шығаратын тиісті министрлік та­ралым мөлшерін көбейтіп, кемінде 50 па­йызын сатуға шығарғаны жөн деп ойлаймын.

Бұл мәселені баспалардың өздері де шешуге болады. Яғни, қосымша 2-3 мың дана артық шығарып, кітап дүкендеріне сатуға қойсын. Жақсы кітап қай кезде де сатылады және баспаға қаржылай табыс әкелер еді.         

2019 жылдың қаңтар айында. Қазақ­стан Жазушылар одағында, бас­қарма төр­ағасының орынбасары Бауыр­жан Жа­қыптың төрағалығымен балалар әде­биеті кеңесінің кезекті мәжілісі өтіп, кі­тап шығаруға байланысты тиісті ми­нис­трлік жариялайтын тендерді балалар әдебиетінің кітаптары үшін бөлек жа­риялау қажеттігін, бүлдіршіндерге ар­нал­ған кітаптардың безендірілуі жақсы болу керектігін айрықша атап айтты.

Жалпы, балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби бәйгелер көп болғаны дұрыс! Бұл конкурстар, балалар әде­биетіне жаңа есімдер әкеледі. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, жас таланттар танылады. Балалар әдебиетінің бағы жанады! Гүлдейді! Көркейеді! Қанатын кеңге жаяды!

Д.Мамырбаева: – Мемлекет балалар әдебиетін қамқорлығына алу керек деген сөз жыл сайынғы жазушылардың басқосуларында айтылып келеді. Үлкен жақтан қолында билігі бар уәкіл келіп қатысып отырса, оның да құлағына іліп жібереміз. Уәде беріп кетеді. Сенеміз. Бірақ балалар әдебиетінің мәселесін шешуге келгенде ортадан әйтеуір бір нәрселер кесіп кетеді. Бар тәттісін бала­лардың аузына тосатын ұлт едік, қазір сый-сияпат берерде «тәтті жесең тісің түсіп қалады, бар далаға ойнап кел» – деп сыртқа шығарып жібереді.

Президенттік стипендияға балалар жазушыларының тізімі ілінбейді. «Алаш» сыйлығына болса да. Кезінде насихат ­бюросы деген болған. Қазір де соны қолға алуға болады ғой. Мемлекеттің идеологиясы солай болу керек. «Мынау керек» деп жинақтайтын, жүйеге салып отыратын қормал саясат керек.

Орыстардың «Маша и медведін» қараңыз. Жазылды, мультфильм болып шықты. Іле-шала оны насихаттайтын қуыр­шақтар, күнделіктер, дәптерлер де қаптап кетті. Осы аттас журнал да ай сайын шығады. «Тетрадь смерти», «Мстители» де солай болды. «Мұзды өлке­нің» жанашырлары да лезде осындай жан-жақты жұмысқа кірісіп жатыр. Оның бәрін жалғыз автор атқара алмайды, мемлекеттің демеуі, қозғауы керек.

С.Хасан: – Жоғарыда айтып кеткендей, қазіргі нарықты зерттеп, балаларды қандай тақырып қызықтыратынын, қандай кітаптар оқылымды, сатылым­ды болатынын айтып, балалар қалам­герлеріне бағдар берген дұрыс. Баспалар мен әдеби агенттер осы бағытта бірлесіп жұмыс істесе, қаламгердің де шабыты оянар еді. Сосын әрине балалар әде­биетін аяғынан тік тұрғызу үшін қазіргі «Ұлттық аударма бюросы» секілді бала­ларға арналған кітаптарды жанрлар бойынша жүйелеп, жарыққа шығаратын бір мекеме қажет. Осы мекеме аясында заманға сай балалар әдебиеті бас­пасын қалыптасты­рып, осы баспа ар­қылы әлемнің балалар­ға арналған клас­сикалық шығармаларын, ертегілерін, қа­зіргі қаламгерлердің әде­би кітаптарын, балалардың қызығушылы­­ғын қалыптас­тыратын, белгілі бір бағытқа ­баулитын танымдық кітаптарды қазақ тіліне аудару қажет. Одан бөлек өзіміздің балалар әдебиетінің классиктерінің таң­дамалы шығармаларын және қазіргі балалар қаламгерлерінің кітаптарын (дра­матургия, поэзия, проза) шығару қажет. Сондай бір ынталандыру жасамаса, мем­лекет­тің балалар әдебиетін қол­даймын дегені жай ғана сөз болып қалады.

 

Сұхбатты ұйымдастырған

Айгүл СЕЙІЛ,

«Egemen Qazaqstan»