Әдебиет • 11 Қараша, 2020

Көне сөздер көмбесі

1288 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аба – жылқы терісінен тұтас тігілген жауын-шашыннан қорғайтын жамылғы киім.

Аббар – суыт, үдере қозғалу. «Аббар көшіп, шет қонған, жау алдына бет қонған» (Шалкиіз жырау).

Көне сөздер көмбесі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

Абдан – халықтан жиналатын ежелгі салық түрі. «Сыбан-Раптан басып алып, боданына қаратқан қазақ, қырғыздан қытай императорына абдан төлеп тұруға міндетті еді» (Ж.Тұрлыбай)

Адарғы – үлкен ине, яғни тебен түрі. «Көк кебісін көктеп өтті адарғы» (Қ.Шаңғытбаев).

Ажан – сақшы, айдауыл. «Ажанның қолына тапсырып түрмеге жөнелтті». (С.Шарипов)

Азада – жүрісі жайлы жылқы. «Жүрісті, өзі сұлу азада атпен, барайын көпшіл болсаң,  жүз жігітпен...».  (Б.Қалиев)

Азбар –  мал бордақылауға арнап, қараңғылап жа­саған орын. «Қырғауылдай қызыл нар, алшаң­да­ған асаулар, азбарда тұрып жем жеген, аяғын әсем сермеген» (Қашаған ақын).

Азбеніш – нәпақа,  дәтке қуат. «Оның алданыш, азбеніші – ораза ашары». (Ж.Аймауытов)

Айғыржап – үлкен арық.  «Суарма егістікпен күн көрген елдің айғыржап жасаудан бастап, егінді орып,  жинап алғанша қолынан кетпені түспейді» (Ғ.Мұстафин).

Аймауыт – болаттан  шынжырлап соққан сауыт. «Аймауыттың шынжыр торы денеге батпау үшін ішінен киіз кебенек киеді» (ҚСЭ). 

Ақаба –  егінге жіберілетін судың арықтан асып төгілген артығы. «Су лай батпақты атыздарда ақа­­баланып, артқы атыздар тыңайтқыштан құр қа­лады» (Ы.Жақаев).

Ақбұрғы – тұтқынның мойнына кигізетін ағаш  бұғау. «Ақбұрғы мойнымызға сонда салды, ше­­рік­тер темір үйге алып барды» («Арқалық батыр» жыры).

Ақташы – Шыңғыс хан кезінде орда жылқысын баптаушы адам.  «Шул қаум татар ахташы бекілігі төрт казик еді» (Қадырғали Жалайри). 

Алагүлік –  түйе түлігінің ауруы. «Желі толған түйеңді, жан шешеке, алагүлік әкетсін деді Қозы» («Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры). 

Алақаншық – бірде үдеп, бірде сая­быр­лап соғатын қарлы боран. «Бір сәтке боран алақан­шықта­нып еді, таң білінген кез екен, аяз ширай түсіпті» (З.Ақышов).

 

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ,

этнограф