Ғ.Қараш Уфа қаласындағы Діни басқарманың қазиі қызметінде жүріп, арнайы шақыртумен 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен II жалпықазақ съезіне қатысады. Алаш автономиясын жариялау мәселесінен туған қызу айтыста, сиез делегаттары екіге жарылады. Бірінші топтағылар Алаш автономиясын жедел түрде жариялауды қолдаса, бұл пікірге қарсы екінші топ, Алаш автономиясын жариялауды кейінге қалдыруды ұсынды. Ғұмар Қараш Алаш Автономиясын жедел жариялауды қолдаған топтың құрамында болды.
1919-1920 жылдардан кейін А.Байтұрсынов бастаған бірқатар Алаш зиялылары күштің большевиктер жағында екеніне көздері жеткен соң, күрес тактикасы мен стратегиясын өзгерту қажет деп тапты. Демек, олар енді оқу-ағарту, баспасөз саласы төңірегіне топтасып, қазақ халқының мүддесі үшін қызмет етуге көшті. Міне, осы кезеңде, яғни 1919 жылы ерікті түрде коммунистік партия қатарына өткен Ғұмар Қараш партиялық және кеңес органдары қызметіне белсене кіріседі. Мәселен, азамат соғысы жүріп жатқан тұста, ол Бөкей өлкесіндегі тұңғыш атты әскер полкін құру, В.И.Чапаев дивизиясын жергілікті адамдармен жасақтау, Кеңес өкіметі құрылысына қарсы күштерді талқандап, ел ішін бандалық топтардан тазарту жұмыстарының бел ортасында жүрді. Өзінің кір жуып, кіндік кескен Таловка жерінде «Қырқұдық» деп аталатын ауылшаруашылық артелін ұйымдастырды. Алайда қазақ қоғамына қызмет етуді өзінің мақсат мұратына айналдырған Ғұмар Қараш небәрі 46 жыл ғана өмір сүрді. Ол 1921 жылы 12 сәуірде Кеңес өкіметі жауларының қолынан қаза тапты.
1962 жылдан Мәскеу қаласында тұратын Ғұмар Қараштың немересі, филология ғылымдарының кандидаты Нәдия (Надежда) Бұрханқызы Қарашева: «Ағам Басырдың айтуы бойынша, атамды өлтірген бандалар тобы, бір жыл өткенде Астрахань қаласындағы реальды училищені бітіріп, уезд милициясы болып жүрген үлкен ұлы Қадырды өлтіреді. 1922 жылы оның анасы мен әйелін де өлтіріп үйін-мүлкін өртеді» деп жазады.
Нәдия Қарашеваның айтуынша, Ғұмар Қараштың 4 ұл, 2 қызы болған. Үлкені жоғарыда айтылған Қадыр. Екінші ұлы Басыр Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек армиясы қатарында Қарағанды шахтасында еңбек етіпті. 1974 жылы қайтыс болды. Басырдың жалғыз ұлы Болат 1938-2000 жылдар аралығында өмір сүрген. Ал Ғұмардың үшінші қызы Нәзиядан туған Балхия (1928-1990 жж.) отбасымен Ақтөбе облысының Алға стансасында тұрған.
Ғұмар балаларының арасында жоғары білім алғаны Бұрхан (1904-1967). Ол Мәскеудің Тимирязев академиясын бітіріп, ҚазССР ауыл шаруашылығы министрлігінде қызметке орналасады. Алайда әкесі Алаш зиялылары тобынан екенін сезген ол, 1947 жылы Талдықорған облысының шалғайдағы орыс ауылына барып бой тасалайды. Сонда 10 жылдай ауыл шаруашылығы техникумының директоры болып қызмет етеді. Бұрханнан кейінгі Хамида 12 жасында қайтыс болып кеткен. Ал кенже ұлы Әлихан 21 жасында Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кетті.
Мәскеу қаласында тұратын Нәдия Бұрханқызы 1930 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Кейін Алматы қаласына көшіп, орыс орта мектебін тәмамдағаннан соң М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері факультетіне түсіп, 1953 жылы қызыл дипломмен бітірді. Кейін 1962 жылы жолдасымен бірге Мәскеу қаласына қоныс аударды. Зейнет демалысына шыққанға дейін Ресей Білім академиясының филологиялық орталығының ғалым хатшысы болды. 120-дан астам ғылыми еңбектің авторы. Қысқаша айтқанда Ғұмар Қараш бабамыздың ұрпақтарының тағдыры осы.
Бақтылы БОРАНБАЕВА,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті