Экономика • 12 Қараша, 2020

Қантқа қарық болар күн қайда?

429 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Адамзаттың тәттіге тәуелділігі қай заманнан басталғанын тап ба­сып айту қиын. Әйтеуір, тіл үйірер дәмге деген сұраныс бүгін­де жыл сайын артып отыр. Әсіресе қант және қант өнім­­дерін тұтынушылардың легі тіптен азаймайтыны бесенеден белгілі.

Қантқа қарық болар күн қайда?

Адамзатты қантпен қамту ісі күн тәртібінен ешқа­шан түспек емес. Сәйкесінше, қант өндірісі дүние жүзі бойын­ша табысты сала болып қала береді деген сөз. Ал бұл бағытта Қазақстанның экологиялық таза қант өндірісін жолға қою арқылы экономикалық дамуға қол жеткізуге мүмкіндігі бар.  Осы тұстағы әңгiменi сәл шегi­нiстен бастайық. Кеңес Ода­ғы тұсында Қазақстанда жер­гi­лiктi шикiзаттан дайындала­тын ауыл шаруашылығы өнер­кәсiбiнiң өнiмi санаулы ғана едi. Қазақ топырағында өнген қызылшадан қант шығару iсi соның бiрегейi болатын. Һәм одақ күйрегеннен кейiн­гi ауыр кезеңнен аман өткен отандық өнеркәсiп түрлерiнiң арасынан да қант өндiрiсi алдымен аталады.Экономика­ның бiрнеше сал­асына тiкелей әсерi бар өн­дiрiстiң дамуы тиiсiн­ше ауыл шаруашылығының, өнеркәсiптiң және дайын тауар айналымының өзара байланысын қамтитын жеке кластерлiк жүйе ретiнде де маңызға ие.

Жалпы, әлемнiң дамыған елдерi де қант өндiрiсiне iшкi нарық­тың маңызды бөлшегi ретiн­де қарап, стратегиялық сипат бередi. Өкiнiшке қарай, Қазақстанда бұл нарық тиiстi дең­гейде қорғалмаған және оны жеке кәсiпкердiң бизнесi ретiн­­де бағалау көзқарасы қа­лып­­тас­қан. Мысалға жүгiнейiк, бiз­ге iргелес Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерi мен Жапония, арғы бел­­деуден Еуропа мен АҚШ мем­­ле­кеттерi қант нарығына үкi­мет тарапынан мониторинг жүргiзiп отырған елдер. Олар­да қант өндiрушiлер үшiн арна­йы салықтық жеңiлдiктер мен ке­ден­дiк басымдықтар белгiленген.

Бұл жерде тағы бiр жайт­тың астын сызып қарау керек. Атал­ған елдердiң басым көпші­лігінде өндiрiлетiн өнiм негiзiнен қант ­құра­ғы­нан дайындалады. Ал қант қызыл­шасы мен қант құ­ра­ғынан өндiрiлген өнiмнiң сапалық құрамы мен азықтық құн­дылығының айырмасы жер мен көктей. Осы себептен Қазақ­­станда өндiрiлiп жатқан шекер­дiң әлемдiк сұранысқа ие болатын жөнi әбден бар.

Оның үстіне дүние жүзінің тәттіқұ­мар­лары тұшынып жейтін қанттың негізі бөлігі қант құрағынан жасала­ды екен. Яғни әлемдегі қант нары­­ғын­дағы қамысты құрақ­тың үлесі 1,4 млрд тонна шама­сында. Ал таза алқапта өс­кен қант қызылшасынан жасал­ған тәтті өнімнің көлемі 270 млн тоннаны құрайды дей­ді деректер. Демек азық-түлік нарығындағы қант моно­полистері ретінде атала­тын елдердің барлығында құм­ше­кер қызылшадан емес, құрақ­тан дайындалады. Бұл тізім­де 27,7 млн тонна қант өнді­ретін Бразилия бірінші тұ­рса, одан кейінгі орын 19,9 млн тонна шекер шығаратын Үнді­стан зауыттарының үле­сін­де. Қамыстан жасалған қанттың тағы 9,7 млн тоннасы Қытайға, 2,2 млн тоннасы АҚШ-қа тиесілі.

Бірақ әлемде қызылшадан алынған ақ қантқа деген сұ­раныс жоғары болып тұр. Есесі­не, дүние жүзі елдеріндегі тәтті түбір алқаптарының кө­лемі аз. Бі­рер жыл алдын­дағы дерекке жүгінсек, әлемде 5 млн гектардан астам ал­қапқа қызылша егіледі екен. Ал жыл са­йын қант қызылшасын өсіріп, өңдеу бойынша Ресей көш басында, оның үлесі – 45 млн тонна шамасында. Одан кейінгі орында 33 млн тонна тәт­ті түбір өңдейтін Франция, 31 млн тонна қант шығаратын Америка және 27 млн тонна таза қант дайындайтын Германия үздік үштік болып тұр. Сондай-ақ Украинада 18 млн тонна қызылша қанты алынса, Түркия да әлемдік нарыққа 15 млн тонна тәтті түбір өнімін жөнелтеді.

Өзімізге оралайық. Мә­лім болған дерек бойын­ша Қазақстандағы таза қант­қа деген сұраныс жылына 500-800 мың тоннаның ара­лығында. Өкінішке қарай, отандық қант өндірісі на­рық­тағы сұраныстың 50 па­йызға жуығын ғана қамтуға қауқарлы екен. Яғни ішкі на­рық­тағы қант импорты әлі де басым күшке ие. Бірақ Қазақ­стандағы қант өнді­рісі­нің келе­шегіне үмітпен қараған абзал. Өйткені соңғы 5 жылдың көлемінде ауыл шаруашылығының, оның ішінде қызылша өсірудің қар­қынды дамуы жолға қойыл­ды. Оның бір дәлелі ретін­де Алматы облысындағы нәти­желі істі мысалға келтіру орынды болатын шығар...

1

Жалпы, отандық қызылша шаруа­шылығы мен қант өнді­рісі өркендеп келе жатқан өңір­дің бірегейі – Жетісу. Қазір Алма­ты облысындағы қант қы­зыл­­шасының алқабы 16 мың гектар­ға жетті. Биыл бұл ал­қап­тардан 550 мың тонна тәтті түбір жиналып, одан дайын­да­латын өнім көлемі 50 мың тон­наға жетеді деген болжам бар.

– Елбасының қант қызыл­шасының бұрынғы даңқын жаңғырту туралы тапсырмасын орындау мақсатында біз 2014 жылдан бастап барлық қажетті шараларды қабылдадық. Бүгінгі күні Алматы облысы экономикасының басым бағыттарының бірі – ауыл шаруа­шылығы және оның дамуына мемлекет тарапынан елеулі қолдау көрсетілуде. Егер 2014 жылы қант қызыл­шасының алқабы 1,2 мың гектар болса, 2020 жылы ол 16 мың гектарға жетіп, 14 есеге жуық көрсеткішке ұл­ғай­ды. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін облыстың шаруа қожалықтарына субси­дия беріліп, Франция, Германия, Да­н­ия елдерінен әкелінген жоғары өнім­ді тұқым берілді. Арнайы техника және жанар-жағармай мәселесі де шешіл­ді, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов тақырыпқа орай берген сұхбатында.

Ал қызылша танаптарын көбейту үшін шаруаға қажетті тех­ни­ка­лық қолдау бол­са керек. Бұл іспен ай­мақта «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік кор­­по­рациясы айналысады. Қазір мем­­лекеттік қолдау аясында қант қызыл­­шасын егумен айналысатын 29 сер­вистік-дайындау орталығы құры­лып, құны 6,4 млрд тең­ге бо­латын 621 бір­лік арнайы техника сатып алын­ған. Жалпы, сервистік орта­лық­тар үшін барлығы 1200 бір­лік ауыл ша­руа­шы­лы­­ғы тех­­ни­ка­сы жи­нақ­талған.

Қапшағай қаласын­дағы «Етекбаев» шаруа қожа­лығы соңғы жылдары қант қызылшасын егуге көңіл бөле бастапты. Биыл 40 гектар жер­ге қызылша егіп, жаз бо­йы тынбай еңбек еткен шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Етекбаев әр гектардан 700 центнерден өнім алған.

– Біз қант қызылшасын өсірумен қатар, өңдеу ісін де жолға қойдық. Алдымен жыл­дар бойы тоқ­тап тұр­ған Көксу қант зауытын, одан кейін Ақсу қант за­уытын іске қостық. Инвес­тор­лар тарттық. Олар зауытты қайта жаңғыртудан өткізіп, отандық, ре­сейлік, украи­налық және басқа да шетелдік ең озық үлгідегі құрал-жабдықтарды орнатты. Сол сияқты зауыттарда бұрыннан істеген мамандарды қайта шақырдық, – дейді тағы Амандық Баталов.

Нәтижесінде, Көксу қант зауыты 260 мың тонна қант қызылшасын өңдеу­ге қол жеткізіп отыр. Кәсіп­орын 80 пайызға қайта жаң­ғыр­тылып, өндіріс толық авто­маттандырылған. Бұл дайындалатын қант сапасын еселеп арттыруға ықпал етуде. Әрі бұл зауыт табиғи газ­ға қосылған. Зауыт­тың эколо­гиялық таза отынмен жұмыс істеп тұрғанына екі жыл бо­лып­ты. Яғни бұл кәсіпорын үшін эконо­микалық жағынан тиімді болса, өңір үшін экологиялық жағынан тиімді. Бұрын зауыт маусымына 10 мың тонна мазут жақса, газға көшкелі отынға кететін шығын 1,5 есе кеміген екен.

Ал аймақтағы екінші кәсіп­орын – Ақсу қант зауы­ты­ның кезекті жаңғырту жұмыс­тарынан кейін өңдеу қуаты 350 мың тоннадан 500 мың тоннаға ұлғайды. Қазір мұнда қосалқы өндіріс көзі іске қосылу үстінде. Зауытта қант қызылшасынан шығатын жомды кептіруге арналған және оны түйіршіктейтін желі іске қосуға дайын.

– Қызылша жомы – малға таптырмайтын азық. Облыста мал бор­дақылау алаң­дарының қатары артып келеді, сондықтан кепті­ріл­­ген жомды өткізу қиын­дық туғызбайды. Оның үстіне жаңа технологияның арқа­сын­да жом брикеттеліп, құр­ғақ күйінде жеткізіледі. Сон­да ол ұзақ сақталады әрі өзі­нің пайдалы қасиет­терін жоғалтпайды. Сол сияқ­ты ашыт­қы зауыты мен құра­ма­жем зауытын салу арқылы өндірісті одан әрі кеңейту жоспарда бар. Сөйтіп зауыт қалдықсыз өндіретін кәсіп­орын болады. Өндірістік қуатын арттырудың арқа­сында бізге тағы бір зауытты іске қосудың қажеттілігі тумайды. Біз қазір суармалы жерлерді ұлғайтумен, оған қоса қант қызылшасы алқа­бының көлемін арттырумен айналысып жатырмыз, – дейді аймақтағы қант қызыл­шасы өндірісін дамыту жайындағы жоспарларымен бөліскен облыс әкімі.

Жалпы, атқарылған іс аз емес. Осының нәтижесінде Алматы облысы отандық на­рық­тағы қантқа деген сұ­ра­нысты қамтамасыз етуге күш салып келеді. Бүгін­де бұл көрсеткіш 50 пайыз­ға жуықтаған. Ал қызылша ша­руашылығы мен қант өнді­рісінің қарқыны бәсеңдемесе, 2023 жылға қарай облыс елі­міздің ақ қантқа деген сұ­ра­нысын 70 пайызға қам­тамасыз етеді деген сенім бар.

 

Алматы облысы