26 Қараша, 2013

Кемшілікке кеңшілік жоқ

272 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Елбасы тапсырмаларын орындауға байланысты кейбір органдар жұмысын қатаң сынға алды

Өткен сенбіде Премьер-Министр Серік Ахметов Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мәселесі жөнінде арнайы кеңес өткізді.

Президент тапсырмасы қалай орындалуда?

Үкімет басшысы Елбасы тапсырмаларын орындауға байланысты кейбір органдар жұмысын қатаң сынға алды

Өткен сенбіде Премьер-Министр Серік Ахметов Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мәселесі жөнінде арнайы кеңес өткізді.

Кеңесте Президенттің сын-­ес­кертпелерін орындауға қа­тыс­­ты қаржы-экономикалық мә­се­лелердің үлкен блогы қа­рас­тырылды. Орталық атқа­ру ор­ган­дарының, ұлттық компа­ния­ның жетекшілерінің есептері тыңдалды.

Мәселен, Өңірлік даму ми­нистрлігі мен Экономика және бюджеттік жоспарлау ми­нистр­лігінің арасындағы өңір­лік даму, мемлекеттік сатып алуларды жетілдіру, мем­ле­кет­тік және салалық бағдар­ла­маларды қаржыландыру мен­ оңтайландыруға қатысты өкі­леттіктерді шектеу мәселесі талқыланды.

Экономика және бюджеттік даму министрі Ерболат Досаевтың хабарлағанындай, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды кешенді бағалау жұмыстары жүргізіліп, оларды әзірлеудің сапасына талдау жасалынған. Со­ның нәтижесінде оларды оң­тай­ландыру және жүзеге асыру­ тетіктерін сапалы тұрғыдан жетіл­діру жөнінде ұсыныстар әзірленді.

Премьер-Министр Орта­лық атқару органдарының жетек­ші­лерінің назарын неғұрлым тиімді жұмыс істеп жатқан бағ­дарламаларды айқындау қажеттігіне аударды.

«Жұмыс істемейтін бағдар­ла­ма­ларға жабысып отыра бермеңіздер. Біз оларды қысқартып, босаған қар­жыны дағдарыс пен күрес шаралары аясындағы экономиканың басым бағыттарына, атап айтқанда жаңа жұмыс орындарын құру мен экономиканы дамытуға негізделген шараларға қарай бағыттауымыз керек», деп атап көрсетті Серік Ахметов.

Сондай-ақ, жекешелендірудің екін­ші толқы­ны аясындағы кәсіпорындар мен нысандарды арт­тыру жөніндегі мә­селені талқылау барысында да Үкі­мет басшысы бірқатар тапсырмалар бер­ді. Премьер-Министр, әсіресе, мем­лекеттік мү­лік жөніндегі жергілікті органдардың әрекет­сіздігіне қатысты өз наразылығын жасырмады.

«Бізде жекешелендіру, мемлекеттік мүлікті басқару жөнінде қаншама комитеттер құрылған. Бірақ олардың немен айналы­сып отырғаны түсініксіз. Жергілікті жерде мем­лекет мүлкінің мәселелеріне қатысты екі мем­ле­кет­­тік орган жұмыс істеп отырса да ат­қа­­рылған шаруаны көріп отырға­ны­мыз жоқ. Мұнымен нақты шұғыл­дануымыз керек», деп тапсырды С.Ах­метов. Сонымен қатар, кеңес­ке қатысушыларға Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмаларының орындалу барысы қатаң қадағалануының қажет­ті­гін ескертті.

«Тапсырмаларды жүзеге асыру министр­лер­дің ерекше бақылауында болуы тиіс. Олар­ды нақты және сапалы етіп орындау өз нәти­же­лерін беретіндігі анық. Сондықтан Президент тапсырмаларының орындалу барысын қатаң қадағалауға алуды тапсырамын», деп атап көрсетті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, Премьер-Министр Прези­денттің жуықтағы Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапарының барысында берген тапсырмаларына да тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысы бұл об­лыс­тағы үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысына қатысты бірқатар сындар айтты. Бұл өңірде аталған бағдарлама бойынша 38 кәсіпорын ашыл­ғанымен, олардың 29-ы ғана жұ­мыс істеп тұр. Осы уақытқа дейін ха­лықтың аузында болып келген ірі цемент зауыты ашыла салысымен жабылған. Осының мән-жайын анықтаңыздар» деп тапсырды Үкімет басшысы тиісті өкілетті органдарға.

Кеңес барысында автокөлік жол­дары қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, олар­ды тиісті техно­логиялық қажет­ті­лік­термен жабдықтау мәселесі де қозғалды.

«Тек үстіміздегі жылдың өзінде Жам­был облысының жолдарында, со­ның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» жол телімінің бо­йында 1 мыңнан астам жол апаты тіркеліп, 300-ден астам адам қаза тапқан. Жолдар бөлу белгі­лерімен жабдықталмаған», деді Пре­мьер-Министр. Осыған орай бірінші санатты жолдарды салған кезде тиісті құрал-жабдықтарды; жылдамдық өлшегіштерді, бақылау құралдарын орнатуды естен шығармау қажеттігін ескертті. «Төрт жолақты жолды салған кезде жол бөлу белгілерін орнатпай кету салақтығын қалай түсінуге болады. Астана – Бурабай жолына қараңыздаршы. Мұндағы жаңа жол салынғанға дейін жол бойында жылына 80 адам қайтыс болатын. Ал 2012 жылы 1 ғана адам қаза тауыпты. Міне, осындай жайдан қорытынды шығарып, өз жұмыстарыңызға жауапкершілікпен қарауларыңыз қажет», деген Үкімет басшысы осы проблемамен айналысып, орын алып отырған кемшіліктер мен өрескелдіктерді жою жөнінде нақты тапсырма берді.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар