Аймақтар • 12 Қараша, 2020

Пробация қызметкерлері көмек қолын созды

392 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі қоғамда ерікті­лердің араласуымен көп­теген маңызды іс-шара атқарылып жатқаны көп­ке аян. Еріктілер арасында жастар, белсенділер ғана емес, пробация қыз­метінің өкілдері де жүр­генін біреу білсе, біреу білмейді.

Пробация қызметкерлері көмек қолын созды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл «Волонтер жылы» деп жа­рияланды. Осыған орай биыл жыл басында Маңғыстау облысының пробация қыз­меттері жастар орталығымен бірлесіп, қала белсенділері мен еріктілерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізіп, бір жыл­ға арналған жоспарларды талқылаған еді. Белгіленген жос­парлар, сондай-ақ облыстың қоғамдық және қайырымдылық қорларымен ынтымақтастық туралы меморандумдар бойынша пробация қызметінің қыз­меткерлері еріктілер ретінде түрлі қайырымдылық жобалар мен акцияларға қатысты. Мысалы, әкімдік ұсынған тізім бойынша «Біз адамдармыз, біз біргеміз» қоғамдық қоры пробация қызметкерлерімен бірлесіп зейнеткердің үйіне барып, оған кереует және азық-түліктер алып берді, қор психологтары зейнеткермен әңгіме жүргізді. Пробация есебінде тұрған сотталғандарға қатысты да осындай іс-шаралар үнемі өткізіледі.

Пробация қызметкерлері облыс азаматтарына да, пробация есебінде тұрған сотталғандарға да азық-түлік, ыдыс-аяқ және басқа да тұрмыстық заттарды, асүй техникасын, жиһазды жет­кізуге көмектесіп келеді. Өмірде қиын жағдайға тап бол­ған тұлғаларға әлеуметтік қолдау көрсетуде жастар ор­та­­лығының волонтерлері, қара­­пайым азаматтар, Ақтау қала­сы­ның кәсіпкерлері де едәуір атсалысты.

Әсіресе коронавирус ін­де­ті кезінде адамдар жұмы­сы­нан айрылып, қаржылық қиын­­­дықтарға тап болды. Бұл қиын­дықтар бас бостан­ды­ғы­нан айырылмай, жазамен сотталғандарды да айналып өткен жоқ. Себебі олар­дың басым көпшілігі өзін өзі қам­тып отырғандықтан, каран­тин­дік шаралар енгізілген ке­зінде жалақысынан айырылды. Волонтер жылы аясында әртүрлі жағдайдағы жандармен жүздескен Ақтау қаласының пробация қызметіндегі қыз­мет­­керлері неше түрлі оқиға­лармен бетпе-бет келді. Мысалы, пробация қызметіне бел­гіленуге келген қыз бала пәтер жалдауға, азық-түлікке ақша жетпей жат­қанын айтып, мұңын шаққан. Пробация қыз­мет­керлері әлеу­меттік пат­ро­натты жүзеге асы­руға көмек­тесетін қоғамдық қор­­лармен және кәсіпкерлермен өзара әрекет етіп, қыз бала азық-түлік­пен және қаражатпен қам­­та­масыз етілді, сондай-ақ пәте­­рінің үш айға жалға алу ақы­сы төленді. Бұл бір ғана жағдай емес, есепте тұрған шамамен алпысқа жуық адам індет салдарынан тұрмыстық қиын жағдайларға тап болды. Қысылтаяң шақта мұндай сотталғандар азық-түлік пен киім-кешектер үлестірілді.

Тұрғылықты жері бойынша тексеруге барған кезде пробация қызметкерлері азық-түлік ала баруды ұмытқан жоқ. Сонымен қатар пробация бөлімінде киім қоймасы бар, онда сотталғандар қажет болған жағдайда қалаған нәрсесін алуға болады.

Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаменті Проба­ция қызметінің бастығы Ғабит Чутабеков қаланың еріктілері, пробация қызметкерлері әлеу­мет­тік жұмыстың түрлі бағыт­тары бойынша қайырымдылық шараларын ұдайы өткізіп тұра­тынын айтты.

Қайырымыдылық – сауапты іс. Ал пробация қызметінде тіркеуде тұрғандарды тасада қалдырмай қолдау көрсету, сондай-ақ мүмкіндіктеріне сай ізгі істерге тарту – олар­дың қо­ғам­­ға қажет екенін сезінді­рудің көрінісі.

 

Маңғыстау облысы