Қайда жүрсек те, атамекен, көкейімізде тұрасың!
Туған жер – әр қазақтың жүрегін ерекше соқтыратын асыл ұғым. Отанымыз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында елеулі жетістіктерге, биік асу белестерге жетіп отыр. Ұлтымыз өзінің қарға тамырлы тарихында түрлі ауыртпашылықтарды басынан өткеріп, бүгінде рухы өр халқымыз бабалары аңсаған кемел жарқын болашаққа, алтын ғасырға аяқ басуда.
Қайда жүрсек те, атамекен, көкейімізде тұрасың!
Туған жер – әр қазақтың жүрегін ерекше соқтыратын асыл ұғым. Отанымыз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында елеулі жетістіктерге, биік асу белестерге жетіп отыр. Ұлтымыз өзінің қарға тамырлы тарихында түрлі ауыртпашылықтарды басынан өткеріп, бүгінде рухы өр халқымыз бабалары аңсаған кемел жарқын болашаққа, алтын ғасырға аяқ басуда.
Осыдан тура 20 жыл бұрын еліміздің Тұңғыш Президентінің тікелей тапсырмасымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы өмірге келген болатын. Бүгінде 10 мыңнан астам жас отандастарымыз шетелдердің ең озық оқу орындарында білім алып, ел үшін қызмет етуде.
Ұлыбританияның Саутгемптон қаласында орналасқан шаһар атымен үндес университет қабырғасында бүгінде шамамен 30-ға жуық қазақ жастары білім алуда. Баршасы бір-бірін сүйемелдеп жүреді. Бір атаның баласындаймыз. Баба топырағынан қанша алыста жүргенмен, бір-бірімізге деген көмегіміз де, елге деген ыстық махаббатымыз да соншалықты берік. Хакім Абайдың: "Біріңді, қазақ, біріңді дос, көрмесең, істің бәрі бос", деген сөзін еш естен шығармаудамыз.
Саутгемптонда оқып жатқан қазақ жастары еліміздің барлық өңірлерін қамтиды десек те болады. Университеттің сапа деңгейінің жоғарылығы студенттер алдына үлкен білім талаптарын қояды. Саутгемптон университетін атақты заңгерлер, басқарушылар, инженерлер бітірген. Ғаламдық торды ойлап тапқан (Worldwide web) ғалым Сэр Тим Бернерс Ли (Sir Tim Berners-Lee) осы университет түлегі.
Сабақтың қиындығы бұл түсінікті, дегенмен, алдыңғы буын ағалардың табысты үлгісін жалғастыру, Елбасының артқан үлкен үмітін ақтау жауапкершілігі әрдайым біздерге шабыт беруші күш болып тұрады.
Шетелде баршамыз төл мәдениетіміздің, тіліміздің, қазақтың қоңыр дауысты әндерінің қаншалықты сұлу екендігін жаңа қырынан ашып жатырмыз. Бір айта кететін жайт, Қазақ елі жастарының бойында өзгелерге бергісіз бір құрмет пен ізеттілік бар. Біз арабты, ағылшынды, орыс пен қытайды еш алаламай табыссақ, олар да бізді ілтипатпен, игі көзқараспен қарсы алады. Мұндай сыйластық барлығына бірдей берілген құрмет деп айту қиын. Мұны ұлы еліміздің ұлы жетістігі деп ашық айта аламыз. Әрі алдыңғы буын «Болашақ» бағдарламасымен оқыған жастардың адами және білім сапасының биіктігінің арқасы. Мұны біз күнделікті тәжірибемізден көрудеміз. Саутгемптон университетінде оқыған барлық қазақ жастары үздік бағамен тәмамдап, жергілікті ұстаздар қауымының ризашылығына бөленіп келеді. Әрине, оңайлықпен келетін ештеңе жоқ. Дегенмен, намыс пен абырой қазақты әр уақытта алға жетелеген асыл қасиеттер. Ол баршамыздың бойымызда жетерлік. Тек соны бағалай алсақ мұратымызға жетеміз. Қазір қатарымызда жүргендер магистратура, телекоммуникация, халықаралық қаржы, қоғамдық саясат, білім беру және инженерия саласынан білім жетілдіруде.
20 жылдық мерейтойы қарсаңында «Болашақ» бағдарламасы стипендианттарының бірі ретінде біз де қатардан қалмай, лебізімізді білдіруді жөн көрдік. Әсіресе, алыста жүргенде елге, жерге деген сағыныш, аңсау ерекше болады екен.
«Болашақ» бағдарламасы – бұл аты мен затына сай терең ойластырылған, жүйелі жұмыс жасай алатын, табысты жетістіктерге жеткізетін, жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік беретін ұйым деп білеміз.
Нұрлан ҚҰЛМАНОВ,
Меруерт ЖЕТІБАЕВА.