Балалар бұрын-соңды бастарынан кешірмеген ыңғайсыз ырғаққа әлі үйрене алар емес. Осы орайда, Нұр-Сұлтан қаласындағы Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы індет жағдайында сабақты үйден оқып жатқан балаларға арналған сурет байқауын өткізуді жоспарлап отыр.
«Мектебімді сағындым» деп аталатын сурет жарысына Нұр-Сұлтан қаласында тұратын 12-14 жас аралығындағы оқушылар қатыса алады. Бәйгеге жіберілетін суреттер А3 форматында кез келген бояумен қабылданады. Жұмыстар 25 қарашаға дейін Юнус Эмре түрік мәдениет орталығына тапсырылуы керек.
Ұйымдастырушылар хабарлағандай, қазылар таңдайтын алғашқы ондыққа кірген шығармалар орталықтың әлеуметтік желі парақшасында 27 қараша мен 6 желтоқсан аралығында жарияланады. Ең көп дауыс жинаған 3 шығарма иесі жеңімпаз болып есептеледі. Жарыс қорытындысы 7 желтоқсанда белгілі болмақ.
Бәйге туралы толық ақпарат афишада көрсетілген.