Кино • 12 Қараша, 2020

Қазақ және Еуропа киносы: Негізгі тенденциялар мен ортақ пайым

606 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастырған V Еуропа онлайн-кинофестивалінің ашылуы өтті. Шығармашылық деңгейін дәлелдеп үлгерген белгілі кино режиссерлардың қатысуымен кино өнерінің бүгінгі тенденциялары мен заманауи байланыс негіздері талқыланды.

Қазақ және Еуропа киносы: Негізгі тенденциялар мен ортақ пайым

Фестивальдың ашылу салтанатына Еуропа Одағының Қазақстандағы елшісі Свен-Олов Карлссон, Италия елшілігінің мәдениет және коммерция мәселелері бойынша атташесі Эмилио Сесса және фестивальдың арнайы қо­нақтары режиссерлар Карло Д’Урси (Италия), Рейн Ранну (Эстония), Еуропа киноакадемиясының мүшесі Әділхан Ержанов (Қазақстан) және киносыншы Гүлнар Әбікеева қатысты.

Фестивальдың мақсаты – қазақ­стан­дық көрермендерді еуропалық киномен таныстыру, кинематографиялық өнер­ге қоғамның қызығушылығын арт­ты­ру, сондай-ақ халықаралық ынты­мақ­тас­тықты нығайтуды көздейді.

«Биыл біз алғаш рет Еуропалық ки­нофестивальды онлайн форматта өткізіп жатырмыз, бұл еуропалық киноны қазақ­стандық көрерменге одан да жақын және қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Фес­тиваль бағдарламасы драма мен комедиядан бастап анимациялық және деректі фильмдер сынды түрлі жанрды қамтиды. Еуропа киносы ешкімді бейжай қалдырмайтынына сенімдімін, өйткені ол қоғамның өткір әлеуметтік мәселелерін көрсетеді, адамдардың терең сезімдеріне қозғау салады. Бұл – біз жайлы, барлығымыз жайлы кино. Сондай-ақ қазақстандық кинематографияның қарқынды дамып келе жатқаны және еуропалық кинофестивальдарда беделді марапаттарға ие болып отырғандығы мені қуантады. Бұл бізге тәжірибе алма­суға және еуропалық көрермендерге қа­зақстандықтардың өмір-оқиғаларын көрсетуге мүмкіндік береді», деп атап өтті Еуропа Одағының Қазақстандағы елшісі Свен-Олов Карлссон.

 

Кинотеатрлар келешегі

Ал панельдік талқылау барысында бүгінгі кино мен көрермен үшін биыл түрлі қайшылық туындағанын, соған қарамастан жұмысын жалғастырып жатқан өндірістік жағдайдың келешегі туралы сөз қозғалды. Мәселен эстониялық режиссер Рейн Раннудың айтуынша, онлайн тұсаукесерлердің артықшылығымен қатар, кемшін тұс­тары да бар.

«Менің ойымша, барлығы онлайн режімде болмайды. Біз жақын күндері Эстонияда тағы бір фильмнің пре­мьерасын өткіземіз, бұл – пандемия жағдайындағы өндірістік жоба. Көп жағдайда онлайннан гөрі офлайн фильм қараудың оңтайлы тұстары басым. Мұнда ең бірінші қарым-қатынас алдыңғы орынға шығады», дейді ол. Кино мамандарының пайымдауынша, стриминг платформалар мен онлайн кинотеатрларға деген қызығушылық басым болғанымен, кинотеатрлық прокат құрдымға кетеді деуге негіз жоқ.

 

Ынтымақтасу мен іскерлік кезеңі

Ашық талқылау барысында елдер арасындағы кинематографиялық бай­ланыс пен қатынасты нығайту, кәсіби мамандарды продюсерлерге бір­лескен өндіріс ашатын жаңа серіктестік мүмкіндіктерімен таныстыру, сондай-ақ кәсіби қоғамдастыққа біріге іске асыру бағыттары бойынша тәжірибелер мен мүмкіндіктер жайы айтылды. Бұл рет­те белгілі режиссер Карло Д’Урси бір­лес­кен киноөндірістің мәдени ынты­мақтастықтан бөлек, қаржылық серік­тестікке әкелетін оң тұсын назарға алу керегін айтады. Карло Д’Урси – режиссер, продюсер, актер, киноиндус­трияда он жылдық тәжірибесі бар және 400-ден астам түрлі киносыйлықтардың иегері. Ол Канн, Ве­неция, Малага, Монреаль және өзге де кинофестивальдерді насихаттайтын Potenza Producciones продюсерлік компаниясын басқарады.

«Барлық кейіпкерлер, сюжет, ком­позициялық құрылым тұрғысынан өзге елдердің талғамынан шығуы тиіс. Яғни, табиғи бірлескен өндіріс қа­жет болса, сіздің еліңізді өзге мемле­кетпен бірік­тіретін берік байланыс болғаны жөн. Менің ойымша, жас режис­серлерге, продюсерлерге бірлескен өн­ді­рісті қандай құрылымда құрастыру керек­тігін түсіну маңызды. Мысалы біздің жағдайда Латын Америкасы ел­дерімен аралық келісімдер бар. Осы­ған байланысты белгіленген нақты ере­желер жұмыс істейді», деген ол мұн­дай ынтымақтастық шараларына Америка Құрама Штаттарына немесе Азия елдеріне қарағанда Еуропада мем­лекеттік тұрғыда қолдау басым еке­­нін атап өтті. Ал дискуссия модера­торы Гүлнар Әбікеева бірлескен өн­дірістің бұл тұсы Қазақстанда бір жолға қойылмағанын, десе де қазақ кино­гер­лерінің еуропалық қорлардың жарыстарына жиі қатысатынын жеткізді.

Қайталанбас айрықша қолтаңбасымен есімі Еуропа кинофестивальдерінде жиі аталатын, өзінің шығармашылық әлеуетін жан-жақты танытып жүр­ген режиссер Әділхан Ержанов кино­фес­тивальдардың жас киногерлердің шығар­ма­шылығына ықпалына тоқталды.

«Кез келген фестивальдың белгілі бір фильмдер нарығы болады. Кіші­гірім аймақтық фестиваль бола ма, ха­лық­аралық дода ма, маңызды емес, бастысы коммуникация мен іскерлік бай­ланыстарды нығайта түседі. Сіздің жобаңызды әлдеқалай байқап қалып, қандай да бір жаңа мүмкіндіктерге жол ашылар», деген қазақстандық режиссер фестивальдың халықаралық алаң екенін, жаһандық фильм түсіруге көмек­тесетінін айтады.

 

Қазақ киносы жаңа кезеңде

Өз алдына дербес салаға айналған кино өндірісті бизнес ретінде дамыту, бұл мемлекет экономикасының негізгі қозғаушы күштеріне айналып үлгерді. Фильмді тұтынудың әлемдік және жергілікті цикл­дары, сондай-ақ оның өсуіне әсер ететін факторлар да бүгінгі талқыдан тысқары қалмады. «Кино мәдени даму, дәл солай экономикалық даму екенін түсінуіміз қажет. Еуро­пада киноиндустрияға арналған эконо­микалық схема ретінде Үкімет қолдау көрсетеді әрі бұл мемлекет қоржынына салық ретінде қайтарылады, дейді Карло Д’Урси. Аталған пікірді Қазақстан жағдайымен сабақтастырған кинотанушы Гүлнар Әбікеева соңғы жылдары елдегі ұлттық кинематографияны қол­дау, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ұлттық мүддеге сай келетін сапалы фильм­дер шығару үшін жағдай жасалып жат­қанын тілге тиек етті.

«Үкімет алдындағы кинематограф­тар­­дың жауапкершілігі Францияда қалай жүріп жатқанына куәміз. Соңғы екі жылда бізде де мұндай өзгеріс бай­қа­лады. Ұлттық киноны қолдау орта­лығы ашылып, отандық фильмдерді тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем­де танымал ету бойынша жекелеген өндірушілерді де қамтып отыр. Ашық питчинг, кино индустриясына ин­вес­тиция тарту, қолдау көрсету – қазақстандық кино саласы үшін айтар­лықтай демократиялық өзгеріс болып отыр», дейді ол.

Жастар киносының бағыттары, көр­кемдік деңгейі және жаңа тенден­цияларға бой үйрету турасында сөз алған Рейн Ранну шағын бюджетпен фильм түсірудің оң тұстарына тоқталып өтті.

«Бюджет сіздің аудиторияңызға ықпал етеді. Жас кинематографистер 5-10 жылда көмек көрсетіп қалады-ау деп қандай да бір қорға қарап отырмай, еш­теңеге қарамай жұмыс істей бер­гені дұрыс. Киноны түсіріп қана қоймай, жұмыс барысынан тәжірибе жинақ­таудың өзі көп нәрсе үйретеді. Маған бұл қадам ұнайды. Сіз белгілі бір деңгейге жет­кенде қаржылық мүмкіндіктердің де орайы келіп қалады», дейді ол.

Қарашаның соңына дейін жалғасатын фестиваль аясында көрермен назарына Еуропа елдерінің 18 фильмі көр­сетіледі. Одан бөлек эксклюзивті пікір­та­лас­тар, шеберлік сыныптар және еуро­­палық, қазақстандық режиссерлар­мен кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылардың ай­туын­ша, кинофестивальдағы фильм­дер­дің дені – беделді халықаралық кино­фес­тивальдардың жүлдегері болып та­ныл­ған үздік туындылар. Канн кино­фес­тивалінің «Сын апталығының» Гран-при иегері – «Диамантино», Венеция кинофестивалі сыйлықтарының лауреаты – «Тель-Авив отта», «Әулие Георгий», сондай-ақ үздік режиссура және үздік актер санатындағы неміс киносыншылары қауымдастығы сыйлығының лау­реаты – «Вестерн», Флоренция кино­фестивалінің жеңімпазы – «Sawah», деректі фильмдердің Амстердам және Мадрид халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы – «Бейтаныс жәннатта», Киев кинофестивалінің жасөспірімдерге арналған фильм бағдарламасының бас жүлдесінің иегері – «Тым алыс» сынды көркем туындылар көрсетілмек.

Фестиваль бағдарламасын 70-ші Канн кинофестивалінде әлемдік пре­мье­расы болған италиялық режиссер­ Йонас Карпиньяноның «Чамбра» фильмі ашты. Каннда бұл кинотаспа үз­дік Еуропа фильмі үшін «Europa Labels» жүл­десіне тағайындалып, кейінірек Ита­лияның ұлттық «Дэвид ди Донателло» киносыйлығының екі сыйлығына ие болған еді. Сондай-ақ фильм 90-шы «Оскар» салтанатында «Үздік шетел тіліндегі фильм» номинациясы бойынша Италиядан таңдалғаны тағы бар. «Чамбра» – Италияның оңтүстігіндегі Калабрияда тұратын сығандар қауымынан шыққан жасөспірімнің қалыптасуы мен жетілу тарихын баян етеді.

Фестиваль шымылдығы 28 қа­ра­шада эстониялық кинорежиссер Рейн Раннудың «Жалғыз мүйізді қуу» көр­кем фильмімен жабылмақ. Фильм эсто­ниялық эко-стартаптардың шынайы оқи­ғаларына негізделген және Эстониядан Кремний алқабына дейінгі бірыңғай ерлер басқаратын технологиялар әлемін бағындыруға тырысқан әйелдің өмір жолынан сыр шертеді. Аталған фильмдердің барлығы түпнұсқа тілде көрсетіліп, орыс және ағылшын тіліндегі субтитрі қоса беріледі. Фильмдерді тегін көру тек Қазақстан аумағында www.festivalscope.com веб-сайтында 2020 жылдың 9 – 29 қараша аралығында тіркелгеннен кейін қолжетімді болмақ. Айтпақшы, фестиваль аясында апта сайын өзіңізге ұнай­тын фильм туралы үздік пікірге ар­налған байқау өтеді. Жеңімпаздарға ки­но­фестивальдың логотипі бар арнайы фир­малық сыйлықтар беріледі.