Таным • 12 Қараша, 2020

Қуандықтың әні

511 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

1920 жылдың наурыз айының соңында Ақтөбе губерниясы Тастыбұтақ болысының (қазіргі Хромтау ауданының Қопа ауылы) 24 жастағы жас жігіті Қуандық Жездібаев Орынбор қаласына екі жылдық педагогикалық оқуға барады. Сол жылдары жан-жақтан келген қазақ студенттері кезектесе оқу орындарында театрлық қойылымдар ұйымдастырып, Орынбордың өмірін қыздырып жататын. Бір күні мұғалімдер даярлайтын институттың студенттері «Алтын сақа» қойылымын сахналағанда, арасында Қуандық домбырасымен «Харидай-ау» әнін шырқайды. Сол жылдары Қырғыз ССР Халық ағарту комиссариаты мен «Қырғыз өлкесін зерттеу Қоғамының» тапсырмасымен қазақ әндерін жинақтап, нотаға түсіруді бастаған Александр Затаевич студенттер жиналатын жерге жиі барады екен. «Алтын сақаны» тамашалап отырып, ерекше мақаммен ән шырқаған қоңыр дауысты көрікті жігітті өнер зерттеушісі қатты ұнатады.

Қуандықтың әні

 

Тағдырлы ән – «Харидай-ау»

1925 жылы Орынбордағы «Қыр­ғыз мемлекеттік баспасынан» жарық көрген «Қырғыз халқының 1000 әні» жинағының алғысөзінде халық әндерін әуелгіде А.Байтұрсынов, Ә.Жангелдин, М.Саматов, С.Сейфуллин, И.Алдоңғаров, Ж.Аймауытов, Ә.Бөкей­ханов, Б.Майлин, Қ.Медетов, А.Ораз­баева, Ә.Қостановтан, кейіннен Орынбордағы рабфак, кеңестік партия мектебі, кавалерия мектебі, Қырғыз Ха­лық ағарту институты, Әскери-сая­си және мал дәрігерлік курс­тарда оқитын студенттер мен курсанттардан, тыңдаушылардан жазып алғанын айтады. Затаевич Каспий жағалауынан Орынбор қаласына тұз, тұздалған балық, жағармай таситын кірешілерден, базарда жүрген кезбелер мен қайыр сұрап жүрген тіленшілерден де ән сұраған.

«Кувандык Джездыбаев слушал в 1920-21 годах Педагогические курсы в Оренбурге. Симпатичный певец, обладающий небольшим, но очень приятным тенором и исполняющий свои песенки чрезвычайно тепло и сердечно. Случилось так, что никто иной, как именно Джездыбаев, а в частности – «конек» его исполнений – трогательно нежный и поэтический «Харидаяу», здесь приводимый (он исполнял его, аккомпанируя себе на домбре, в одном из киргизских концертов, где я его впервые и услышал), раскрыл мне глаза на неизведанные красоты киргизского музыкального творчества и окрылил решимостью посвятить свои силы собиранию киргизских народных песен» деп, Қуандық Жездібаевтан «Харидай-ау», «Адасқан», «Айжан-ай», «Қарындасым», «Сырымбет», «Қараторғай», «Айхай, арман» әндерін жазып алғанын хабарлайды.

Затаевичке ерекше ұнаған «Харидай-ау» әні – Абайдың әні! Неге десеңіз,

«Көңілім менің қараңғы.

Бол, бол, ақын!

Алтынды домбыраңмен

келші жақын.

Ішек бойлап, он саусақ жорғаласа,

Бейіштің үні шығар қоңыр салқын.

Егер сорым түбімен әкетпесе,

Керек қой көңілді үміт тебірентсе.

Қатып қалған көзімде бір тамшы жас,

Төгілмей ме бой жылып, ол да ерісе?!» деген жолдар М.Лермонтовтың «Ев­рейская мелодия» өлеңінен 1892 жылы Абай тəржімалаған нұсқа. Лер­монтов Байроннан аударған. Осы шумақтар 1909 жылы Санкт-Петербургте жа­рық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құ­нанбайұлының өлеңі» жинағында бар. Ақын жанының алай-дүлей буыр­қан­ған сезімін астарлаған осы 8 шумақ Жездібаевтан «Харидай-ау» әні болып төгілген.

Тастыбұтақ болысының мұғалім жігіті елге кеткенше Затаевичпен байланысын үзбейді. Қуандық Жездібаевтың немере қарындасы Шолпан Жақсы­лы­қованың айтуынша, Затаевич оны Сәкен Сейфуллинмен таныстырған. Сол жылдары Халық ағарту комиссариатында қызмет істейтін Сәкен студентті қызметке шақырған. Затаевичтің үйінде қонақта отырып Сәкеннің домбырасымен ән айтқанын, төргі бөлмесінде қатар тұрған үш рояльдің бірімен Александр Викторович қонақтарға кішкентай қызы­мен бірге музыкалық шығарма орындап бер­ген екен.

«Харидай-ау» – тағдырлы ән. Абай­дың ұмытылған бір әні болар... Бүгінде осы әннің орындаушысы жоқ.

 

«Ойыл ісінің» құрбаны

1922 жылдың жазында Орынбордан елге оралып, өмір жолын өнер сахнасына бұруға бел байлағанда, әкесі Алтынбай қарсы шыққан. Әкесіне «Әншілікке жібермесең, әйел аламын» деп шарт қойып, көрші Құдықсай ауылындағы сүйген қызын алып қашады. Кеңес өкі­метінің алғашқы жылдарында қазақ жас­тары не милиция, не мұғалім болуға ерекше құмар екен. Қуандық Жездібаев 1923 жылдың 1 қаңтарында Ақтөбе уездік қалалық милиция бастығының көмекшісі болып қызметке кірген. Жарты жылдан кейін Ырғыз уездік милиция бастығы, 1924 жылдың басынан Ақтөбе губерниясы ОГПУ бастығының көмекшісі, содан кейін губерниялық про­курордың көмекшісі болып жиі қыз­мет ауыстырып, ел ішіндегі ұжым­дастыру, ауқат­тыларды тәркілеу науқанының бел ортасында жүреді.

Бұл кісінің мансап жолына кедергі келтірген, әрі қарай тағдырының бұра­лаң болуына әсер еткен – байларды кәмпескелеу кезіндегі аласапыранды оқиғалар. 1927 жылдың қыркүйек айын­да Адай округі құрылады. Оның құрамына Ақтөбе губерниясы Темір уезінің бірнеше болысы мен Адай уе­зі кіріп, әкімшілік орталығы – Ойыл кен­ті болып бекітіледі. Қуандық Жезді­баев 1928 жылдың 2 тамызында Адай округінің прокуроры қызметіне та­ғайын­далған. Алайда кәмпескелеу науқанының солақай саясаты елдің қарсылығын күшейткен тұста, 1929 жыл­дың 11 сәуірінде округ таратылады. Саяси террор деп бағаланған «Ойыл ісі» бойынша қылмыстық іс қозғалып, Адай округінде қызметте болған көпшілік азамат атылып, айдалып, сотталады.

Қуандық Жездібаевтың баласы Бақ­тияр Алтынбаев әкесінің айтқан­дарын былай деп еске алады: «Әкем РФ Кемеров облысының губернаторы Аман Төлеевтің әкесімен 1928 жылы Ойылда бірге қызмет еткенін айтып қалған еді».

Содан ол 1929 жылдың көктемінде Түр­кістан қаласына партиялық қызметке ауысады. Бірақ мұнда да көп тұрақтамай, 1931 жылы жазда Меркі ауданында жаңадан ашылған «Аспара» қаракөл тұқымды қой өсіретін шаруашылық директоры болып бекітіледі.

 

Әулиеатадан – Сібірге дейін

«Елде – ашаршылық. Атам 1931 жылы Қопа ауылында тұратын әке-шешесін, туған ағасы – Жақсылықты отбасымен Меркіге көшіріп алып кетеді. 1935 жылы облыстық тұтынушылар одағының басшысы болып Шымкентке көшіп келгенде, үй-ішін қайта Ақтөбеге көшіріп жібереді. Бұл кезде әкемнің әйелі қайтыс болған. Одан екі жас бала бар. Атамыз Шымкентте Орынбордан келген орыс қызына үйленіп, одан Арыстанғали есімді ұлы болады. 1937 жылы атамызды кеңсесінен тұтқындап алып кеткенде, осы баласы 3-те екен. Атамызды 10 жылға соттап, этаппен Сібірге айдалады. Жол бойы қиындық көріп, орман ішіндегі лагерьге жаяу-жалпылап әзер жеткен сотталғандарды күнде таңертең жалаңаяқ, іш киіммен қатарға тұрғызып, әрбір он бірінші адамды ататын болған. Кейінгі жылдары атам лагерьде сотталғандар арасында театр ұйымдастырады. Сібірде 9 жыл жазасын өтеп, ауылға 1946 жылы оралғанда, оның ағасы Жақсылық та соғыстан енді келген уақыты екен. Ал үлкен әжеміз –Дәмелі бір баласы айдаудан, бір баласы майданнан қатар оралғанда, бұлар келместен үш ай бұрын өмірден өтіп кеткен», дейді Шолпан апай.

 

Арыстанғали – Лев

Бұл кісі сотталып кеткенде, әйелі үш баланы алып, Орынбор облысының Адамов ауданында тұратын төркіндеріне көшіп кетеді. Өзінен тумаған екі баланы жолай Ақбұлаққа тастап, Арыстанғалиды алып бөтен адамға күйеуге шығады.

«Әкем лагерьден оралғанда, ауылда тұрақтатпаған соң Қызылордаға келіп, Тереңөзек ауданында жүн-тері өткізетін мекемеде жұмыс істеп, отбасын құрады. Алайда анам менің бес жасымда өмірден өтіп кетеді. Жетімдер үйіне тапсырылған ұлы Әділбек пен қызы Ғалия 1943-44 жылдары Орынбор облысы Ақбұлақ ауданындағы балалар үйінде қайтыс болған. Олардың дерегін әкем іздестіріп жүріп, әзер тапқан. Кіші баласын да қатты іздеді. Астраханда тұратын әйелі әкемді Арыстанғалиға жолатқан жоқ: «Ол басқа адамды әкем деп санайды, баланың мазасын алма. Оның жағдайы жақсы, оқуы да жақсы», деп бір ақ рет хабарын берген. Әкем өлерінің алдында «Баламды көрсетпеді» деп бұрынғы әйелінің үстінен сотқа арызданған екен.

Есімі Левке ауыстырылған Арыстан­ғали бауырым – Лев Васильевич Жу­равлев қазір Владивостокта тұра­ды. Мен әкемнің тірі кезінде жете ал­ма­ған арманын орындап, 2006 жылы Владивостокқа отбасыммен іздеп бардым. Жасы сексеннен асқан, жалғыз тұрады. Қиыр Шығыс техникалық университетінің доценті, ғылым кандидаты, балық шаруа­шы­лығының маманы. Кейінгі әкесі оқыт­қан, шешесі жақсы тәрбиелеген, бірақ тегінің қазақ екенін айтпаған. Лев ағам үйінде отырып, тордың неше түрін тоқиды екен. Бізге жастайынан әке-шешесіне ұқсамайтынын сезіп өскенін айтты. Бала кезінде ата-анасымен поезда кетіп бара жатқанда, Астраханның ноғай, башқұрттары оны бауырларына тартып, мейіріммен сөйлесетіні есінде қалған.

Тереңөзекте зейнеткерлікке шығып, әкем Ақтөбе қаласына көшіп келгеннен кейін 1960 жылы қайтыс болды. Әкем тірі болғанда, сонау 1930 жыл­дар­дың естелігін хатқа жазып, құнт­тар ма еді. Сібірден жазасын өтеп елге келе жатқанда, поезд үстінде өлең жа­зылған қалың дәптерін ұрлап кеткен. Қазір қолымда әкемнің 1944 жылы Сібір­­ден қарындасы Сараға жазған хаты сақтаулы. Оқыған сайын Сібірде оты­­рып, балаларынан хабар ала алмай қарс айрылған әке жүрегінің дүрсілін сезі­немін.

 

«Саражан, денің сау ма, тән саламат?

Тез барып тигей еді жазылған хат.

Ұйқыдан қорыққандай шырт оянам,

Есіме түскен кезде ел, азамат.

 

Хат жаздым хабар үшін, қарындасым,

Көкеңнің ой қысады қабырғасын.

Күн-түні сіздерді ойлап сарғаямын,

Болмаса, қор бола ма, жалғыз басым?

 

Арнаулы сәлем айтшы, Ғалияға,

Адамзат көзі тоймас дүнияға.

Ой түсіп, оңға келмей қалып еді,

Түскендей жалғыз түсіп дарияға.

 

Есімнен еш кетпейді балаларым,

Түскендей төрт аяқтан тағаларым.

Мамырлап жүре алмаймын

бауырым еріп,

Қан толып, қылғындырып жаға­ла­рым.

 

Әділбек, Ғалиямен қарағым- ай,

Жазылман бұл қапестен қаралып ай.

Жас толып көздеріме, жүрек қайнап,

Кетеді көзім алды қарайып-ай!

 

Етпесе маған өкпе жарар еді,

Жүрегім сол кездерде жаралы еді.

Көрген күн Ғалиямен құшақтасып

Жүрегім қақ айырылса жарар еді!

 

Амал жоқ, үміт кештім Әділ жаннан,

Айрылдым туған аға Жақа жаннан.

Жақсымды қолда қоймай

талап ал­ды-ау,

Басқасын қалдырмай-ақ

шыбын жан­нан»,

дейді Бақтияр Қуандықұлы.

Шолпан Жақсылықова ертеректе Ақтөбеде көшеде келе жатқанда, бей­­та­­ныс әжейдің өзін тоқтатып: «Ай­на­­­лайын, танып тұрмын, сен Жақ­сылық­­тың қызысың, Қуандықтың қа­рын­дасысың ғой. Аштық жылдары Қуандықтың Шымкенттен елге екі вагон бидай жіберіп, біраз жұртты ажал құр­сауынан аман алып шыққанын кейін­гілер білмейді ғой», деп айтқанын есіне алады. Заманның тарлығынан әншілік қырын да аша алмаған, талантын да жарқырап көрсете алмаған, балаларынан айырылған, жүйе сындырған – тағдыр бұл. Бұл – қызыл өкіметке адал қызмет етуге талпынып, қанаты қайы­рылған тағдыр. Қиындыққа мойымай, алға ұмтылып, ұрпақ тәрбиелеп, адал өмір сүрген талантты әнші Қуандық Жез­дібаевтың соңында адал ұрпақтары мен За­таевичке жаздырған «Харидай-ау» әні ғана қалды. Нотасы «Қазақтың 1000 әні» жинағында тұр... Бағын жандырар әншісі табылса, Абайдың ұмытылған әні мен арманда кеткен жезтаңдай әншінің аты шығар еді.

 

АҚТӨБЕ